КӨНЕ БІЛЕЗІК (Боямасыз өмір)
КӨНЕ БІЛЕЗІК (Боямасыз өмір)
29.07.2020 11:19
316
0

Ол кез заманның жайлы уақыты. Кәдімгі тоқыраудың тоңы сіресіп тұрған шақ. Қазіргідей екі үй сайын бір дүкен деген жоқ. Арал маңындағы аядай ауылдың маңдайына басқан жалғыз дүкенінің сатушысы – Ақлима апай. Өзі өмір бойы сауда саласында қызмет еткен оның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. Ешкім бетіне қарсы келмейді. Өйткені жалғыз дүкенде сатылмайтын зат жоқ: тамақ та, арақ та, киім-кешек те, темір-терсек те – сонда.

Басшылар болмаса, қат дүниеге жалпы көпшіліктің қолы еркін жете бермейді. Жұрт сүйгенін емес, тигенін алғанға қанағат тұтады. Алда-жалда қыз ұзатып, ұлын аяқтандыратындар болса, киітке керек дүниені кедергісіз алу үшін алдын-ала дүкенші Ақлиманы үй-ішімен қонаққа шақырып, қабағын аулайды. Болмаса, өздері ішпей-жемей сақтап жүрген құрт-майын, қазы-қартасын тықпалап жатқаны. Жұрттың ауызына кім қақпақ қойған, өтірік-расын кім білсін, сұқ көзден оңаша құм ішінде оның малын бағып, қыстық отын-шөбін жинап жүргендер де бар деседі.

Дүниенің кілтін қолына ұстап тұрғандай жұрттың төбесінен қарап, анау-мынаудың сәлемін алмайтын дүкеншінің өз ішінен шыққан егіз ұлы дегенде шығарда жаны басқа. Ауылдағы қара сирақ балалар бір төбе де, өзінің екі ұлы – Егізбай мен Егізек бір төбе. Егіз баласын ешкімге теңемейді. Әлемдегі ең ақылды, ең сүйкімді балалар өз балалары деп санайды. Жастайынан балаларының да миына соны құюмен келеді. Жұртта жоқ қымбат киімдерді киіп, тәтті-дәмдіні елден бұрын жеп өскен соң ба, оларды елден ерек бір керемет сезінетін. Әйтпесе, сол балаларының ешкімнен артық-кемі жоқ. Кәдімгі қазақтың қарадомалақ, тәмпіш мұрындары.

Ақлима дүкеншінің шалы өте момын адам. Өмірі тәкаппар әйелінің бетіне жел боп қарсы келмеген жан. Жұрт оның өз атының кім екенін баяғыда-ақ ұмытып қалған. Көршілері оны сыртынан “Дүкеншінің байы” дейтін. Оны өзі біле ме, жоқ па, кім білсін. Ешкімге зияны да, пайдасы да тимейтін, өзімен-өзі жүрген бір пенде. Қолтығына қоңыр папкасын қолтықтап, кеңсеге ала таңнан кетіп бара жатады, көз байлана ақырын ғана үйіне қайтып келе жатады. Кеңседе не қызмет істейтінін басқа түгілі балалары да білмейді. Қаракөлеңкелеу шет жақ кабинеттердің біріндегі қалтарыс бұрышта үлкен қара шотын сыртылдатып, қалың көзәйнегін тұмсығына іліп ап, үнемі бірдеңе есептеп отырады. Ешкімге бұрқ-сарқ ашуланбайтын, қатты дауыс көтермейтін байғұстың, неге екенін кім білсін, аяқ астынан қан қысымы көтеріліп, табан астында о дүниеге жүрді де кетті.

