ЖАРАПАЗАН – НАСИХАТ ЖЫРДЫҢ ТӨРЕСІ (+Видео)
ЖАРАПАЗАН – НАСИХАТ ЖЫРДЫҢ ТӨРЕСІ (+Видео)
07.06.2018 15:55
522
0

Хақ дінді қабыл еткен соңғы мың жыл ішінде Ислам өркениеті аясында өмір сүрген Алаш жұртының тіні нәрленіп, діні арайланып, таным көкжиегі кеңейіп, әдет-ғұрпы шариғи рең алып, оған тұрмыс-салты қоса түрленіп, діни жыр-дастандары мен сөз өнері байи түсті. Ер-Түркінің қылыштай өткір, барыстай батыл жауынгерлік рухына шариғат құндылықтары ізгілік пен мейірімділіктің сәулесін себезгілеп, халықтың кенеуі кенішке толып, кеудесі нұрға малынды.

Иә, тұма-қайнардан қуат алып, қанаттанған қағанат мирасқорларының салт-дәстүрі мен мәдениеті жылдан жылға қаз-қаз басып алға жылжыды. Хақ дінді төл нанымы мен тұтымына айналдырған Алаш баласы халықтың рухани сұранысына қарай өзіндік уағыз-насихат айту дәстүрін, өз діни мектебін қалыптастырды. Ер-түріктің ұрпақтары Хақ дариясынан сусындап, шөлін басып ғана қойған жоқ, мұсылман өркениетіне де қал-қадерінше өз үлестерін қосты.

Задында, Тәңір-Тағала бағзыдан Қазақ халқының бойына батырлықтың, таңдайына шешендіктің ұясын салған. Бұл сөзімізге көне заманнан бастап, бүгінгі күнге дейінгі аралықта өмір сүрген жүрегі түкті батырларымыз бен ділмар би-шешендеріміздің һәм алдаспан ақын-жырауларымыздың ғұмыр-тарихтары, ауыздан ауызға жеткен қаһармандық эпостарымыз бен жыр-дастандарымыз, аңыз-әпсаналарымыз, шешендік жырлар мен әңгімелеріміз, яғни әлемдік фольклортануда өзіндік орны бар сөз өнеріміздің асқақтаған дәрпі дәлел бола алады.

Шешендік пен жыршылдық өнердің өркендегенінің бір мысалы ретінде Алаш баласының діни насихат жыры – жарапазан айтуды негізге алсақ болады.

Жарапазан туралы Алаш ардақтылары М.Ж.Көпейұлы, А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамбетовтан бастап, М.Әуезов, С.Сейфуллин, Ә.Қоңыратбаев, Б.Кенжебаев секілді әдебиет  алыптары және К.Матжанов, А.Тойшан, Н.Уәли  және т.б. фольклортанушылар өз еңбектерінде жазып қалдырды. Зерттеушілердің ой-тұжырымдарына қарап, «жарапазан» сөзі мен оның шығу тегіне қатысты көптеген ой-пікірлердің бар екеніне көз жеткізуге болады. Базбірі жарапазан айтуды исламнан бұрын қалыптасқан дәстүр деген пікірді алға тартса, келесі бірі жарапазанды Ислам дінін қабылдағаннан кейін халық поэзиясында пайда болған жанр деп біледі.

Жарапазан жыры исламнан бұрын ескі заманда пайда болған деушілерлердің бірі – Х.Досмұхамедұлы. Ол: «Бұл жырлар жартылай діни сипатты: жарапазаншылар өз өлеңдерінде шариғатқа иек арта отырып, қайыр-садақа, сый сұрайды. Әдебиеттің бұл түрі орыстардың «Колядованиесін» еске түсіреді», – деп жазады. Славян халықтарының көпшілігі өз діни мерекелерінде деревняларды аралап, мақтау жырларын айтып, үй иелерінен олжа алады. Біздегі жарапазан жырларында да кейде үй иесін мақтап, сыйлық сұрау мотиві ұшырасады. Осыны негізге алған Х.Досмұхамедұлы жарапазан мен колядованияны бір-біріне ұқсатқан. Алайда, екеуінде форма тұрғысынан алғанда ұқсастық бар болғанымен, мазмұн тұрғысынан алғанда жарапазан мен колядования бір-біріне мүлде ұқсамайды. Өйткені, біздің жарапазан жырларымызда Алланы дәріптеу, Пайғамбарға салауат айту, халықты дінге шақыру насихаты басым. Мысалы, жарапазаншылар жаратылыс иесі Жаббар Хақ хақында:

Наныңыз жұмақ, тамұқ-тамам барын,

Тағы бар ғаршы, күрсі, лаухи қалам,

Қожасы дүние, ақырет - Алла тағалам

Мұхаммед үмбетіне шақыр рамазан!

