КІСІ АҚЫСЫН ЖЕУ – ҮЛКЕН КҮНӘ
КІСІ АҚЫСЫН ЖЕУ – ҮЛКЕН КҮНӘ
24.02.2023 05:41
805
0

 

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға салауаттар мен сәлемдер болсын!

Ассаламуалейкум уа рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ!

Қадірменді жамағат, құрметті бауырлар, баршаңызға күндердің төресі қасиетті жұма мүбәрак болсын!

 

Дініміз Ислам тыйым салған ауыр күнәлардың бірі – кісі ақысын жеу. Ғалымдарымыз бұл күнәны серік келтіруден кейінгі үлкен күнәға жатқызған. Себебі, адам ақыретке кісі ақысын арқалап баратын болса, ақысы кеткен адам «мен оны кештім» демейінше әлгі құлды Алла Тағала да кешірмейді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 188-аятында:

وَلاَ تَأْكُلُواْ أَمْوَالَكُم بَيْنَكُم بِالْبَاطِلِ وَتُدْلُواْ بِهَا إِلَى الْحُكَّامِ لِتَأْكُلُواْ فَرِيقًا مِّنْ أَمْوَالِ النَّاسِ بِالإِثْمِ وَأَنتُمْ تَعْلَمُونَ

«Бір-біріңнің малыңды нақақтан-нақақ жемеңдер. Сондай-ақ, адамдардың малының бір бөлігін негізсіз жейтіндеріңді біле тұра, билерге пара беруге тырыспаңдар», –деп айтқан («Бақара» сүресі, 188-аят).

Халқымыз ұрпағына: «Ешкімнің ала жібін аттама» деп, өзгеге қиянат жасамауды, зиян бермеуді, ақысыз мал-дүниесіне қол салмауды кішкентайынан үйретіп, құлағына құйып өсірген. Ардақты Пайғамбарымыз(оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)хадисінде:

مَنِ اقْتَطَعَ شِبْرًا مِنَ الأرْضِ ظُلمًا، طَوَّقَهُ اللَّهُ إِيَّاهُ يَومَ القِيَامَةِ مِن سَبْعِ أَرَضِينَ

«Кім бір қарыс жерді зорлықпен тартып алса, сол жердің жеті есесі қиямет күні мойнына жүктеледі», – деп ескерткен (имам Мүслим).

Қабан жырау бабамыз:

Фәни тұрмақ бақида,

Мінетұғын пырақ бар.

Ешкімнің хақын жемеңдер,

Артында оның сұрақ бар, – деп кісі ақысын жегендер үшін ақыретте үлкен сұрау болатындығын меңзеген.

Қоғамда кісі ақысын жеудің көріністері өте көп. Олардан сақтанып, бойын алыс ұстап, адал кәсіппен айналысуы үшін мұсылман адам сол көріністердің негізгі мынадай түрлерін білуі тиіс:

Бірінші: Жемқорлық және парақорлық

Жемқорлық – қандай да бір іске жауапты қызметкерлердің өздеріне тапсырылған қызмет мүмкіндіктерін жеке бастарының пайдасы мен мүддесі үшін пайдалану. Ал парақорлық болса, жауапты қызметтегі адамның өзі немесе делдал арқылы тікелей пара берушінің өзінен немесе оның өкілі болған адамның пайдасына жасаған іс-әрекеті үшін ақша немесе басқа да құнды затты алуы.

Жемқорлық пен парақорлық екеуі де дінімізде харам әрі кісі ақысын жеудің ең үлкен көрніні болып табылады. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Мәида» сүресі, 42-аятында:

سَمَّاعُونَ لِلْكَذِبِ أَكَّالُونَ لِلسُّحْتِ فَإِن جَآؤُوكَ فَاحْكُم بَيْنَهُم أَوْ أَعْرِضْ عَنْهُمْ وَإِن تُعْرِضْ عَنْهُمْ فَلَن يَضُرُّوكَ شَيْئاً وَإِنْ حَكَمْتَ فَاحْكُم بَيْنَهُمْ بِالْقِسْطِ إِنَّ اللّهَ يُحِبُّ الْمُقْسِطِينَ

