ЖАЛҚАУЛЫҚ
ЖАЛҚАУЛЫҚ
08.12.2019 11:49
3314
0

Жалқаулық— адам бойындағы жағымсыз сипат. Жұмысқа мойны жар бермейтін еріншек, бойкүйезкежірлікті білдіретін мінездегі ұнамсыз сипат.

Жалқаулық кежегесі кейін тартқан кежірлік, жайбасарлық.

Жалқаулық шабан қозғалысымен, бойкүйездік еріншектігімен, кертартпа кежірлісімен айқындалатын адам мінезіндегі ерекшелік.

Жалқаулық жұмыс істегісі келмей еріну, салғыртсыну сияқты адам мінезіндегі көріністерден де анық аңғарылады.

Жалқаулыққа салыну кежегесі кейін тартып іс-әрекет етуге ерінуді білдіреді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Уа, Жаратқан Алла Тағалам! Қайғы-қасіреттен, уайым жеуден, дәрменсіздіктен, жалқаулықтан, қорқаулықтан, сараңдықтан, қарызға белшеден батудан және адамдардың зорлық-зомбылығынан Өзіңе сыйынамын», - деп дұға жасаған. Үмбетіне де бұл дұғаны үйреткен.

Ал сахабалар қамшысы жерге түсіп кетсе, ат үстінен өзі түсіп, өзі алатын.

Қазақ халқында  жалқаулық туралы «Диқаншы нанын жейді, еріншек арын жейді» деген нақыл сөз бар.

Абай атамыздың 38-ші қара сөзі де: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі - надандық, екіншісі - еріншектік, үшінші - залымдық деп білесің. Еріншектік - күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік - бәрі осыдан шығады» деген.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы былай дейді: 

«Кедейлік  үш  ағайынды  болады: үлкені  –  кежірлік,  ортаншысы  – еріншектік, кенжесі – ұйқы». Демек, кедейлікке құшақ жайып, жалқаулық дертін асқындыратын осы үшеу екен. Содан соң Мәшһүр атамыз сөзін жалғап олардан құтылудың жолын айтады: 

«Кежірліктің тамыры желкеде болады. Кежір кісінің желкесінен тартып, қаңтарып қойған қырық  қаңтаруы  болады. Бірі жіберсе де, бірі жібермей, ішетұғын астан, алатұғын олжадан  құр  қалдырады. Жалқаулықтың  тамыры  жерге  отырарлық  дүнбенің  алақан аясындай  айналасында  болады. Орнынан қозғалып тұрғысы  келмейді,  шайқалып  отыра береді. Ұйқының  тамыры  шынтақта  болады. Ұйқышы болатұғын қу шынтағын жерге тіреп жата береді.

Тілалғыш, елгезек болып үйрен, кежірліктен құтыласың. Тіпті дәнеме қылмасаң да, жаяу аяңдап, олай-былай жүріп үйрен, жалқаулықтан құтыласың! Дүние-ақыреттің бірі  болмаса, бірінің уайымын ойлап: «Қалай қыламын, қайтіп  есебін табамын?!» – деген ойға түс, ұйқышылықтан құтыласың. Бұл үшеуінен құтылсаң, әр нәрсеге жетеді.

Бұл үшеуі: бірі желкеңнен тартып, біреуі дүнбе құйрығының жерге қарай жабыстырып, бірі шынтағыңнан қисайта құлатып жібермей, табандап жатқан соң, қолың қайда жетсін?! Өзіңнен-өзің құйрығыңнан кейін қарай кетіп, қор боласың».

Жалқаулық - адам жанын аздыратын, адамдық затын тоздыратын кесапатты кеселдің бірі. Кедейліктің көктейтін мекені. Абай атамыз да бір өлеңінде: «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, аздырар адам баласын» деген.

Дініміз Ислам жалқаулықты құптамайды. Ондай қасиеттен аулақ болуға бұйырады. Одан да еңбек етіп, адал ас, тәтті нан жеп отырғанға не жетсін!? Еңбектің наны қашан да тәтті.

Жетті жұттың бірі-жалқаулық. Ол шынымен адамды жұтып тынуға қауқары жететін жаман әдет. Ал бір мемлекетте жалқаулар көп болса, онда ол елдің болашағына тұтастай қауіп төнді дегенді білдіреді.Егер гендік қару секілді, адам бойындағы жалқаулықты арттыратын қару ойланып табылса, онда сөз жоқ кез-келген ел ол қаруды жауына қарсы күш ретінде пайдаланар еді. Демек, біз жалқау болсақ, дұшпанымыздың бірінші тілегін бұлжытпай орындап береміз деген сөз.

Ендеше жалқаулық сияқты мінездегі жағымсыз сипаттан арылу үшін адам күнделікті тіршілікте өз алдына мақсат-міндет қойып, оны қалайда әрекет жасап жүзеге асыруым керек деген талап қойып отыруы қажет.

 

Бақытбек ТӨЛЕГЕНҰЛЫ

(Ертіс ауданының бас имамы)

 

0 пікір