- деп жырлайды.

Сондай-ақ, жарапазан жыршылары Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат келтіруде:

Ассалаумағалейкум, мантассалам.

Алланың рахметі жүз мың ғалам.

Үр-рәсул Мұхаммедке жүз мың сәлем!

- деп, иман шарттарын кезек-кезегімен жырлауды да ұмыт қалдырмайды.

Тіпті, жарапазаншылар одан арықарай дін насихатын үдетіп:

Мінгені пайғамбардың жирен дейді

Намазды бес уақыт үйрен дейді.

Намазды бес уақыт үйренбесең,

Ақыретте темір істік түйрер дейді,

- деп, шариғат қабатарына бойлай еніп, діни рәсім-ғұрыптарды мүлтіксіз орындауға шақырады.

Келесі бір зерттеушілер жарапазан генизисін түркілік бастаулардан тамыр жайғанын алға тартады. Мысалы, белгілі фольклортанушы А.Тойшанұлы өз зерттеулерінде түркінің бір бұтағы телеуіттерде де жарапазанға ұқсас «урей» атты өлең-жыр айту салт-жорасы бар екенін ескертіп өтеді. Бірақ, «урейді» жырлаушылар сыйлық алу үшін үй иесін мадақтайды. Көздегеніне қол жеткізбесе теріс тілегін де жаудырады. Яғни, «урей» жырында алғыс пен қарғыс айту қатар жүреді. «Урей» мәтініне назар аударар болсақ:  

Айға тіккен үйіңді, урей!

Алтын менен құрсасын, урей!

Оның ішінде әйекем, урей!

Жетпіс бес жас жасасын, урей!

 Күнге тіккен үйіңді, урей!

Күміс пенен құрсасын, урей!

Оның ішінде жездекем, урей!

Жетпіс жасты жасасын, урей!

Айға тіккен үйіңді, урей!

Аюлар келіп тырнасын, урей!

Күнге тіккен үйіңді, урей!

Жын-пері келіп тырнасын, урей!

«Урей» жырының мазмұнындағы үй иесіне мадақ айтушылық жарапазан жырларында да ұшқындағанымен, қарғыс мотивтері мүлде ұшыраспайды. Жарапазанда тыңдаушы тарапты мадақ айту арқылы жақсылыққа үндейді. Бірақ, қарғыс айтылмайды. Мысалы:

Жарапазан айта келдім, сіз байларға,

Кім кетіп, кім жетпеген бұл айларға?!

Кірерсіз сегіз бейіш сарайларға

Мұхаммед үмбетіне шақыр рамазан!

Бес парыз мұсылманға минат болған,

Ораза, намаз, зекет, қажы, ол - нұр иман!

Бұл айда рахмет нұрға дүние толған,

Мұхаммед үмбетіне шақыр рамазан!

- деп үй иесінің көңілін көтеріп алып барып, иман мен шариғат бекіткен құлшылықтарды мінсіз атқаруға шақырады.

Жарапазан жырының шығу тегін исламмен байланыстыратын нанымды ой-тұжырымды ілкіде Алаш арыстары өз зерттеулеріне арқау етті. Себебі, жарапазан айту жоралғысы ең алдымен мұсылман үмбеті ауыз бекітіп, ораза тұтатын қасиетті Рамазан айында орындалады. Ал, Рамазанда ауыз бекіту үрдісінің халықтың діни тәжірибесінде Ислам дінінің таралуымен пайда болғанына ешкім дау айта алмайды. Бұл жөнінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов:«Жарапазан – рамазан деген сөзден шыққан, ораза уақытында балалар, бозбалалар түнде үйдің тысында тұрып, жарапазан өлеңін айтады» деп ой қорытқан болатын.

Тілдік тұрғыда да жарапазан сөзі «Жа-Рамазан», яғни араб тіліндегі «Рамазан келді» деген сөзден шығады. Туыс түркімен және әзірбайжан халықтарында ораза айында «я-рамазан», Анадолы түріктерінде «рамазан манисі», қырғыздарда «жарамазан» атты жыр айту үрдістері бар. Аталған елдерге де жарапазан айту салтының исламның таралуымен енгені бесенеден белгілі. Тіпті, Мысыр мен Түркияның кейбір өңірлерінде жарапазан айту болмағанмен, Рамазан айы туғанда дауылпазшылар көшеге шығып, дабыл ұрып, қасиетті айдың келгенін сүйіншілейтін салт болған екен. Демек, аталмыш елдер һәм Алаш жұртында да жарапазан дәстүрі Ислам дінінің таралуымен пайда болғаны талассыз шындық деп айта аламыз.