«Оларөтіріккеқұлақсалушы, арам жеушілер. Егер оларсағанкелсе, араларынаүкімбернемесеолардантеріс бұрыл. Егеролардан теріс бұрылсаң да, оларсағанешбірзиянбереалмайды. Ал егерараларынаүкімберсең, тура үкімбер. Расында Алла турашылдардысүйеді», – деп айтқан. Сағид ибн Жубайр (Алла оған разы болсын) жоғарыда келген аяттағы «арам жеушілер» деген жерін: «Жемқорлық турасында айтылған», – деп тәпсірлеген.

Халқымызда «Адал кісі арымас, арам кісі жарымас» немесе «Арамнан алған түйеден, адалдан алған ешкі жақсы» деп айтылған тәмсіл бар. Сондықтан арам жолмен табылған мал-дүниеде еш уақытта береке болмайды. Береке – тек адал табыста болмақ. Адам баласы мұндай теріс жолмен табыс тауып, отбасын онымен асырауына болмайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

لَنْ يَدْخُلَ الْجَنَّةَ لَحْمٌ نَبَتَ مِنْ سُحْتٍ ، أَيْ : مِنْ  حَرامٍ

«Харам пайдадан өскен ет (яғни, адам) жәннатқа кірмейді», – деп айтқан (имам Тирмизи).

Бірде ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әл-Азд тайпасындағы бір адамға зекет жинауды тапсырады. Ол қайтып келіп: «Мынау – сізге, ал мынау маған (сыйлыққа)», – деп айтады. Мұны  естіген Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына: «Расында, сендердің біреулеріңді Алла маған тапсырған істі орындауға тағайындадым, ал ол болса маған келіп: «Мынау – сізге, ал мынау маған (сыйлыққа)» – деп айтады. Егер ол шындықты айтып тұрған болса, неге осы сыйлықты күтіп әкесінің үйінде отырмады?» – деген екен.

Екінші: Ұрлық жасау

Өзгенің ақысына қол салудың келесі түрі – ұрлық жасау. Біреудің мал-мүлкін рұқсатсыз, заңсыз түрде алудың барлық түрі ұрлыққа жатады. Мүмин адам бұл жаман күнәдан бойын аулақ ұстауы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

لَا يَزْنِي الزَّانِي حِينَ يَزْنِي وَهُوَ مُؤْمِنٌ، وَلَا يَسْرِقُ السَّارِقُ حِينَ يَسْرِقُ وَهُوَ مُؤْمِنٌ، وَلَا يَشْرَبُ الْخَمْرَ حِينَ يَشْرَبُهَا وَهُوَ مُؤْمِنٌ

«Зинақор зина жасағанда иманды емес, ұрлықшы ұрлық істеп жатқанда иманды емес, арақ ішуші арақ ішіп жатқан кезде иманды емес», – деген (имам Бұхари, Мүслим).

Ұрлық дегенде тек заттай мүлікті ғана рұқсатсыз алу дегенді түсінбейміз. Мысалы, шығармашылықта авторлық құқықты сақтамау, өзгенің еңбегінкелісімінсіз алып-алу, басқа адамның мақаласын рұқсатсыз өз атынан жариялау сияқты істер де ұрлыққа жатады.

 

«Ұрлық түбі қорлық» демекші, ұрлықпен келген дүние, жиналған мал ешуақытадамғапайда алып келмейді. Қайта берекетсіздік пен бақытсыздыққа душар етеді. Хакім Абай:

Қулық, сұмдық, ұрлықпен мал жиналмас,

Сұм нәпсiңүйiр болса,тез тыйылмас.

