КЕМЕЛ АДАМ БОЛУ ҮШІН...
КЕМЕЛ АДАМ БОЛУ ҮШІН...
26.11.2019 11:47
2568
0

Жуырда маған өзге діннің өкілдері келді. Ерлі-зайыптылар екен. Исламды қабылдап, шариғат жолымен неке қидырып, мұсылман атанғысы келетіндіктерін айтты. Осы бір оқиға мені екі түрлі ойға жетеледі.

Біріншіден, өзге сенімнің өкілі саналы түрде сенің дініңді қабылдауы көңілге қуаныш сыйлайды. Екіншіден, асыл дінімізге өзбауырларымыз емес, өзгелер ден қойып, шарттарын толық орындап жатқанда, іште бір қыжыл қылаң береді екен.

Жалпы, өзге дін өкілдерінің Исламды қабылдауы қазір анау айтқандай жаңалық емес. Мұндай жандардың қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді. Бірақ, отау құрғандарына 4-5 жыл болған, екі бала тәрбиелеп отырған ерлі-зайыптылардың мұндай шешімге келуі мені таңқалдырмай қойған жоқ. Ақыры олардан неліктен мұндай қадамға барғанын сұрадым:

– Біз таза әрі айналамыз бен отбасымызға мейріммен қамқорлық көрсететін, балаларымызға ізгіліктің дәнін себетін кемел адам болғымыз келеді. Біз осындай жақсы қасиетке ие болудың жолдарын жылдар бойы іздедік. Соңында Ислам дінін оқып, танығаннан кейін біздің арманымыз Ислам дінімен бітеқайнасып жатқанын түсіндік. Сол себепті мұсылман болуға бекіндік, – деп жауап берді ерлі-зайыптылар.

Олардың берген жауабы тұлабойымды керемет бір күйге бөледі. Осы орайда, немістің атақты ақыны Гетенің «Біздер, Еуропа халықтары мәдениетіміз айрықша дамығанымен, хазіреті Мұхаммедтің ұлылығының ең бірінші сатысында ғана тұрмыз. Оған ешқандай шүбә келтіруге болмайды. Және бұдан кейін де одан ешкімнің аса алуы мүмкін емес» деген сөзі санаға орала кетті.

Қасиетті Құран тағылымына зер салсақ, Ұлы Раббымыз: «Бүгін діндеріңді толықтырып сендерге деген нығмет-ырысымды тәмамдадым. Сондай-ақ, сендерге дін ретінде Исламды қаладым» («Майда» сүресі, 3 аят) деп баян етеді. Ұлы Жаратушы адам баласы кемелділік пен парасаттылыққа жету үшін Құранды басшылыққа алып, Ислам көрсеткен әмірлер мен тыйымдарға толық бой ұсынып, оларды өн-бойына сіңіргенде ғана кәміл адам болатындығын меңзеп отыр.

Біз Исламның ішінде жамандық жоқ екенін, оның адамзатқа бақыт пен жақсылық, қуаныш пен шаттық әкелетін дін екенін жақсы білеміз. Десек те, кейде Ислам дінін оқып, толық түсінбеген адамдардың оны ұстанып жүрген бауырларымызға қарата жағымсыз пікірлер айтатынын байқап қалып жатамыз. Осы орайда «Біз Исламның кемелділігін түсініп өзімізді кемел адам болуға тәрбиелеп жатырмыз ба?» деген заңды сұрақ туындайды.

Бабаларымыз адамды сөзіне қарап емес, ісіне қарап таныдеп, жақсылық пен жасампаздықты бойына сіңіріп, адамзат бақыты үшін жан-тәнімен риясыз іс жасайтын адамның кемел адам екенін ескертеді. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің қасиет тұнған хадистерінің бірінде: «Нағыз мықты – күресте қарсыласын жеңген емес, қатты ашуланғанда өз-өзін ұстай (жеңе) білген адам» деп сабырдың кемелділіктің ең биік көрінісі екенін түсіндірген.

Ендеше, кәміл мұсылманың сипатын бойға сіңірген кемел  адам болуға ұмтылайық!

Самарбек СОВЕТ,

Береговое мешітінің имамы,

Тереңкөл ауданы

0 пікір