ИСЛАМИ ТЕРМИНДЕР-Т
ИСЛАМИ ТЕРМИНДЕР-Т
15.10.2019 10:44
1068
0

Т

Табиғин (тәбиғин)  – сахабаға серік болған адам. Кейбіреулер тәбиғинді сахабаны көрген және мұсылман болып қайтыс болған адам дейді. Тәбиғин сахабадан хадисті алған немесе естіген кезде мұсылман болуы шарт емес. Егер ол хадисті бір сахабадан кәпір кезінде естіп, сол сахаба қайтыс болғаннан кейін Ислам дінін қабылдап, естіген хадисін риуаят етсе, оның риуаят еткен хадисі қабыл етіледі және ол тәбиғин деп есептеледі.

 Табиғу табиғин  – табиғиндердің көзін көрген буын өкілдері.

Табақа  – жастары шамалас және бір-бірінің ұстаздары бір немесе ұстаздары бір-біріне жақын ғалымдар тобы. Хадис ілімінде қолданылатын термин. «Табақа» араб тілінде «саты», «қабат», «тап» және «дәреже» деген мағыналарды береді.

 Табақат әр-рууат  – рауи­лер­дің дәрежелері. Хафиз ибн Хажардың рауилер дәрежелерін бөлуі:

 1) Сахабалар.

2) Үлкен табиғиндер дәрежесі. Мысалы, Ибн әл-Мусайяб.

 3) Орта табиғиндер дәрежесі. Мысалы, Ибн Сиррин, Хасан әл-Басри.

4) Көп риуаяттарын үлкен табиғиндерден алғандар. Мысалы: әз-Зуһри және Қатада.

5) Кіші табиғиндер. Олар бір-екі сахабаны ғана көргендер және олардың көпшілігі сахабалардан өздері естіп риуаят етпеген. Мысалы: әл-Ағмаш.

6) Бесінші топтағылармен бір заманда өмір сүргендер, бірақ олар сахабаларды көргендіктері дәлелденбеген. Мысалы, Ибн әл-Журайж.  

7) Табиғиндердің үлкен ізбасарларының дәрежесі. Оларды араб тілінде  «әтбәғу әт-табиғин» деп атайды. Яғни табиғиндердің ізбасарлары, орынбасарлары, ілесушілері. Мысалы, имам Мәлик және әс-Сәури.

8) Тәбиғиндердің орта ізбасарларының дәрежесі (сатысы). Мысалы: Ибн Уяинә және Ибн Уләйя.

9. Тәбиғиндердің кіші ізбасарларының сатысы (дәрежесі). Мысалы: Язид ибн Һарун, Имам Шәфиғи, Әбу Дауд әт-Таялиси және Абдур-Раззақ.

10. Тәбиғиндердің ізбасарларының үлкен шәкірттері. Олар тәбиғиндердің өздерін кездестірмегендер. Мысалы: Ахмад ибн Ханбал.

 11. Тәбиғиндердің ізбасарларының орта шәкірттері. Мысалы: әз-Зуһли және Имам әл-Бұхари.

12. Тәбиғиндердің ізбасарларының кіші шәкірттері. Мысалы: Имам әт-Тирмизи.

Табиғин  – сахабаның көзін көріп, тәлім алған мұсылман.

Табыт – өлген адамның денесін алып жүретін арнаулы қорап.

Тағала  – жоғары мәртебелі. Бұл сөз «Алла», «Құдай», «Хақ» сөздерімен қосарланып қолданылады.

Тағдил  – сәнәдта келген рауилердің сипаттарын зерттеп, олардың әділдіктерін анықтап, хадистерін жарамды етіп шығару.

Тағдил әл-аркан (тағдил әл-әркән) – намаз парыздарын дұрыстап, әрбір парызды өз орнымен толық орындау.  Имам Әбу Ханифа мен Мұхаммед әш-Шәйбәнидің пікірінше, намаз барысында «тағдил әл-аркан» – уәжіп. Ал Әбу Юсуф пен имам Шафиғидің пікірінше, бір тәсбих айтатын уақыттың көлеміндей «тағдил әл-аркан» жасау – парыз.

Тағдыр – Алла Тағала алдын ала жазып қойған, болып өткен және болатын жайттардың барлығын, сондай-ақ барлық жаратылғандар мен оларға қатысты істерді қамтитын Алланың даналығы мен ерік-қалауына сәйкес өз уақытында орындалатын істер.

