Жол табалық ақылмен
Жол табалық ақылмен
25.07.2019 12:43
298
0

Атымтай жомарт бір күні көп мал сойып, қаладағы кәріптерге тамақ, киім берген соң: «Қала кедейін тойғызсам да дала кедейі бар шығар»,-деп даладан іздеп келе жатса, үстінде қырық жамау шекпені бар бір адам отын алып жүр екен. Атымтай соған келіп: « Бүгін Атымтай кәріптерге киім, тамақ беріп жатыр, соған баруыңызға болмас па екен»,-дегенде, әлгі жарлы айтыпты: «Сен Атымтайдың жіберген адамы болсаң, оған сәлем айт! Адал еңбекпен қатын-баласын асырап, артылған еңбегімен өзінен төмен кем-кетікке жәрдем қылуға әлі жетіп, соған әбден құмарланып кеткен адамға Атымтайдың керегі жоқ. Мен бүгін қатын-баламды тойғызарлық отын жинап алдым. Енді анау отырған ақсақ шал үшін отын жиып жүрмін. Дені сау адамды Атымтай асырап, тіленшілікке салып жібермесін, кем-кетікке қарассын! Атымтай малмен мырзалық қылады, мен еңбектеріммен мырзалық қыламын. Қайссымыз мырза екенімізді атымтай өзі сынасын»,-депті.

  ***

 Адамда екі түрлі мақсұт бар, оның бірі тән мақсұты, бірі жан мақсұты дейміз. Қара басының қамын ойлап, өзімшілдік , мақтан көксейтін - тән мақсұты. Адамшылық ар мен адал еңбек іздейтін -  жан мақсұты. Бастапқыны көксеген адам, зұлымдық, қиянатпен болса да, мал, мансап, мақтан табуға құмар болады. Соңғыны көксеген адамның адал еңбек, ақ ниеттен басқа іздейтіні жоқ, ол адам баласын ала көруді, қиянат қылуды тіпті ұнатпайды. Осыны біле тұра адамның қиянатшыл, мақтанқұмар болатынының себебі: адам жас күнінде тәжірибесіз балалықпен сәкекүл сәнді киімге, кеңесшіл, кердеңдікке қызығып, соған біржола құмар болады.

 

0 пікір