Ауыл-ел ақырғы сапарға шығарып салып, марқұмды жер бесігіне салған соң, көп кешікпей Ақлима дүкенші егіз баласын дұрыс білім беретін мектебі бар үлкен бір қалада оқытуды жөн санап, үй-жайын, мал-мүлкін тегіс сатып, көшті де кетті. Әу баста өзінің үлкен қалада лауазымды бір қызмет істейтін төркін жұртына арқа сүйеп барған. Өзі де құр алақан емес. Қанша жылдан бері жиған-тергені екі баласы мен қара басына молынан жетеді. Қаланың шет жағынан кең-қора жайы бар үй сатып алып, өзі бір азық-түлік қоймасына жұмысқа тұрды.

“Біреу өлмей, біреуге күн жоқ” деген осы шығар. Баяғыда-ақ осы қалаға келулеріне болатын еді, алайда, қара жер хабар бермесін, кері кеткен қырсық шалы “күшік күйеу” болудан қашып, тіресіп тұрып алмасы бар ма?!. Жуастан жуан шығатынын қазақ қалай білген десейші! Үндемей жүріп бір көтерілсе, ешкімге басу бермейтін тоңмойын, морт мінезді екенін жас кезінен білетін Ақлима қанша жерден би болса да, соның ығымен жүретін.

Енді кетер адам кетті, өмірді өз жоспарына лайық құруды әріден ойлаған Ақлима апай ержетіп қалған екі баласының құлағына: “Қарақтарым, арқа сүйейтін әкелерің жоқ. Енді екеуің мықты бір жердің қызына үйленуді ойлаңдар. “Қатын алма, қайын ал” деген сөзді бұрынғылар бекер айтпаған. Қызмет-дәрежесі жоғары адамның қызын алсаңдар, ештеңеден таршылық көрмей, қызметтерің өсіп, өз қатарларыңнан оқ бойы озық жүресіңдер!”- деген сөзді күні-түні қақсап құятын да отыратын. Жігіт боп қалған Егізбайы институттың бастапқы курсында оқып жүрген кезінде үф десең ұшып кеткелі тұрған жіп-жіңішке, өңі жуған шүберектей боп-боз, табақтай көзілдірігі шөкімдей бет ауызын жауып тұрған, ши борбай бір қызды үйге ілестіріп келді. Екеуі бірге оқитын көрінеді.

Бір қырым еті жоқ, көрер көзге тым сүйкімсіз сол қызды бір көргеннен Ақлима қоймашы кескін-келбеті келісті, екі иығына екі кісі мінгендей еңселі өз ұлына тең көрмеді. Іштей жиырылып қалса да, сыр білдірмей, ақырын сөйлесіп көріп еді, әкесі бір үлкен мекеменің бастығы екен. Оны естіген Ақлиманың не жаны қалсын, бар білген орысшасымен шөпжелке қыздың асты-үстіне түсті.

Ауылда дүкенші боп істеп жүрген кезінде сандығына басып-басып, тығып қоя берген талай-талай қымбат дүниелері кәдеге асты. “Әкесі жоқ, жесір әйелдің баласы” деп қыздың әке-шешесі ұлын менсінбей қоя ма деп қауіптенген ол кез-келгеннің қолы жете бермейтін қымбат косметика, шетелдік джинсы, модаға сай көйлек-көншектерді әр келген сайын шетінен тарту етіп, қызақай қыздың көңілін тапты.

Инеліктей ілмиіп алып, арық қыз да бәле екен, курста қыз біткен соңынан жүгіріп жүрген сымбатты да пысық жігіттің анасын әр сенбі, жексенбі сайын айтыс, концертке шақырып, сурет көрмелеріне сүйрелеп, мереке сайын құшақ-құшақ гүл сыйлап, анда-санда келгенде ыдыс-аяғын жуып, болашақта жақсы келін болатынын дәлелдеуге тырысты. Көп ұзамай, қаладағы ең қымбат, ең салтанатты мейрамханада екеуінің үйлену тойы болды. Оны көрген де арманда, көрмеген де арманда. Қаланың игі жақсылары бас қосқан үлкен жиын, тамаша думан талайдың ауызын аштырды. Атақты әнші-бишілерден бастап, сегіз қырлы бір сырлы, бағасы қымбат асабаға дейін той салтанатын асырды.