Тағут  – жалған құдайлар, пұттар және өзіне құлшылық етуді талап еткен зұлым патшалар.

Тадбиб  – қолжазбаларда бір тіркестің немесе сөздің немесе сөйлемнің мағынасы түсініксіз болып тұрған кезде сол түсініксіз тіркестің үстіне қойылатын белгі. Кейде «тамрид» деп те аталады. Ол жуан «сад» әрпінің сөз басындағы жазылу үлгісіне ұқсайды (  ). «Тадбиб» араб тіліндегі «дабаб» ( – тұман) деген сөзінен алынған. Яғни сөйлемнің мағынасы бұлыңғыр,  тұманды, түсініксіз деген мағына береді.

Тажал – өтірікші, бүлікші. Қара: дажжал.

Тақуа  – Алладан қорқатын, харам нәрселерден бойын аулақ ұстап, Алланың бұйрықтарын орындайтын мүмін адам.

Тақуалық – Алладан қорқу, Алланың және Оның ел­шісінің (с.ғ.с) бұйрықтарын бұлжытпай орындап, шариғат ты­йым салған амалдардан аулақ жүру.

 Талақ  – ерлі-зайыптылардың ажырасуы. Шариғат бойынша, ер адамның әйеліне: «Сен талақсың» немесе дәл осы мағынаны беретін сөздерді қолдануы арқылы олардың арасындағы некенің үзілуі.

Талақ бәйн  – анық айырылысу. Талақ бәйн іштей талақ бәйн бәйнунә суғра және талақ бәйн бәйнунә куб­ра болып екіге бөлінеді. Талақ бәйн бәйнунә суғрадан (кіші анық айырылысу) кейін ер адам талақ етілген әйелін тек жаңа неке қидыру және жаңадан мәһр беру арқылы ғана қайтарып ала алады.  Талақ бәйн бәйнунә куб­радан (үлкен анық айырылысу) кейін ер адам талақ етілген әйеліне тек ол әйел басқа еркекке тұрмысқа шығып, одан ажырасқаннан соң ғана қайта үйлене алады. 

Талақ ражғи  – ажырасудың ер адам әйеліне талақ берген соң, оны өзіне қайтарып алуға құқы болатын түрі. Ер адам мұндай жағдайда әйелінің келісімінсіз оны қайтарып ала алады.

Тамрид  – хадис ілімінде сәнәдтағы рауилердің арасын жалғастыратын сөздер. «Тамрид» сөзі араб тілінде «ауру адамға қарау» деген мағына береді. Бұл сөздер көбінесе әлсіз (дағиф, жарамсыз) хадистердің сәнәдінде кездеседі және ырықсыз етіс түрінде қолданылады. Мысалы:  «қилә» (айтылды),  «руия ан» (риуаят етілді),  «юруа» (риуаят етіледі),  «юзкар» (еске түсіріледі) және т.б.

Тамұқ – тозақтың бір атауы.

Танғим  – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) заманында Харам аймағының сыртында болған жердің аты. Мекке тұрғындары умра жасау үшін Харам территориясының сыртына шығып ихрам хәліне өтеді. Олар көп жағдайда осы Танғимге барады. Сол сияқты умра немесе қажылыққа келген Меккеден басқа елдің тұрғындары да Меккеде болған кездерінде қайта умра жасағылары келсе, Мекке тұрғындары секілді Харам территориясының сыртына шығып ихрам хәліне өтеді. Олар да  көп жағдайда осы Танғимге барады. Танғимде Айша анамыздың атындағы мешіт бар. Сондықтан ол жер «Айша мешіті» деп те аталады.  

Таразы – Қиямет күні адамдардың осы дүниедегі амалдары, жақсылықтары мен жамандықтары тартылатын таразы. Қара: Мизан таразы.

Тарауих (тарауық) намазы  – рамазан айында құптан намазынан кейін жамағатпен оқылатын, жиырма ракағатты бекітілген сүннет намазы. Тарауих намазы ер және әйел кісілер үшін бірдей суннә муаккада (бекітілген сүннет). Оны кейде «қиямул-ләйл» деп атайды. Себебі ол рамазаннан басқа кездердегі түнде оқылатын намаздың орнына жүреді. «Тарауих» сөзі араб тіліндегі «дем алу» деген түбірден шыққан. Сол себепті де бұл намаз «тарауих», яғни арасында дем алатын деп аталған.

