«Мен – мұсылманмын, бірақ, мен – қазақпын!»
«Мен – мұсылманмын, бірақ, мен – қазақпын!»
06.03.2018 12:46
596
0

...Ұлы Абай «Шығысым Батыс болып кетті» деген екен бір кезде. Мәдениет пен пәлсапаны, өркениетті меңзегені ғой. Ал, сол жартылай христиандық, жартылай зайырлы Батыс өркениеті бұл күнде шығыстанып, исламданып барады. Бұл – араға 15 ғасыр салып, қайталанып отырған әлемдік миграцияның әсері. БҰҰ-ның осыдан 3 жыл бұрынғы мәліметі бойынша, әлемде 214 миллион мигрант бар екен. Солардың біршамасы Еуропаны мекендеп отыр. Азия мен Африкадан уақытша көшіп келіп, тұрақтап қалған олар ендігі сәтте өздерін еуропалық санайтын болды. Олар, тіпті, Еуропа елдерін өз заңдарын өзгертуге мәжбүрлеуде. Есіктен кіріп, «төр менікі» дейтінді шығарды, пәлі. Француздар айтпақшы, «сэ ля ви!» – өмір солай...

* * *

...«Қазақ болмай қалудан қорықпаңдар, мұсылман болмай қалудан қорқыңдар, қазақтар!» десем... біреулер: «мынауың не деп айтып отыр, есі дұрыс па өзінің?» деуі мүмкін.

Шамасы, жазушы Дулат Исабеков ағамыз дінге қатысты кейбір «оғаш пікірлерімен» сондай бір ортодокстардың қытығына тисе керек, тіпті қоймағасын, Abai.kz ақпараттық порталының интернет-конференциясында (15.05.2011) былай деп жауап берген екен:

«Ал, сізге оғаш боп көрінген пікірлерім болса айта кетейін – «дініміз өзгерсе, өзгерсін» деп мен еш жерде айтқан емеспін. Әсіре діншілдердің тым діндар боп, дінді ұлттан жоғары қоятынына қарсы болдым. Қазақтың бүкіл болмысы мен мәдениетін тек исламға апарып тіреп, қазақ мәдениетін исламнан кейінгі нәтиже деп қарайтындарға қарсылық білдірдім. Исламға дейін де қазақта мәдениет болды ғой, оған дейін төрт аяқтап жүрген мал емес едік қой. Дін – ұлттың ұстанған басты нанымы, қағидасы, идеологиясы. Егер ұлт болмаса, дін өз алдына өмір сүре алмайды ғой. Әрбір дін белгілі бір ұлттың басты сенімі болған философиялық негіз болса, сол дін сол ұлттың өмір сүру салтына лайықталады. Қазір әсіре діншілдер біздің ғасырлар бойы айтып, жазып келген қасиетті сөзіміз «Алланы» табан астынан «Аллах» деуге көшті. Кеңес үкіметінің кезінде орыстар «Алла» демей «Аллах» деп жазып келгенде, бәріміз ызаланып, «Алла» деп әйелдеріне ат қойып келген олар «Аллаға» келгенде, неге «х» әрпін қосады» деп талай сынағанбыз. Енді өзіміз «Аллахқа» көше салдық. «Адамның басы – Алланың добы» деп ғасырлар бойы мақалдатып келген қазақ, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп жазған өзіміздің төл сөзімізді қайта жазамыз ба?

Кейбіреулер: «Басқа діннің адамдары исламды қабылдап жатыр» деп қуанады. Әрине, ол қуанышты жай. Бірақ, олар араб мәдениетін қабылдаған жоқ қой. Олар араб киімін киіп, арабша өлең айтып, араб поэзиясын түпнұсқадан оқи алмайды ғой. Сондықтан да, мен ең әуелі өз ұлтымды, қазағымды жоғары қоямын. Ұлт болмаса, тіл де, дін де болмайды. Осы пікірімді көп адам ұшқары түсінеді екен. Ал, «қазақ болмаса, болмай-ақ қойсын, дін аман болсын» деген қағиданы ұстанатындар болса, олардың ұлттық санасын үшкірік шалған деп түсінемін. Ал, Ислам – біздің мемлекетіміз бен ұлтымыздың ажырамас бөлігі, басты діні».