Құдалар жағы тіпті асып түсті. Той үстінде екі жасқа жаңа пәтердің кілтін табыс етіп, күйеу балаға жеңіл машина сыйлады. Сол күннен бастап, Егізбайдың да тасы өрге домалап, айналдырған екі-үш жыл ішінде жас маманнан бас маманға айналды. Жанына арық ешкі сияқты ербиген келіншегін ертіп алып, курорт-шипажайларға барып, шетелдерге саяхатқа шығып, пәтерден пәтер ауыстырып, машинадан машина алмастырып, үріп-ішіп, шайқап-төгіп, жалғанды жалпағынан басуда.

Бұрынғыдай демалыс сайын келіп, үйдің ішін тазалап, ыдыс аяғын жуу түгілі, анда-санда енесінің амандығын сұрап, хал-жағдайын білуге жас келіннің мұршасы жоқ. Ешкіні апа, текені жезде деп, қызметі үлкен, мансабы жоғары біреулерді апта сайын қонаққа шақырудан қолдары тимейді. Бәрі де керек адамдар. “Адам күні адаммен”. Бала күнінен анасы құлағы сіңірген ақылды айна-қатесіз жүзеге асырған Егізбайдың алға қойған арман-мақсаты аз емес. “Кедей – байға, бай Құдайға жетсем” дейдінің кері.

Іздегенге сұраған. Әйтеуір әйелі де, “ұрының қатыны өзіне лайық” демекші, жылпос, мансапқұмар, жағымпаз күйеуінің көкейіндегісін айтқызбай біліп, қамшы салдырмай, алдына түсіп, түрлі-түрлі іскерлік жоспар құрып, жорғалап кетеді. Егізбайдың қайын атасы да жалғыз күйеу баласынан несін аясын, ол дегенде шығарда жаны басқа. Ішке тартып, түрлі-түрлі тапсырмалар беріп, керек адамдармен жақындасудың жолдарын үйретіп, ақыл-кеңесін аяр емес. Болашақта керегі болады деген адамдарды екеуі қыста аң аулауға алып шығады, жазда қымыз ішіп, көкке аунап, бағлан қозының бал татыған етінен сірне жеуге қала маңына шақырады.

Енесі де көпті көрген, қу тұяқ емес пе, аурушаң, шынжау, ажарсыз қызы тым жақсы алғыр да ақылды күйеуінен айырылып қалмас үшін, аш қасқырдай анталап, төңіректе толып жүрген жалғыз басты қыз-қырқыннан қалай қызғыштай қоруға болатынын, әйелдік міндетін мінсіз қалай атқаруға болатынын үйретіп, күндіз-түні телефонмен байланысып, күйеу баласының жүрісі-тұрысын жіпке тізгендей, тергеп, тексеріп отырмаса басы ауырады. Тіпті Егізбайды өзінің туған анасына да қатыстырмай, барынша өз маңдарында ұстауға тырысады.

Иығынан бір жүк түскендей жеңілдеп қалған Ақлимаға бәрібір еді. Оның ендігі арманы – әзірге қызметте жолы болмай жүрген Егізегіне тым жақсы біреудің қызын әперу. Ұқсамаса тумағыр, момын жігіттің, марқұм әкесі құсап айлығы шайлығына ғана жететін қызметінен басқа алаңы жоқ. Ерте кетеді, кеш келеді. Күні-түні қолынан кітап түспейді. Анасының айтқан сөзін жүре тыңдап, кейде тіпті оның сөзін шыбынның ызыңы ғұрлы көрмейтіні де ептеп байқалады. Бәлкім бала күннен аш масаша ызыңдап айта-айта әбден мезі қылған сөздердің не жайлы екені әбден миында жатталған да болар.

