...КҮНӘЛАРЫМДЫ КЕШІРЕ ГӨР!..
...КҮНӘЛАРЫМДЫ КЕШІРЕ ГӨР!..
09.02.2019 10:10
250
0

Тәуелсіз Қазақ елінің шығысынан солтүстігіне дейін созыла ағатын Ұлы Ертіс өзенінің  жағалауында сап түзеген көрікті шаһар - Керекудің кең көшелерінің бойындағы көп қабатты үйлердің біреуінің балконынан жан – жағына қарап тұрған Қайраттың көңілі дәл осы сәт алай- түлей еді.

  Қайратқа өзінің таң атырса, күн батыра алмай, күн батырса, таңды атыра алмай әлекке түсіп, тамаққа да зауқы соқпай, аруақтай сүлдері  ғана қалып жүдегенінен бері сан жылдар өткендей сезілді. Кей - кейде өзінің ақыл - есі шала мас адамдай кіресілі- шығасылы болып қалатынын да сезеді.

Қала өмірінің дауылдай  ұйытқып, қарлы борандай   бір үдеп, бір басылып тұратын, немесе бұрқырап жауып, сіркірей басылатын жаңбырдай табиғаттың табиғи түрдегі уақытылы құбылысы сияқты толассыз қозғалысынан қалыспай кең көшесімен кердеңдей басып, жүрдек иномаркамен жүйткітіп жүретін  Қайрат  үш айдан бері жынынан айырылған бақсыдай меңірейіп қалған еді. Былай қарасаң есі түп-түзу. Бірақ жанарында  бұрыңғы ұшқын атқан нұр жоқ, меңіреу, тұңғиық. Ешбір тіршілік белгісі білінбейтін өлі жанармен маңайындағыларға мөлие қарап, олар бірдеме десе үн-түнсіз меңірейіп отыра беретін күйге түсті.  Қайрат өзінің ақыл- есі орнында екенін білетін.  Бастапқыда өзінің  ішкі сарайында бір қуыс  орын пайда болып жанын жегідей жей бастағанын сезетін. Неге екенін өзі де түсінбейді басқаларға сөз қатып тілдесейін,  бірдеме айтайын десе ішкі қуысына ұя салып алған әлгі пәле жағын аштырмай қинайтын.  Бірақ беймәлім бір тылсым күш өзінің ерік- жігерін буып қимылдатпай, сөйлетпей тұратындықтан дәрменсіз күйге түскені сондай, кейде асылып немесе балконнан секіріп өле салғысы да келген кездері болды.

Қазір таңғы қарбалас сәт. Қала әдеттегідей абыр- сабыр. Бір жаққа жолаушылап кетіп бара жатқандай асыға басқан адамдар.  Тарсылдаған трамвайлар, гүрілдеген автобустар, ерсілі- қарсылы зулаған  жеңіл көліктер. Қаланың келесі бір шетінен алыс жолдан шапқылаған күйі  шалдығып келіп адамдар мен үйірін көрген сәттегі ала айғырдың оқырана арқырағанындай жолаушы поезінің  дамылдар сәттегі аңырата созған гудок дауысы құлақ жара естіледі.

Түске қарай бұл қарбалас бір сәт тыншиды да екінті әлетінде қайта басталады. Екінтіде өріс алатын қала көшесінің  күнделікті сценарийі осылайша әрі қарай өрби келе ақшам уақытына қарай шарықтау шегіне жетіп, құптан намазы кезінде шиенеліскен оқиға шешімін табатын романдағы кейіпкердің шытырман хикаясына ұқсап аяқталып, түн ортасынан  сәресі уақыты жеткенше дамыл тапқан қала аз уақытқа мызғап алады да, қайта оянады.

Иә, бәрі сол бір жол апатынан басталған. Кең көше қиылысындағы бағдаршамның қызыл жарығы жанып тұрса да көңіліндегі желікке ие бола алмаған Қайрат көзіне ештеме көрінбеген соң тежеуішті баспастан ағызып өте бергенін сезеді. Одан кейін есі ауруханада бірақ  кірді. Әйтеуір  басы, аяқ – қолы түгелдей орнында екен.

Кімнің даусы екенін ажырата алмады, сонда  бір таныс дауыстың  «Есіріп кетіп еді, тәубесіне келтірді.» – деген сөздері  құлағына  естіліп те  жатты.

О, Жаратқан Аллам! – деді Қайрат  өзіне-өзі күбірлеп: - Артық кеткен, асып – тасып кеткен кездерімді кеше гөр!

Көзінен жасы сорғалап ақты: - Уа,Раббым Алла! Тек Өзіңе ғана құлшылық жасаймын, Өзіңнен ғана жәрдем тілеймін! Менің біліп – білмей істеген күнәларымды, алда істейтін күнәларымды және Өзің ғана білетін күнәларымды алдыңғысынын ақырғысына дейін түгелдей кешіре гөр, кешірімділердің Ең Кешірімдісі! –деп іштей күбірледі.

Бесін уақыты болған тәрізді. Орталықтағы «Мәшһүр Жүсіп» мешітінен азаншының дауысы да ап-анық болып естіле бастады.

Бағанадан бері балконда қозғалмай тұрған Қайраттың құлағына арт жағынан «Қазақстан - Павлодар» телеарнасы дикторының  «.. Жарылқаушы айда көп жақсылықтар жасайық!» -атты  Бас мүфтидің ел халқына үндеуін таныстырамыз», - деген анық та таза үні соңғы уақыттан бері  алғаш рет анық естілгендей болды. Өз құлағына өзі сенбей елең етіп балконнан бөлмеге кіріп келгенінде Қазақстан Мұсылмандары  Діни Басқармасының төрағасы ақ шағаладай сәлде шапанымен көгілдір экран төрінен «... Келе жатқан қасиетті Рамазан айында мүмкіндігі бар отандастарымды Алла разылығы үшін игі істерді мейілінше көбірек жасауға шақырамын»- деп сөйлегені ап- анық естіліп, тұманданған санасына бір жарық сәуле жылт еткенін сезді.

Сол сәт Қайрат «Бисмиллаһи», - деп тұрған орнынан бұрылды да, соңғы үш айдан кейін алғаш рет дауысын шығарып  «Алла! Шеше маған не болды?...мен өмірге қайта оралдым. Иығыма жабысқан албасты пәле міне түсіп қалғандай болды »,- деп дауыстап келесі бөлмеге қарай ентелей жүгірді.

Жалғызының аттап басқанын аңдып айлар бойы көз ілмей зәрес ұшқан  анасы:        –  Құлыным-ау! Жалғыз балам-ау,  Ақсарбас, ақсарбас! Мына жиған боқ дүниені түгелдей жолыңа садақа қылдым – деп аңырап кеп  баласын құшып, көзінің  жасы көл болды…

 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

 

0 пікір