* * *

Расында да, есептеп көрсек, қазақ исламды қабылдағалы әрісі 1,5 мың (ислам діні тарай бастаған уақытты «дөңгелектеп» алсақ), берісі 1000 жыл өтіпті. Оның алдындағы неше мың жыл (жазушы Әнес Сарайдың есебі бойынша, 22 мың жыл) бойы мәдениетсіз, жабайы болғанбыз ба, сонда? Ағылшын ғалымдары қазақтардың жылқыны 5 мың жыл бұрын қолға үйреткенін мойындап отыр. Археология дәлелдеп отыр оны. Сонда деймін-ау, біздің қымыз ішіп келе жатқанымызға неше мың жыл өткен? Бұл – мәдениеттің биік шыңы болып табылатын өркениеттің нақ өзі, керек десең! Оу, петроглифтеріміздің (кәдімгі сурет салу өнері) өзіне 15 мың жыл болғанда, басқасын айтып не керек? Өмір салты осыншама уақыт бойы қалыптасқан қазақтың (ол кезде қазақ атанбаса да) өз діні болмағандай көретіндер бар, ең сорақысы. Бізге белгілісі – тәңірге табынған (Алтай қазақтарының арасында әлі күнге дейін тәңірге табынатындар бар көрінеді). Оның алдында не түрлі тотемдерге табынғаны және белгілі. Бұлардың жұрнақтарын алысқа бармай-ақ ауыз әдебиетінен кездестіруге болады...

* * *

«Араб мәдениеті – бұл әлі ислам мәдениеті емес» деген Тарик Рамаданның сөзінің жаны бар. Жалғыз қазақ емес, арабтың да исламға дейін өзіндік мол мәдениеті болған. Мәселе онда да емес. Айтарым – ислам мәдениеті кез келген ұлт мәдениетін толықтыруы, молайтуы мүмкін, алайда, ол ешбір ұлттың мәдениетін алмастыра алмайды. Исламды нешеме ұлттар қабылдап жатса да, олар өздерінің салт-дәстүрлерінен бас тартқан емес.

Және де бұған қоса айтарым – ислам мәдениеті арабтардың меншігі емес, ол – көптеген ұлт пен ұлыстың ортақ игілігі. Әсіресе, түркі халықтары оған орасан зор үлесін қосты. Осман түріктері исламды одан әрі байыта түсті.

Қазақ ойшылдарына келсек, исламның ілім ретінде қазақ топырағында дамуына титтей болса да үлес қосты деп, ортағасырлық ғылым мен философияның көрнекті өкілдеріне айналған Әл-Фарабиді, Жүсіп Баласағұнды, Махмұд Қашғариды, Мұхаммед Хайдар Дулатиді тілге тиек етсек, одан беріде Қожа Ахмет Йассауиді, Бұқар жырауды, Абайды, Шәкәрімді, Мәшһүр Жүсіпті, Ғұмар Қарашұлын айтсақ керек. Бірақ, сол мұраның өзін қажетсініп отырған жалпақ қазақ жоқ.

* * *

Қазаққа керегі – күрделі ілім сапасындағы ислам емес, қарапайым қолданыстағы ислам. Оның өзі күнделікті өмір салтына қайшы келмесе болғаны. Намазын бірде оқып, бірде оқымай, оразасын бірде ұстап, бірде ұстамай, «құдай өзі кешірер» деп қойып, құран оқыса, «фатихадан» кейін әруақты қосып, нақа бір қатты қысылғанда болмаса, «құдай өлтірмейді» деп арқасын кеңге салып жүре береді сосын. (Сөз арасында айта кетейін, оңтүстіктің қазағы көбінше «құдай» сөзін пайдаланып, «құдай қаласа» (бір нұсқасы – «құда қаласа») десе, солтүстіктің қазағы «алла жазса» дейді, батыстың қазағы «алла қосса» десе, шығыстың қазағы «тәңір берсе» (бір нұсқасы – «тәңір жарылқаса») дейді. Осының өзі біраз нәрсені аңғартады. Ал, әруаққа (бір нұсқасы – «аруақ») сыйыну – бар қазаққа тән). Зады, қазақ дінге емес, дін (ашығын айтқанда, Жаратқан Алла) қазаққа қызмет етуі керек сияқты. Оны қожа-молдаларға көзқарасынан-ақ байқауға болады. Әсіресе, қазіргі шетелден (болмаса өзімізде-ақ) оқып келген жас молдалардың көпшілік отырған жерде уағыз айтуын «ақылдымсуын» деп жаратпай отырады. Бірнеше сүре қосып, құранды ұзағырақ оқыса да, шыдамсыздық білдіріп жатады...

* * *

«Алланың үйі ғой» деп әспеттеп, мешіттердің саны көбейген сайын қуанамыз. Байқаймын, мешітке жастар жиі барады. Жамағатпен бірге оқитын жұма намазға да көбінше отызға толмаған жастар қатысады, орта жастағыларды сирек көресің. Өзіммен қатар құрбы-құрдастарымның ішінде намазға жығылғандары некен-саяқ. Десем-дағы, соған қарап, жоғарыдағы статистикаға күмән келтіріп, күнәға батқым жоқ. Өйткені, қай қазақ болсын (ешбір дінді мойындамайтын 98 мыңнан астам қазақты қоспаймын), өзін «мұсылманмын» деп есептейді.