Зиян шекпей қалмайсың, ондай iстен,

Мал кетер, мазаң кетер, ар бұйырмас, – деп өзгенің ақысына қол салып, ұрлық жасаудан сақтандырған.Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَنِ اقْتَطَعَ حَقَّ امْرِئٍ مُسْلِمٍ بِيَمِينِهِ، فَقَدْ أَوْجَبَ اللهُ لَهُ النَّارَ، وَحَرَّمَ اللهُ عَلَيْهِ الْجَنَّةَ» فَقَالَ رَجُلٌ: وَإِنْ كَانَ شَيْئاً يَسِيراً يَا رَسُولَ اللهِ ؟ فَقَالَ : وَإِنْ كَانَ قَضِيباً مِنْ أَرَاكٍ

«Кімде-кім мұсылман адамның хақын (жалған) антымен бөліп алса, Алла оған тозақты міндеттеп, жұмақты харам етеді». Бір кісі: «Уа, Алланың елшісі! Тіпті, мардымсыз нәрсе болса да ма?» – деп сұрады. Ол (с.ғ.с.): «Тіпті, арак ағашының бір таяғы болса да», – деді (имам Мүслим). Хадисте келген«арак» атауы мисуак жасалынатын ағаш түріне қолданылады.

Қисса

Бір күні хазіреті Әли (Алла оған разы болсын) базарда бір адамға өзінің мініс көлігін аманаттап тапсырады. Қайта айналып келсе, жаңағы кісі жылқысының жүгенін ұрлап, қашып кеткен екен. Жүгенсіз жылқыны әзер дегенде ұстап, сол жердегі бір кісіге базардан жүген сатып алып келуіне өтініш жасайды. Сөйтсе әлгі кісі базардан хазіреті Әлидің өзі жоғалтқан жүгенін сатып алып келіпті. Сонда ол: «Мен бұл адамға жылқымды қарап бергені үшін сол жүгеннің құнындай ақша беруді ниет еткен едім. Бірақ өзінің адал жолмен табуға мүмкіндігі бар ризығын арам жолмен тауыпты», – деген екен. 

 

Үшінші: Жетімнің ақысын жеу

Дінімізде жетім деп анасы мен әкесі бірдей жоқ болған баланы ғана емес, анасы бар бола тұрып, әкесі жоқ болса оны да жетім деп таниды. Асыл дініміз Ислам жетім-жесірге қамқорлық жасауға, олардың басынан сипап, көңілін аулауға, олардың мал дүниесіне қиянат жасамауға шақырады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 10- шы аятында:

إِنَّ الَّذِينَ يَأْكُلُونَ أَمْوَالَ الْيَتَامَى ظُلْمًا إِنَّمَا يَأْكُلُونَ فِي بُطُونِهِمْ نَارًا وَسَيَصْلَوْنَ سَعِيرًا

«Жетімдердің мал-дүниелерін зұлымдықпен жеп алғандар, шын мәнінде іштеріне от жұтып алған болады. Олар сөзсіз тозаққа тасталады», – деп ескерткен.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жетімнің ақысын жеу жеті үлкен күнәның біріне жатқызылатынын айтып:

اِجْتَنِبُوا السَّبْعَ الْمُوبِقَاتِ ، قَالُوا : يَا رَسُولَ اللَّهِ وَمَا هُنَّ؟ قَالَ: الشِّرْكُ بِاَللَّهِ ، وَالسِّحْرُ ، وَقَتْلُ النَّفْسِ الَّتِي حَرَّمَ اللَّهُ إلا بِالْحَقِّ ، وَأَكْلُ الرِّبَا ، وَأَكْلُ مَالِ الْيَتِيمِ ، وَالتَّوَلِّي يَوْمَ الزَّحْفِ ، وَقَذْفُ الْمُحْصَنَاتِ الْمُؤْمِنَاتِ الْغَافِلاتِ

«Жеті апатты күнәлардан сақтаныңдар»,–деді.Адамдар: «Уа, Алланың елшісі, бұл қандай күнәлар?» – деп сұрады. Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):«Алла Тағалаға ортақ қосу, сиқыр жасау, Алла өлтіруге тыйым салған жанды (кісіні) өлтіру, өсімқорлық, жетімнің дүниесін жеу, жауға шапқанда қашу, иманды, таза әрі жаман істі (жасамақ тұрмақ) ойларына да алмайтын әйелдерді арсыздық жасады деп айыптау», – деген (имам Бұхари, Муслим).