Таржиғ  – азан айтқан кезде алдымен іштей азанның бір сөйлемін айтып алып, сосын дауыстап қайта айту. Азан айт­қан кезде таржиғ жасау мәлики және шафиғи мазһабтарында ғана бар. Ал барлық мазһабтарда қамат айтқан кезде таржиғ жоқ.

 Таржих  – таңдау, екі заттың бірін басым яки дұрыс деп есептеу. Егер екі хадис бір-біріне сыртқы мағыналары қарама-қарсы болып келсе, ол екеуін бір-біріне қарама-қарсы келмейтіндей мағыналарымен түсіндіреді немесе екі хадистің нені меңзеп отырғандығын ашып береді. Егер сол екі хадистің мағыналарын бір-біріне қарсы емес мағынада түсіндіру мүмкін болмаса, екеуінің бірін таңдайды. Міне осыны «таржих» деп атайды. Көп жағдайда хадисті рауилердің сипаттарына қарап дұрысын анықтайды.

Тариқ.  «тариқ» сөзі араб тілінде жол деген мағынаны береді. Хадис ілімінде хадисті жеткізген рауилердің аттары деген мағынаны береді.

Тасаттық – құрғақшылық кезінде Алладан жаңбыр сұрап,  құрбандыққа мал шалу салты.   

Тасаууф – сопылық.   «Тасаууф» сөзінің шығу тегіне қатыс­ты ғалымдар арасында әртүрлі көзқарас бар. Мысалы:

 1. Ішкі дүниенің пәктігі мен сыртқы пішіннің тазалығы. Бұл «тасаууф» сөзінің түбірі «саф» (таза, пәк) деген сөз деп есептейтіндердің пікірі;

2. Намазда бірінші сапта тұру;

3. Суффада отыру. Суффа – Мадинадағы Пайғамбар (с.ғ.с) мешітінің жанындағы көтеріңкі орын. Әдетте, Пайғамбардың заманында сол жерге Меккеден Мадинаға қоныс аударған кедей мұсылмандар жиналып отыратын;

4. Жүннен тоқылған киім кию. Бұл «тасаууф» сөзінің түбірі «суф» (жүн) деген сөз деп есептейтіндердің пікірі. Қара: сопылық.

Тасборан (ражм) – адамды зина жасағаны үшін таспен атқылап өлтіру. Исламда мұндай жазаға некеде бола тұра, ойнастық жасаған еркек пен әйел ұшырайды.

Тасил  – мирасты мұрагерлердің арасында бөліске салғанда олардың үлестерін бөліп беру үшін үлестердің әрқайсысына бөлінетін ортақ санды табу.

Тасуға (тәсуға)  – ай күнтізбесі бойынша мухаррам айының тоғызыншы күні. Бұл күнді мухаррам айының оныншы күніне қосып ораза ұстау – сүннет.

Тасхиф  – хадисті жазу барысында сөздің қаңқасы сақталып, бірақ әріптің нүктелерінде кеткен қателер. «Тасхиф» сөзі араб тілінде «қате айту», «қате жазу» деген мағыналарды береді. Мысалы,  және  сөздері,  және  сөздері сияқты. Тасхиф хадистің мәтінінде және сәнәдінде де кездесе береді және есту кезі мен көру кезінде де болады. Қара: мусаххаф.

Тасхих  – түзеу, дұрыстау. Мирас ілімінде мәселенің негізі (асл әл-мәсәлә) ретінде алынған ортақ санды мұрагерлер үлестері арасында дұрыс бөліну үшін оны түзету немесе дұрыстау «тасхих» деп аталады.

Тауап (тауаф)  – Қағбаны қара тас бұрыштан бастап, сағат тіліне қарама-қарсы бағытта жеті рет айналу.

Тауаррук  – намазда екі аяқты оң жаққа жіберіп, құйрықпен жерге отыру.

 Тауаф әл-ифада  – зул-хижжа айының оныншы жұлдызында құрбандық шалу күнінен бастап қажылардың Қағбаны тауап етуі. Бұл «парыз тауабы» деп те аталады.

Тауаф әл-қудум  – Қағбаға келгенде сәлемдесу ретінде жасалатын тауап. Бұл «сәлем тауабы» деп те аталады.

Тауаф әл-уадағ  – қажылардың Меккеден қайтардағы қоштасу тауабы.

Тауаф әз-зияра  – қажылықтың парыз тауабы. Қара: тауаф әл-ифада.

Тауқифи іс  – Алланың қалауымен ғана болатын, адамдардың шешімі араласпайтын іс.

