МАХАББАТҚА ТОЛЫ ЖҮРЕК КЕШІРІМДІ БОЛАДЫ
МАХАББАТҚА ТОЛЫ ЖҮРЕК КЕШІРІМДІ БОЛАДЫ
29.05.2020 12:17
506
0

Қарт әрі жаны қиналған бір ауру Маруф Кәрһи Хазіреттің үйіне қонаққа келеді. Бишара адамның шашы түскен, реңі солған, жаны тәнін тікендей жаралаған. Маруф Кәрһи Хазірет төсек салып, науқастың дем алуына жағдай жасайды. Науқас ауруының жанына батқаны сонша, ыңырсып жанын қоярға жер таппайды. Ол таң атқанша өзі ұйықтамағанымен қоймай ыңырсып, үй ішіне ұйқы бермейді. Тіпті, барған сайын ақылынан адасып, қарсы шығып, мазалай бастайды. Ақыры оның бұл жағымсыз мазасыздығына шыдай алмаған үй иелері бір-бірлеп басқа жаққа қаша бастайды. Үйде науқас пен Маруф Кәрһиден басқа ешкім қалмайды.

Маруф Кәрһи түнімен ұйықтамай, ол науқастың қажетін өтеп, оған қызмет етемін деп, дамыл таппайды. Есесіне күндіз ұйқысы келіп, еріксіз ұйқыға кетеді. Оның ұйықтағанын көрген ғапыл науқас өзіне мейірім мен сүйіспеншілік құшағын ашқан бұл салих адамға рақмет айтудың орнына қарсы шығып, өз-өзіне:

- Бұл не қылған дәруіш?! Онсыз да мұндайлардың сырттай атағы жетерлік. Шындығында жалғаншы. Барлық ісі бос. Бұлардың сырты таза болғанымен іші лас. Басқаларды тақуалыққа уағыздайды. Ал, өздері орындамайды. Сол сияқты мына адам да менің халімді ойламай, ұйықтап жатыр. Өз қарнын тойдырып ұйықтаған адам, таң атқанша көз ілмеген мен сияқты бишара науқастың халін қайдан білсін! - дейді.

Маруф Кәрһи оның бұл уәжін естіп қояды. Сонда да сабыр етеді. Естімеген болады. Бірақ, сабыры біткен әйелі шыдай алмай Маруф Кәрһиге:

- Мына ақымақтың не айтқанын естідің ғой. Енді оны бұл үйде тұрғызба. Бізге бұдан артық жүк болып, саған ауыртпалық салуына рұқсат етпе. Айт, бұл жерден кетіп, басқа жақта өз басының қамын ойласын. Жақсылық қадір білетін адамға жасалады. Ұқпайтындарға жақсылық жасау - жамандық. Оларды одан бетер аздырады. Жаман адамның басының астына жастық қойылмайды. Мұндай залымдардың басы тас үстінде жатуы керек, - дейді.

Әйелінің бұл сөздерін үнсіз тыңдаған Маруф Кәрһи күлімсіреп:

- Ей, бәйбіше! Оның айтқан сөздеріне, сен неге ренжисің? Айқайласа маған айқайлады. Тәрбиесіздік жасаса, маған жасады. Оның ұнамсыз сөздері маған ұнайды. Оның үнемі жаны қиналғанын көріп тұрсың. Қарашы, байқұс бір сәт те болса, ұйықтай алмады! Сен нағыз мықтылық, нағыз мейірім мен сүйіспеншілік осындай адамдардың осындай ауыртпалықтарын көтере білу екенін білгейсің, - деді.

Қызметтегі ұлылық - өзің күшті-қуатты әрі денсаулығың жақсы болған кезіңде шүкірлік ете отырып, әлсіздердің жүгін көтере білуің.

 

 

 

0 пікір