ИСЛАМИ ТЕРМИНДЕР-У
ИСЛАМИ ТЕРМИНДЕР-У
12.10.2019 13:32
132
0

У

 Уағыз  – үгіт, насихат.

Уағызшы  – уағыз, үгіт, насихат айтатын адам. 

Уазифа (уазипа)  – міндет, қызмет.

Уақс  – зекет шығарған кезде екі парыздың арасындағы артық сан. Уақстан зекет шығармайды. Мысалы, егер сиырдың саны отызға жетсе, одан бір жастан асқан бір тананы зекет ретінде шығару парыз. Егер сиырдың саны қырыққа жетсе, екі жастан асқан бір сиырды зекет ретінде беру парыз. Ал осы отыз бен қырықтың аралығындағы сандарды «уақс» деп атайды.

Уақф (уақып)  – Алла разылығы үшін белгілі бір мүлікті, белгілі бір мақсатта қайырымдылыққа бағыштау. Уақфқа мүлікті шектеулі бір мерзімге немесе өмір бойыға да беруге болады.

Уақытша неке – белгілі бір мерзімге дейін некеге отыру. Ислам шариғатында уақытша некеге тыйым салынған. Қара: мутға некесі.

Уарғ  – Алланың алдына күнәкар болып қалам ба деп халал не харам екендігі белгісіз және күмәнді нәрселерден бас тарту.

Уарғ – тақуалық белгісі. Уасқ  – 252-342 литр немесе 194,3 келі бидайға тең өлшем.

Уахи  – Алла Тағаланың пайғамбар етіп таңдаған құлына адамзатқа таныс емес, жылдам әрі жасырын жолмен беретін бұйрықтары, тыйымдары және хабарлары. «Уахи» сөзі араб тілінде жасырын хабар беру, жылдам ишарат ету деген мағыналарды береді. Бұл сөздің түбірі негізінен екі мағынаны қамтиды: жасырын және жылдам. Сондықтан жылдам әрі басқалардан жасырын жеткізілген хабар араб тілінде «уахи» деп аталады.

Уәди  – жыныстық мүшеден күшенген кезде, кіші дәретке отырғаннан кейін бөлінетін қою ақ сұйықтық. Ол ғұсылды бұзбайды, бірақ дәретті бұзады.

Уәжіп  – шариғатта орындауға міндетті, орындамаған жағдайда күнә, істесе сауап алатын істер. Парыздан айырмашылығы ол істі мойындамаған адам діннен шықпайды. Ал парызды мойындамаған адам діннен шығады. Кез келген құлшылықтың парызы өтелмесе, ол құлшылық дұрыс емес деп есептеледі, ал уажібі орындалмаса, жасаған құлшылығы дұрыс, бірақ орнын толтыру керек болады. Мысалы, егер намаз оқушы намаздың уәжіптерінің бірін жаңылысып немесе ұмытып орындамаса намазы бұзылмайды, бірақ намаз соңында міндетті түрде сәһу сәждесін жасайды. Қажылықтың уәжібін орындамаған адам, құрбандық шалады.

Уәжіп болды – тиіс болды, міндетті саналды.

Уәкіл  – қараңыз: өкіл.

Уәли І  – қамқоршы, шариғатта қызды ұзататын кезде оның ісін жүргізуші әкесі, ағасы секілді ер туысқаны. Сонымен қатар, балиғатқа толмаған сәбидің ісін жүргізетін қамқоршысы да «уәли» деп аталады.

Уәли ІІ – бұл сөздің астарында өзінің тақуалығымен, барлық діни міндеттерін мүлтіксіз орындауымен және мұнан да басқа көптеген игі істерді атқаруымен ерекшеленетін адам меңзеледі. Бұл сөз араб тілінің үш түбірлі (уау, ләм және йә) сөзінен тұрады. Осы түбірден туындаған өзге етістіктер де «жақын болу», «басқару», «дос пейілді қатынас ұстану», «көмек қолын созу» т.б. мағыналарды білдіреді. «Уәли» аталатын адам үнемі Аллаға ғибадат етіп, Оған бойсұнудан шет қалмайды және Оған бағынбаушылыққа жол бермейді.

Уәсилә  – тек Пайғамбарымызға (с.ғ.с) арналған жан­наттың ең жоғарғы сатысы. Удуу  – дәрет. Удхия  – құрбан айт кезінде Алланың ризалығы үшін құрбандыққа шалынатын мал. «Удхия» сөзі араб тілінде духа (сәске) уақытында сойылатын құрбандық деген мағына береді.

Уисал оразасы  – екі не одан да көп күн қатарынан аузын ашпай ораза ұстау. Яғни түнде де аузын ашпастан қатарынан екі не одан да көп күн ораза ұстау. Ислам шариғатында бұлай ораза ұстау макруһ.

Уқия  – 37-44 грамға тең салмақ өлшемі және 40 дирһамға тең күміс ділдә.

Улу әл-ғазм  – ұлы бес пайғамбар. Олар: Нұх, Ибраһим, Мұса, Иса және Мұхаммед (Алланың оларға сәлемі мен салауаты болсын).

Умму әл-Китаб  – Кітаптың анасы. «Фатиха» сүресінің бір атауы.

Умму әл-Қуран  – Құранның анасы. «Фатиха» сүресінің бір атауы. «Фатиха» сүресінде Құранның бүкіл мағынасы қамтылғандықтан осылай аталады.

Умра  – кіші қажылық, Қағба мешітін белгілі ғибадат түрін орындау мақсатымен зиярат ету. «Умра» сөзі араб тілінде «зиярат ету» деген мағынаны береді. Оны қажылық күндерінен басқа жылдың кез келген мезгілінде өтеуге болады. Умрада Минада түнеу, Арафат тауында тұру, Муздалифаға қону мен шайтанға тас ату және парыз тауабы секілді рәсімдер орындалмайды. Әл-Уруату әл-усқа  – ең берік тұтқа. Ислам дінінің теңеуі.

Ухуд  – Мәдина маңындағы таудың аты. Осы таудың маңында мұсылмандар меккеліктерден жеңіліске ұшырап, осы шайқаста жетпістен астам мұсылман шаһид болған. Осы шайқас Ислам тарихында «Ухуд соғысы» деген атпен танымал.  

 

0 пікір