Таурат (Тәурат)  – Алла Тағаладан Мұса пайғамбарға түскен кітап.

Таурис  – мирасты үлестіру.

Таурия (тәурия)  – сырттай жалған айтқан болып көрінгенмен, адамның өзі үшін дұрыс мағынаны меңзеп айтқан, бірақ екінші адамның сұрағына басқа ұғым беретіндей етіп жауап беруі. Шариғатта соғыста, адамдарды татуластыруда, мұсылмандардың арасында ірікті үшін және басқа да қиын жағдайға тап болғанда таурия әдісін қолдануға рұқсат етіледі.

Таухид  – Алла Тағаланы бүкіл әлемді жалғыз Жаратушы, Одан басқа құдай жоқ екендігіне және Оның есім-сипаттарында Дара екендігіне сену. Таухид, сонымен қатар осы аталғандарда Аллаға ешкімді серік етпеуді, Одан басқа құлшылық етуге лайық тәңір жоқ екендігін де қамтиды.

Тафсир (тәпсір)  – Құран Кәрім сүрелері мен аят­тарының мағынасын ашу, түсіндіру.

Тахаруж  – мұрагерлердің өзара келісулері негізінде олардың бірінің мирасқа қалған дүние-мүліктен өзіне тиесілі үлестен орнына басқа бір зат не құқық алу арқылы бас тартуы.

Тахрим  – бір нәрсені харам ету, одан тыю. «Тахрим» сөзі араб тілінде «харам» сөзінен шыққан туынды сөз.

Тахрима  – Аллаға деген шынайы ықыласпен намазды бастау.

Таһажжуд намазы (тәһажжуд)  – түн ауа бас­тап, таң намазының уақыты кіргенге дейін оқылатын түнгі нәпіл намаз. Оны екі ракағаттан екі, төрт және сегіз қылып, қалағанынша оқуға болады.

Таһарат  – мұсылманның намаз оқудан бұрын дененің тиісті бөліктерін жуу арқылы орындалатын тазалану шарасы. Қараңыз: дәрет алу.

Таһир уа мутаһһир  – таза және тазалаушы. Фиқһ ілімінде таза және басқа заттарды нәжістен тазалауға жарамды су «таһир уа мутаһһир» деп аталады. Яғни ол суды ішуге, дәрет алуға және нәжісті кетіру үшін пайдалануға болады. Бұл суға құдық, өзен, көл, теңіз, жаңбыр, қар, бұршақ, бұлақ және т.б. ащы және тұщы судың барлығы жатады. Бұл сулардың тазалығына жер қыртысындағы темірдің және тағы басқа металдар мен топырақтың дәмі және исі әсер етпейді. Сол сияқты осындай суларға түскен ағаш пен өсімдік тамырының, жапырақтарының және жемістерінің дәмі оның тазалығын жоймайды. Мұндай суларда құрбақа және басқа да бақа-шаяндардың мекендеуі оны ластамайды.

 «Ташаһһуд» дұғасы (тәшаһһуд)  – намаздың әр екі ракағатынан кейінгі отыруларда оқылатын дұға. Қара: әт-тахият.

Ташриқ күндері  – құрбан айттан кейінгі зул-хижжа айының 11,12 және 13-күндері. «Ташриқ» сөзі араб тілінде етті жіліктеп, күнге кептіру деген мағынаны береді. Айттан кейінгі күндерде құрбандыққа сойылған малдың еті жілікке бөлініп, кептірілетін болғандықтан, бұл күндер «ташриқ күндері» деп аталған.

 Ташриқ тәкбірлері  – Арафа күнінің таңынан бастап, айт күндерінің төртінші күнінің екінді намазына де­йін, парыз намаздарынан соң айтылатын тәкбірлер. Бұл тәкбір­лерді айту – уәжіп.

Тәбәрік (теберік) – естелік үшін алынатын не пайдаланатын қастерлі зат.

Тәбәттул  – өмірден безіну, тәркі дүниелік, өмірден үйленбей бойдақ өту.

Тәғаууз  – «Ағузу билләһи минәш-шайтанир-ражим» деп айту.

 Тәдлис әл-атф  – тізбектеу жалғандығы. Рауи хадисті өзінің бір ұстазынан риуаят еткенін ашық айтады да, одан кейін сол хадисті екінші бір ұстазына да теледі. Яғни ол алғашқы ұстазынан естіген хадисті екінші ұстазынан естімеген.