Айтты не, айтпады не, Егізек жасы отызға таянса да тағдырдан қайда қашармын, әу баста туғанда тайқы маңдайға не жазылса, сол бола жатар деп жүрген. Бұл қызмет ететін мекемеге ақжарқын мінезді жас қыз мектеп бітіре салып, еден жуушы болып жұмысқа тұрды. Мектепте жақсы оқыпты. Алыс ауылдан оқу іздеп қалаға келіп, жолы болмаған соң, құр қол қайтып баруға намыстанып, қалада қалып қойыпты. Оның ендігі ойы – қыстай жақсылап дайындалып, қалаған оқуына қайта тапсыру екен. Бір алыс туысының үйінде тұрып жатыр екен. Айлыққа ілінсе, пәтер жалдап, бөлек шығудан да дәмелі. Өйткені біреудің қас-қабағына қарап, асына ортақтасып, масыл болып жүруге ыңғайсызданады екен.

Жұмыс уақыты бітіп, жұрт үйлеріне кетсе де жұмысын аяқтамай қайтпайтын момын жігіт өзі де, сөзі де орнықты сол қызды ұнатып қалды. Жан сырын ептеп анасына айтып еді, Ақлима қоймашы табанымен шоқ басып алғандай шоршып түскені: “Бізге жетпегені осы еді! Ауылдың қыздары шеттерінен қу боп алған қазір. Көрдің бе, дипломы бар, қызметі бар, даңғарадай үйі бар сен сияқты ақылды жігітті көре салып, етегінен ұстап айырылмайын деп тұрғанын?!.Қаршадай болып қандай сұм, а?!.”-деді әп дегеннен.

Бірер күннен соң: ”Сайда саны жоқ, құмда ізі жоқ, алаяқ қыз бір бала туып берген соң, бар тапқан-таянғанымызды сыпырып алып, үйімізді қақ бөліп, бір күні таяды ғой,”– деп зарлады. Ақлиманың кірсе де, шықса да айтатын бар әңгімесі енді осы болды. Бір күні өзінен-өзі қараптан-қарап: “Құдай біледі, ішіндегі баласы сенен дейсің бе? Ал сен ашық ауыз, соған құдайдай сеніп отырсың ба?!-деп шала бүлінсін.

Күндіз-түні ауызы көпіріп, жүкті болмақ түгілі, бір жігітке қолын ұстатып көрмеген бейкүнә қыздың құлағын шулатқанына Егізектің ызасы келді. Сөз тыңдайтын шешесі ме...Байғұс жігіт ішкі сырын қайдан айттымға түсті. Үйге келуге бетінен басып, жұмыста қараңғы түскенше отыра беретін болды. Ешкім жоқта жеңін түрініп жіберіп, қызға еден жуысып, столдарды қозғасып көмектеседі. Оқуға түрлі кітаптар әкеліп береді, сабаққа дайындығын тексереді. Қараңғыда жалғыз жүруге қорқар деп, қаланың бір шетіндегі пәтеріне дейін апарып салады. Қыз да бұны жақын адамындай көріп, қуанышын да, ренішін де жасырмай айтып, ағасындай арқа сүйеп жүретін.

Сонымен, осылай екеуі бірге қысты шығарып салып, көктемді қарсы алды. Жадырап жаз шықты. Жолы болып, қыз оқуға түсті. Жатақханадан орын алып, өзі сияқты тең құрбыларының ортасында күліп-ойнап оқып жатқан қызға Егізек анда-санда барып тұратын. Оны бір күн көрмесе тұра алмайтын халге жеткен ересек жігіт ақыры оған сөз айтып, үйлену жайын қозғап еді. Қыз да бұған кетәрі емес екен. Алайда, оқуын аяқтамай, тұрмыс құрғысы келмеді.