* * *

«Қазақстан қажылары» діни бірлестігінің төрағасы Бақтыбай Айнабеков: «Алла о баста бәрін мұсылман етіп жаратқан», – деп айтады. Осы ағамыз 2009 жылы «Фәлсафа – Алланың аян ілімі» атты кітап шығарып, фәлсафа ілімінің қазақ халқына қаншалықты қажеттігін жеткізген болатын.

«Ендігі жерде бізге «Жаңа заман философиясы» сияқты «Жаңа заман фәлсафасы», Әл Киндиден – Әл Машаниге дейінгі әлемдік фәлсафа ілімінің, мұнымен қатар, Әл Фарабиден – Әл Машаниге дейінгі қазақ фәлсафасының тарихы керек. Бұл аралықта Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашғари, Ахмет Яссауий, Ахмет Йүгінеки, Сүлеймен Бақырғани, Мырза Мұхамед Хайдар Дулати тағы басқалардың фәлсафаларымен танысамыз. Бұдан соң қазақ фәлсафасының типологиясын белгілеу қажет. Әлбетте, ілімдегі қазақ деген сөзді бұрын естімегендер шоршып түсуі мүмкін. Дегенмен, типологияның өлшемдері тарихи, географиялық, аймақтық немесе ұлттық болса, қазақи өлшем неге естен шығуы тиіс. Бұл да оңай шаруа емес. Қазақта ерекше ойлау менталитетіне ие болғандар баршылық қой. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ ойшылдары Абай, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов тағы басқа даналар міне, сондай ойшылдарымыз және алғаш мектеп табалдырығын арабша имани білім алумен ашқандар. Олар ой еркіндігін өз дүниетанымының басты принциптерінің бірі етумен бірге жаңа ұлттық ояну фәлсафасын ұсынғанын да ұмытпауымыз керек. Жалпы, жаңа ілім Қазақстан сияқты жаңа мемлекетте өркен жайып жатса, елдің имани гүлденуіне мүмкіндік мол болмақ», – деп түйіндеп еді ол бір мақаласында.

Философия десе, құлағым елең ете қалатын мен «қазақ фәлсафасы» дегенге тіпті де елпілдеп, жаңа бастаманы қуана қарсы алып едім. Бірақ, өкініштісі сол, бұған біздің «классик» философтарымыздың құйысқаны көтеріле қоймады. Соған нәумез болдым...

* * *

«Ұлт болмаса, тіл де, дін де болмайды». Дулат ағамыздың өзінің көзге көрінбейтін оппоненттеріне осыны ұқтыра алмағанындай, мен де әлдекімдердің исламды көкке көтере дәріптеп, қазақты жерге кіргізе тұқыртып айтатын әңгімесін естігенде, «Мен – мұсылманмын, бірақ, мен – қазақпын!» деп дәлелдеп әлек боламын.

Жұбан Молдағалиевтің атақты «Мен – қазақпын!» атты жыр дастанында мынадай да жолдар бар ғой:

«Қазақпын» деп қаңбақтай көшіп жүрмен,

«Мұсылманмын» деп және сәлде кимен.

Мен – қазақпын жаныммен, жүрегіммен,

Еңбек өмір, ер өмір, жыр өмірмен.

Асылы, сәлде киіп, сақал қою – ислам мәдениеті ме? Жүрегінде иман болса һәм өлердегі ең ақырғы сөзі «лә иләһа иләла» болса, қазақ болмай-ақ, жаннатқа кіретінін кез келген адам біледі. Қалай да, мұсылман болу оңай, қазақ болу қиын!

* * *

Кезінде оның орындауындағы әндерсіз ауылда тойлар өтпейтін Дәрібаевтар ансамблі соңғы 1-2 жыл көлемінде «Қазақтың қаны» атты марш мақамындағы өздері шығарған әнін шырқап жүр. Ғаламторда оңай табылатын сол әнге жастар «патриоттық жаңылтпаш» деп лақап ат қойыпты. Әрине, оны Жұбан ақынның жырымен теңестіре алмайсың. Десем-дағы, еріксіз езу тартып тыңдасам да, жүректі елжіретерліктей екен.

Бабам қазақ болмаса, атам қазақ бола ма?

Атам қазақ болмаса, әкем қазақ бола ма?

Әкем қазақ болмаса, мен қазақ боп өсем бе?

Мен қазақ боп тумасам, бақытты өмір кешем бе?..

serke.org

Жан ТІЛЕУ

0 пікір