Тәдлис әл-биләд  – елді мекен жалғандығы. Мысалы, Мысырдағы бір рауи: «Маған бұл хадисті пәленше Андалуста (Андалус Испанияның мұсылмандар билік жүргізіп тұрғандағы аты) айтты», – десе. Әлемге танымал Андалус (Испания) біреу ғана. Бірақ, әл-Қарафа деген жерде «Андалус» деген елді мекен бар. Рауи осы екінші Андалусты мақсат етіп отыр. Хадисті бұлай риуаят ету макруһ. Себебі естіп отырған адам рауи хадис жинау мақсатымен танымал Андалусқа барған екен деп ойлайды. Тек рауидің қай жерді айтып отырғандығы естіп отырғандарға түсінікті болса ғана хадисті бұлай риуаят етуге болады.

 Тәдлис әл-иснад  – сәнәдтағы жалғандық. Ол өзі жолықтырған бірақ одан сол хадисті естімеген кісінің сол хадис­ті жолықтырған адамнан риуаят етуі. Мысалы, пәленше айтты, пәленшеден естідім немесе жай ғана пәленшеден деп айтуы.

Тәдлис әл-қадғ  – үзу жалғандығы. Кейде оны «жасыру жалғандығы» деп те атайды. Рауи хадисті сәнәдімен риуаят етіп жатқан кезде жасыру немесе үзу мақсатымен кідіру (тоқтау, үзіліс жасау).

Тәдлис әт-тәсуия  – сәнәдті реттеудегі жалғандық. Ол рауи бірін-бірі көрген сенімді ( – сиқа) екі адамның арасындағы әлсіз адамды әдейі түсіріп тастауы. Бұл жағдайда хадистің сәнәді толығымен тура болуы мүмкін сол үшін әлсіз рауиді хадистің сәнәдінен алып тастайды. Сол арқылы хадистің сәнәді дұрыс болып шыға келеді. Бұл жалғандықтың ең жаман түрі. Бұл атаққа Бақиа ибн әл-Уалид әл-Киләби ие болған. Ғұламалар: «Бақианың хадисінен сақ бол. Оның хадисі таза болмайды», – деп ескерткен.

Тәдлис әш-шуйух  – ұстаздардың (шейхтардың) атындағы жалғандық. Рауи өзінің шейхін, яғни ұстазын адамдар арасында танымал емес атымен, лақабымен атау немесе си­паттау. Рауидің ұстазын бұлай атауының бірнеше себептері бар: 1) Ұстазы әлсіз немесе сенімсіз болуы мүмкін. 2) Ұстазы рауидің өзінен жас болуы мүмкін. 3) Ұстазынан көп риуаят еткеннен кейін оны қайта-қайта бір атпен атай бергеннен әртүрлі есімдермен, лақаптармен атағанды жөн көруі мүмкін.

 Тәйәммум (таяммум, тәяммум)  – су жоқта немесе суды пайдалануға шамасы келмеген кезде дәреттің немесе ғұсылдың орнына бетке және екі қолға таза жер жынысымен мәсіх жасау. «Тәйәммум» сөзі араб тілінде «мақсат» деген мағына береді.

Тәкаппарлық  – ақиқаттан бас тарту және адамдарға менсінбей қатынас жасау. Тәкаппарлық шариғат тыйым салған ең жаман күнәлардың бірі.

Тәкбир (тәкбір)  – Алланы ұлықтау. «Аллау әкбар» (Алла ұлық) деп айту.

Тәкбір айту – «Аллау әкбар» деп айту.

Тәкбирату әл-ихрам (тәкбиратул-ихрам)   – намазды бастаған кезде айтылатын алғашқы тәкбір. Тәкбиратул ихрамды «Аллау әкбар» сөзімен бастайды. Бұлай аталу себебі, намаз ішінде намаз сыртында істелетін істерге тыйым салынады.

Тәлбия  – қажылық және умра кезінде миқаттан бастап, Қағбаны көргенге дейін айтылатын дұға. Айтылуы: «Ләббәйкә Аллаумма, ләббәйк! Ләббәйкә, лә шәрикә ләкә ләббәйк! Иннәл-хамдә уән-ниъмәтә ләкә уәл-мулкә! Лә шәрикә ләк. Мағынасы: Құзырыңдамын, уа, Алла, құзырыңдамын! Сенің серігің жоқ, құзырыңдамын. Расында, мадақ пен игілік және иелік Саған тән, Сенің серігің жоқ. Тәмәттуғ (таматтуғ)  – қажылықты өтеудің бір түрі. Онда алдымен умра жасап, одан кейін ихрам халінен шығады. Одан кейін қажылық уақытына дейін оған ихрам кезінде тыйым салынатын барлық нәрселер рұқсат етіледі. Қажылық уақыты басталғанда қайтадан ихрамға кіріп қажылығын жалғастырады.

