ЖЕТІ КЕЗЕҢ
ЖЕТІ КЕЗЕҢ
05.05.2020 01:58
495
0

Қарап тұрсаң, адамның өмірі – сыну үшін жаралған бір шөлмек. Біреудікі – ерте, біреудікі кеш, әйтеуір сынбай тынбайды. Шырағың қанша жанса да, Жаратқан Иемнің өлшеп берген жанармайы таусылғанда жалп етіп сөнеді. Адам тіршілігінің жеті кезеңін бастан кешу барлық пенделерге бұйырмаған. Алланың сызығынан ешкім аса алмайды. «Қалай жұтам бұл сабазды» деп қара жер күңіренсе де, Жаратушы аманатын қайтып алады. Адам үшін бәрі өлшеулі, бәрі шектеулі... Көнені жаңа ауыстырады. Жаңаны тудыратын да – сол көне. Көне болмаса, жаңа қайдан шықсын?! Мен де саған көнелердің сөзін көп айтамын. Ежелгіні есте сақтасын, өзінен кейінгі жаңаларға жеткізсін деймін. Иә, балам, «дүние – кезек» деген сол.

Адам тіршілігінің жеті кезеңі дегенім мыналар:

Ана құрсағындағы шарана мерзімі; жөргектегі сәбилік кезі; шапқылап жүрген балалық шағы; жастық дәурені; мосқалдық асуы; егделік белесі; кәрілік түйіні.

Адамдар осы кезеңдердің бәрін бірдей басынан кешірмейді ғой. Жарық дүниені көрмей жатып, ана жүрегінің астындағы тіршілігімен шектелетіндер қаншама?! Бірақ ол да өзінше өмір сүреді. Жігіттік дәуренге жетпей кеткендер ше? Бір сөзбен айтқанда, өлім жас-кәріге, балаға қарамайды, таңдамайды. Талқаны таусылғанды алып кете береді. «Ажал келсе, аял бермес» деп, тура келген ажалға ешбір тосқауыл жоқ. Айналып келгенде, «өмір» деп дабырайтып, ауыз тотырып айтатын адам ғұмыры – кірпікке ілініп дірілдеп тұрған бір тамшы жас. Кірпікке ілінген жас көзге қайтіп кірмейді, ілінген екен, жерге тамбай қоймайды. Тамған соң топыраққа сіңеді. Топырақтан жаралған тәнің Жер-ананың құшағына енеді, анасымен табысады. Денеңе уақытша берілген шыбын жаның ұшып кетеді. Қайда барады? Кімге барады? Ол жақта не бар? Бұл бір Құдайға аян. Былайғы пенделер үшін бұл сұрақтардың жауабы бүркеулі…

Бабалар өсиеті

 

0 пікір