КҮЛЛІ СӘБИ МҰСЫЛМАН БОЛЫП ТУЫЛАДЫ
КҮЛЛІ СӘБИ  МҰСЫЛМАН БОЛЫП ТУЫЛАДЫ
13.09.2019 14:34
239
0

Адамның туа бітті қасиеттерінің бірі – ес білгеннен бастап жақсылыққа жаны жадырап, жамандықтан жүрегі мазаланып тұрады. Жаман ортаның қысымына ұшырамай тұрып өз-өзінен жамандыққа салынып кеткен ешкім жоқ. Адам баласына жақсылық істеуді бұйырып, жамандықтан тыйған Алла осы сезімді де қатар берді. Сондықтан Жаратушының заңдарына бойсұнып, әмірлеріне бағынғандар еш қия басып, жүрісінен жаңылмасы анық. Соған лайық Раббымыз ешқашан жаман істерге бізді бұйырмаған, итермелеген де емес. Туа бітті жаратылысымен кісі еш уақытта жамандыққа беттемейді, адамдар өздері бастап күнә істеп, таза жүрегін кірлетіп, жамандыққа бой үйретеді. Кіршіксіз таза жан дүниемізді аман сақтап қалу немесе оны кірлетіп қателіктер істеу әр адамның қалауына немесе әке-шешесі, достарының ықпал еткен тәрбиесіне байланысты. Бұны мына хадис жақсы түсіндіреді: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады: «Күллі сәби мұсылман болып туылады, кейіннен әке-шешесі оны христиан, еврей немесе мәжуси қылады». Сәби туылғанда таза, пәк, періштедей болғандығы сондай, барлық нәрсе жазыла алатындай бір қағаз немесе үстіне еш нәрсе көшірілмеген бір бейне таспа немесе түзелтілуге бейім бір ағаштың көшеті тәріздес.

Мөлдір бұлақтың суы пайдалы да шипалы бола тұра, оған топырақ шашып, табиғи бейнесін өзгертуге, ылайлап басқа түске айналдыруға болады. Сол сияқты жас сәбидің табиғи жаратылысы таза пәк сезімі ақиқаттарға ашық, жақсылыққа өте бейім болады. 5-15 жас аралығындағы балаға не түсіндірсең соны  алып, жүректері иман мен Исламды қабылдауға дайын тұрады. Баланың табиғатына қажетті рухани азығын беру оны тәрбиелейтін әке-шешесі мен оған әсер ететін қоршаған ортасына байланысты. Ақша қардай көңілді күпірлік пен күнә көр қылады. Адам күпірлік ұйығына батып, тәкаппарлығынан айналасындағы Алланы көрсететін дәлелдерге көз жұмып, құлақтарын бітеп, жүрек пердесін қарайтып, өзіне нұр шашқан жолдардан мақұрым қалып, күндіз көзін қолмен көлегейлеп «күн жоқ» деген ғафыл рухқа ұқсайды.

Иман мен ізгі амалдар арқылы адам баласы табиғи таза жаратылысты сақтап қалады. Ислам рухымен туылған әрбір жаратылыс ес білгеннен өздігінен қоршаған орта туралы ойланып, пайда болу мақсаты жайында толғап, ақиқатты іздеуге құлшынбаса, түбінде христиан, яхуди немесе мәжуси болуы немесе адасқан күпірлік ағымдарының біріне жем болып кетуі ғажап емес. Иә, жаңадан туылған барлық жас нәресте мұсылман мінезімен туылады, оны әке-шешесі, достары, оқу орны секілді сырттан келетін әсерлер дұрыс немесе жаман жолға бағыттайды. Ал тағдырда бұл себептердің барлығы есептеліп «бұл адам таза да тұнық Алланың берген табиғи мінезін сақтап бақытты болады» немесе «таза табиғатын кірлетіп күпірлікке батып адасушы болады» деп жазылады екен.

0 пікір