Жетімнің ақысына кіру үлкен күнә екендігін жақсы білген ата-бабаларымыз: «Жетім көрсең, жебей жүр, жесір көрсең, демей жүр» деп оларға барынша қамқор болуды насихаттаған.  Жетімге қамқорлық деп – жетім қалған кішкене баланың қажетінде болуды, қамқорлық етіп, оны тәрбиелеуді, ер бала болса, ержеткенге дейін, қыз бала болса, бойжетіп, тұрмыс құрғанына дейін оған жақсылық жасауды айтамыз. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлықтың алғашқы кезеңінен бастап, жетімдерге қамқорлық болуға шақырған.

Ислам тарихында Мекке мүшіріктерінен қысым көрген мұсылмандар Хабашстанға қоныс аударып барған уақытта, Жағфар ибн Әбу Талиб есімді сахаба Хабашстан патшасы Ән-Нажашиге былай деп айтады: «Алла Тағала бізге өз арамыздан Пайғамбар жіберді. Оның шыққан тегін, шыншыл екендігін, аманатқа қиянат жасамайтындығын, арының таза екендігін жақсы білеміз. Ол бізді Алла Тағаланы жалғыз деп білуге, Оған ғана құлшылық етуге шақырды. Біз және біздің бұрынғы бабаларымыз құлшылық жасаған тастар мен пұттарға сыйынбауымызды бұйырды. Сонымен қатар, бізді сөзде шыншыл болуға, аманатты орындауды, туыстық қатынасты сақтауды, көршіге жақсылық жасауға бұйырып, харам істерден, қан төгуден, арсыздықтан, өтірік ант беруден, жетімнің ақысын жеуден, ары таза әйелдерге күнә тағудан тыйды» (имам Ахмад).

 

Төртінші: Таразыдан жеу

Сауда-саттық жасайтын адам оны әділдікпен атқарып, өзгенің ақысына кірмеуі қажет. Ол үшін тауардың айыбын жасырмай айту, бағасын тым көтермеу, таразыда әділ өлшеу сияқты істерге аса мән берілуі тиіс. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әнғам» сүресі, 152-аятында:

وَأَوْفُوا الْكَيْلَ وَالْمِيزَانَ بِالْقِسْطِ

«Таразыда өлшеуді дұрыс орындаңдар», – деп бұйырады. Сонымен қатар «Мұтаффифин» сүресі, 1-4-аяттарында:

وَيْلٌ لِّلْمُطَفِّفِينَ. الَّذِينَ إِذَا اكْتَالُواْ عَلَى النَّاسِ يَسْتَوْفُونَ. وَإِذَا كَالُوهُمْ أَو وَّزَنُوهُمْ يُخْسِرُونَ. أَلا يَظُنُّ أُوْلَئِكَ أَنَّهُم مَّبْعُوثُونَ

«Өлшеу, тартуда кеміткендерге нендей өкініш! Олар қашан өлшеп алса, толық өлшеп алады да. Қашан олар, өлшеп немесе тартып беретін болса, кемітеді. Олар қайта тірілетіндіктерін ойламай ма?» – деп айтылған.

Имам Құртуби (Алла оны рақымына алсын): «Бұл сүре Әбу Жухайна деп танылған, шынайы аты Амр деген кісіге байланысты түскен. Ол кісінің екі таразысы болған. Бірімен өлшеп алатын болса, екіншісімен өлшеп беретін еді», – дейді.

Сондықтан да сауда арқылы адал несібе табуды көздеген адам ешуақыт біреуді алдауына, өтірік айтуына, нашар тауарды жалған мақтауына, тауардың кемшілігін жасыруына болмайды.

Бірде ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) астық сататын базарға жолы түседі. Сатушының бидайын ұнатып, ұстап көрмек болып, қолын сұққанда астыңғы жағының дымқылдау екенін байқайды. Сонда Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, бидайдың иесі, мұның не?» – дейді. Саудагер: «Алланың Елшісі, астығым жауынның астында қалып, су болып қалды», – деп ақталады. «Сол дымқыл жағын адамдар көруі үшін бидайдың үстіне шығарып қоймайсың ба? Бізді алдайтындар бізден емес», – дейді.