Анасы айтқандай, тіс-тырнағымен жабысып, қайткенде қалада үй- жайы бар жігіттің етегін ұстағалы тұрған қасқыр қыз емесіне Егізектің көзі анық жетті. Ақыры Егізек ізінде екі жыл жүріп, анасының қарсылығына қарамай, сүйген қызына қосылды. Олардың үйлену тойы шағын кафеде өтті. Екеуінің ең жақын жора-жолдастары ғана тойға қатысты. Іссапармен жүрген Егізбай ол тойда бола алмады. Неге екенін кім білсін, оның келіншегі де келген жоқ... Сіркесі су көтермей, қабағы кіржиіп, жер, әлемнің барлық ауыртпалығы өзінің қара басына түскендей қайғырып, қабағын ашпастан отырған Ақлима бір отырыстан соң, елден бұрын үйіне қайтып кетті... Ауылдан келген құда-құдағилар жас жұбайлар жалдаған пәтерде бір қонып, ертеңіне елге аттанды.

Екі-үш жыл пәтерден-пәтерге көше жүріп, Егізектер әзер дегенде кішкене сәбилі болды. Қандай қиындық болса да бірге төзіп жүрген сүйікті келіншегінің оқу бітіруіне мүмкіндік жасаған жігіт, дипломы қолға тиісімен, қаладан алыс ауылға көшті. Фермерлік кәсіптің қыр-сырын меңгеріп, азын-аулақ уақытта жағдайын түзеген жас жұбайлар кең де зәулім үй тұрғызды. Жеңіл көлік сатып алды. Қаладағы анасына қапшық-қапшық картоп пен жуа, соғымнан сыбаға таси бастады.

Туыс-туған, құда-жекжаттарын, көршілерін шақырып, бір семіз қой сойып, жылын бергелі ешкім елемеген марқұм әкесінің аруағына арнап құран бағыштады.

Жылдан-жылға қартайып, шөге бастағанымен, екінші келінін адам құрлы көрмейтін Ақлима сонда да текті жерден қыз алмаған, айтқан ақылмен жүрмеген отқа сүйресе, боққа қашып, жұрттың қолы жетпейтін қаладан адамдары қашып жатқан ауылға кеткен “ақымақ” баласына иліккен жоқ. Егізек бірде, ауыл мектебінде мұғалім боп істеп жүрген келіншегі сабағынан шыға алмаған соң, кішкене екі баласын ертіп, арнайылап анасына келген. Алайда қабағынан қар жауған сұсты әжелері оларға да жылы қабақ танытпай, қақиған күйі қалды. Тоғыз ай, он күн көтерген, ақ сүт беріп асыраған жарық дүниедегі ең жақын жанмен тіл табыса алмағанына қатты өкінсе де Егізек ренішін сыртқа шығармай, сабырлы қалпында ауылға қайтты.

Қанша дегенмен, “өзегінен тепсе да кетпейтін” өз баласы емес пе, анда-санда анасына телефон шалып, хал-жағдайын сұрап тұратын. Бірде, анасының қатты ауырып, орнынан тұра алмай иесіз үйде жатып қалғанын білді. Естіген бетте, жаны шыдамай, келіншегі екеуі түн ортасы демей, бірден қалаға аттанды.

Дереу ауруханаға жатқызып, оның беті бері қарағанша жанында тапжылмай отырды. Егізектің әйелі түн ұйқысын төрт бөліп, бір қолы, бір аяғы қимылдамай, кәріп болып қалған қырсық енесіне жас балаша қасықпен тамақ беріп, күндіз қол-аяғына массаж жасап, мезгіл-мезгіл дәрілерін беріп, қасынан шықпады.

Қанша уақыттан соң, оны ауылға алып келді. Ешкім оның бұрынғы қылығын бетіне салық етіп, ескі өкпелерін қозғаған жоқ. Құда-құдағидары алма-кезек науқастың халін сұрай келіп, көңілін аулап, көрпе-төсегін қағып-сілкіп, жатқан бөлмесінің ауасын жаңалап, өзін есіктің алдына шуаққа алып шығатын. Әкесінің ауызынан түскендей бүйрек бет сүйкімді немерелері де сырқат әжесінің маңынан шықпай, сусынын әперіп, дәрісін ішкізіп, кез-келген сәтте көмектесуге дайын тұратын.