Жоғарыда айтып өттік, Қазақ ежелден бойына шешендік дарыған, қара сөздің қаймағын қалқыған бекзат халық. Әрбір нәрсенің сырын ашар теңеу мен ұйқасты тапқырлықпен тауып айтып, өлең-жырмен қалауын келтіріп, қар жандыра алады. Тарихымызда бітіспес дау мен ердің құнын екі ауыз сөзбен шешіп, қара қылды қақ жарған небір би-шешендеріміз өмірден өткен. Аланың берген осындай таптырмас қасиет-қабілетін Алаш баласы дін насихатында орнықты қолдана білді. Бұл жөнінде әдебиет алыбы М.Әуезов:  

«Қазақ ортасына ісләм дінінің тарауына көбінесе қазақтың ақындықты сүюі себеп болды деген дұрыс пікір. Елге не жайылса да, әдебиет жұрнағы болып, әдебиет өлшеуінің біріне түскен соң ғана жайылатын болған. Өлеңсіз, әңгімесіз, сұлу сөзсіз келген құрғақ үгіт болса, ондайды ел тыңдамаған да, ұқпаған, ықылас қоймайтын болған. Сондықтан мұсылманшылық дін де қазақ елінің табиғатына, ыңғайына қарай ұйысып келген..» деп ой қорытадыБіздің айтпағымыз, Қазақ поэзиясында жарапазан жанрының көрініс беруіне де Қазақ халқының дін насихатына өлең-жырды арқау етуі өзек болған еді. 

Дала мәдениетіне ұласқан жарапазан жырын арнайы дін оқымыстылардан көрі көбіне-көп ақындар мен өнерпаздар һәм қарапайым жұртшылық айтқан. Мұны біржағынан халық діндарлығының көрінісі деуге болады. Десе де, жарапазан жыр мәтіндеріне назар салар болсақ, қара өлеңге құрылған жарапазан жырларының діни тұрғыда өте сауатты жазылғанына куә боламыз. Мысалы:

Біреуі бес намаздың таң намазы,

Оқыған тал түстегі қай намазы.

Ораза намазыңды күтіп барсаң,

Терісі шұбар киіктен-жайнамазы.

Біреуі бес намаздың бесін біл тек,

Аллаға оқыдым деп қылма міндет.

Аллаға оқыдым деп қылсаң міндет,

Алдыңда дайын тұрар екі жендет.

Біреуі бес намаздың екінтіні,

Үстінен жалғыз қылдың секіртеді.

Қылмысың ол дүниеге жақпай барсаң,

Барғанда ахиретте өкіртеді.

Біреуі бес намаздың ақшам намаз,

Қойыңдай алдыңдағы бақсаң намаз.

Намазды әр уақыт қылсаң қаза,

Тартасың ахиретте өзің жаза.

Біреуі бес намаздың Жашихты,

Білген адам тартады тәспиықты.

Ораза намазыңды күтіп барсаң,

Алдыңда періштелер бас иіпті.

- деген жарапазан шумақтарында бес уақыт құлшылықтың әрбірінің хикметі тамаша жырмен өріледі. Халық поэзиясындағы осы тақылеттес жарапазан жырларына қарап, ұлтымыздың діни сауаты мен діндарлық деңгейінің биік болғанын аңғарамыз.

Түйін

Өткен ғасырда Кеңес үкіметі дін насихатына тиым салған соң халық тәжірибесінде жарапазан айтушылық та біршама сұйыла түсті. Қаймағы бұзылмаған қазақы орталарда ғана жарапазан айту толастаған жоқ. Тәуелсіздіктің таңы атқан тоқсаныншы жылдары көптеген рухани дүниелеріміз қайта жаңғыра бастады. Осы кезде ауыл-ауылдағы өнерпаздарымыз жарапазан айтып, елдің рухын әуезді жырларымен оятып, ескі жыр-маржанымызды қайта түлетті. Дегенмен, бұл үрдіс әлі де кең тұрғыда бұқаралық сипат алу үшін жарапазан айтудың заманауи үлгісін қалыптастыруымыз керек сияқты. Ол үшін жарапазан жырларына байқау жариялап, мектептердегі салт-дәстүр үйірмелері, мәдениет үйлері, әдеби клубтар және т.б. да өнер құрылымдары жарапазанның озық нұсқаларын халық дағдысына енгізуге күш салу қажет. Өйткені, жарапазанды жаңғырту – рухани жаңғыруымызға сеп болатыны хақ!

Серікбай қажы ОРАЗ,

Қазақстан мұсылмандары діни

басқармасының төрағасы, Бас мүфти

0 пікір