 

Бесінші: Өзгенің ар-намысына тию

Өзге адамның ар-намысын төгу, ғайбаттау, жала жабу сияқты істер де оның ақысына кіру деп танылады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Нұр» сүресі, 23-аятында:

إِنَّ الَّذِينَ يَرْمُونَ الْمُحْصَنَاتِ الْغَافِلَاتِ الْمُؤْمِنَاتِ لُعِنُوا فِي الدُّنْيَا وَالْآخِرَةِ وَلَهُمْ عَذَابٌ عَظِيمٌ

«Расында абыройлы, ары мен көңілі таза мүмин әйелдерге жала жапқандар бұл дүниеде де, ақыретте де (Алланың рақымынан алыстап) лағынеттеледі. Әрі олар үшін үлкен азап бар»,– деп айтқан.

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

كُلُّ الْمُسْلِمِ عَلَى الْمُسْلِمِ حَرَامٌ دَمُهُ وَمَالُهُ وَعِرْضُهُ

«Мұсылманның қаны, дүние-мүлкі және ар-намысы өзге мұсылмандарға – харам», –деген (имам Бұхари).

Сондықтан да адамның осындай жеке басына қатысты сөз айтуға, ар-намысын төгуге, өсектеуге, сыртынан сөз тасуға, мазақ етуге болмайды.Ғалымдарымыздан: «Мұсылманның абыройын төгу қасиетті Қағбаны қиратудан да жаман», – деген сөз қалған. Аллаға иман келтірген кісі өзгенің ар-намысына қорған болып, оны жамандауға, ғайбаттауға жол бермейді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَنْرَدَّ عَنْ عِرْضِ أَخِيهِ رَدَّ اللَّهُ عَنْ وَجْهِهِ النَّارَ يَوْمَ الْقِيَامَةِ

«Кімде-кім бауырының ар-намысын қорғаса, Алла да қиямет күні оның жүзін тозақ отынан қорғайды», – деген (имам Тирмизи).

Ибн Дәқиқ әл-Ғид (Алла оны рақымына алсын): «Мұсылманның ар-намысы тозақ шұңқырларының бір шұңқыры», – деп, өзгенің ар-намысына тиюдің, абыройын төгудің жазасы қаншалықты ауыр болатындығын білдірген.

Қадірменді жамағат!

Кісі ақысына қол сұққан адам тәубе етіп, Жаратушы Алла Тағаладан кешірімсұраумен қатар, оның ақысына кіріп, зұлымдық жасаған адамынан да кешірім тілеуі қажет. Дүниеде кешірім алмаса, ертең қияметте ол адамдар қиянат етушінің сауабына ортақтасатын болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Муфлис (банкрот) деген мынадай адам: қияметте амал дәптерінде өте көп намаз, ораза, зекет сауаптары болады. Бірақ кейбір адамдарға түрлі жолмен зияны тиген. Оның сауабы ақы иелеріне беріледі. Ақыларын өтеп бітпей тұрып сауаптары таусылса, ақы иелерінің күнәлары мұның мойнына жүктеліп,жәһәннамға тасталады», –деген (имам Мүслим) 

Мұсылман адам қандай кәсіппен айналысса да өзгенің ақысына кірмей, адал несібе табуды көздеуі қажет.Ардақты Пайғамбарымыз(оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)хадисінде:

طَلَبُ كَسْبِ الْحَلاَلِ فَرِيضَةٌ بَعْدَ الْفَرِيضَةِ

«Адал пайда табуға талпыну – парыздан кейінгі парыз», – деген (имам Бәйһақи).

Алла Тағала біздерге кісі ақысынан сақ болып, берекелі ғұмыр нәсіп еткей! Бүгінгі қасиетті жұма күнгі дұға-тілектеріміз қабыл болсын!

 

 

 

 

 

0 пікір