Егізектің де ауыл-елге сыйы болғаны ғой, қарапайым, ақ көңіл, кісі жатырқамайтын, бауырмал көршілері күн сайын көңілін сұрап, хал-жағдайын біліп, естіген жаңалықтарын айтып, қасында отырып қайтады. Келген-кеткенді келіні құр ауыз жібермейді, “Ең болмаса, бір шай ішіп кетіңіз”- деп, қиылып жатқаны. “Не деген шаршамайтын, елгезек жан! Бір қабағын шытпайды. Сырқат бағу қиын тиіп жүрсе де сыр білдірмейді...”-деп ойлап қойды Ақлима кемпір.

Әйтеуір сезімін сыртқа шығармағанымен, іштей келіні мен баласына көңілі риза еді. Бұл сырқаттан мүлде сауықпасын сезсе де, қартайғанда қараусыз қалмағанына қуанған Ақлима кемпір балаша елпілдеген келінінің ақ ниетін көріп, өзінің бұрынғы астам қылықтары мен іс-әрекеттеріне қатты ұялды. Алайда, өзінің кінәсін жуып-шайып, кешірім сұрауға баяғы көкірегі жібермеді. Бірде бір рет анам бар еді-ау деп іздемек түгілі, телефон шалып, хал-жағдайын сұрамаған Егізбайы тым-тырыс. Оңаша қалғанда ойламайтыны жоқ. Беті бері қараған соң, қалада қараусыз қалған үйінің, ғұмыр бойы тірнектеп жинаған дүние-мүлкінің жай-жапсарын білуді Егізекке қайта-қайта тапсырған.

Қолы ұзын, тамыр-танысы мол Егізбай “өзі жоқтың көзі жоқ” дегені ме, мүгедек анасының атынан өтірік құжат жасап, үйін сатып жіберіпті. Сорлы кемпір соны естіп, қатты шамырқанды. Алайда адам өз қолын өзі кесе алмайды екен. Болары болды. Өткенді қайтара алмайды. Әкесі сияқты адал еңбек етіп, қулық-сұмдықпен ісі болмай, ешкімнің ала жібін аттамай, түзу жүріп, түзі тұрған Егізегі мен өзімшіл, өктем Егізбайын ойша салыстырды. Қанша дегенмен, ана жүрегі перзент дегенде кешірімді де кең ғой. “Іштен шыққан шұбар жыланына” қалай өкпелесін Бәріне өзі кінәлі. Бәрі өзінің тәрбиесі. Дүниеқоңыз, мансапқұмар, жылпос қылып өсірген өзі.

“Кінәлісің!” деген жалғыз сөз сырт-сырт соққан сағат құсап, санасында сан рет қайталанды. Жүйкесін жүндей түткен сол сөзден қайда қашып құтыларын білмеді. Құлағын басып, айдалаға қашып кетуге дәрмен жоқ. Қол-аяғы сау болған күннің өзінде де, адам өзінен қашып құтыла ма?!. Көктемде шатырдан жерге тырс-тырс тамған мұз-сүңгінің тамшысындай, миын бұрғылаған сұп-суық жалғыз сөз сүйегін сырқыратып, шыбын жанын шырқыратып, тілмен айтып жеткізгісіз ауыр азапқа салсын бір. Түні бойы көз ілген жоқ. Құдайдан тілеген жалғыз тілегі – тезірек осы азаптан құтқару...

Төсегінің қасында қалғып-мүлгіп, ұйқылы-ояу отырған келініне елжірей қарап ұзақ жатты. Баяғы заманнан бері ұрпақтан ұрпаққа мирас боп, марқұм анасынан өзіне мұра боп қалған, талай жанның көз құрты болған, сом алтыннан соғылған, қанша жылдан бері білегінде жүрген сәнді білезігін өз қолынан шешіп, ауыл тұрмысына пісіп-қатқан келінінің білегіне салды да, оның суыққа тоңып, ыстыққа күйіп, қатқыл тартқан алақанын аялай сипап жатып, таңға жуық үзіліп кетті...

 

Заря ЖҰМАНОВА, жазушы

 

0 пікір