Тәмлик  – зекет ретінде шығарылған байлықты толығымен зекет алатын адамның иелігіне, меншігіне өткізу.

Тәнзил – Құран Кәрім кітабының бір атауы. «Тәнзил» сөзі араб тілінде «түсірілген» деген мағына береді. Ендеше бұл атау­дан «Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) алып келген бұл сөздері – Алланың түсірген кітабы» деген ұғым шығады. Алла Тағала: «Расында, ол – әлемдердің Раббысының Тәнзилі»,– деген [«Шуғара» сүресі, 192-аят]. 

Тәпсір  – Құран аяттарының түсіндірмесі. Қара: тафсир.

 Тәпсірлеу – түсіндіру. Құран Кәрім аяттарының мағыналарын ашып, тарқатып түсіндіру.

Тәпсірші – тәпсір ғылымымен айналысушы адам.

Тәрассул  – азанның әр сөйлемінен кейін бір сәт тоқтау.

Тәрк ету – тастау, безу, баз кешу.

Тәруия күні  – зул-хижжа айының сегізінші күні. Қажылар осы күні Минаға барып, онда түнейді.

Тәсбих  – Алланы ұлықтап, оны кемшіліктен пәктеу. «Субхана Алла» (Алла кемшілік атаудан пәк) деп айту.

Тәсбих айту – «СубханАлла» деген сөзді айту, Алланы дәріптеу.

Тәслим  – намазды аяқтаған кезде оңға және солға сәлем беру.

 Тәсмия  – «Бисмилләһир-Рахманир-Рахим» деп айту.

 Тәубе  – істегеніне өкініш білдіріп, күнәдан қайту, Алладан кешірім сұрау, пенденің Аллаға жек көрінішті нәрселерден жан-тәнімен бас тартып, Ол жақсы көретін нәрселерге жан-тәнімен ұмтылуы.

Тәуекел  – пенденің барлық діни және дүниелік бастамаларында Алла оны жақсылыққа жеткізіп, жамандық атаулыдан сақтайтынына бүкіл жан-дүниесімен арқа сүйеп, үміт артуы және алдына қойған мақсатына жететініне нық сенімде болуы. Әт-Тәурис бир-рад  – қайтару бойынша мұраны үлеске салу. Қара: радд.

Тәхәюл  – шариғаттың бір міндетін орындамау мақсатында айла қолдану. Мысалы, ораза ұстамау үшін сапарға шығу, зекет бермеу үшін малдарын сату.

Тәхияту әл-мәсжид (тахиятул-мәсжид)  – мешітке кіргенде отырмастан бұрын оқылатын екі ракағатты мешіттің сәлем намазы. Бұл намаз «мешіт ақысы» деп те аталады.

 Тәхмид (тахмид)  – Алланы мадақтау, мақтау. «Әл-Хамду лилләһ» (Аллаға мадақ) деп айту.

Тәхник  – жаңа туылған сәбидің әкесі немесе бір игі адамның құрманы шайнап, оны сәбидің аузына салып, жайлап жағу.

Тәһлил  – «Лә иләһә иллАлла» (Алладан басқа құдай жоқ) деп айту.

Тәяммум  – су жоқ немесе сумен дәрет алуға шамасы келмеген кезде тазалану ниетімен екі алақанмен жерді ұрып, бетті және екі қолды сүрту. Тәяммум соққанда таза жер қыртысына алақанды сүйкейді де, саусақтарының ұшын бір-біріне ұрып, шаңын қағып тастап, екі қолмен бетке және екі қолдың шынтаққа дейінгі аралығына мәсіх тартады.

Теберік – қараңыз: тәбәрік.

Тепшу – денеге инемен шаншып өрнек немесе бейнелер салу. Жәһилият дәуірінде араб әйелдері қай руға жататынын білдіру үшін денелеріне тепшу салдыратын. Исламда бұл іске тыйым салынған.

 Тиләуәт сәждесі  – сәжде аяттарын оқығанда не естігенде жасалатын қиямсыз, рукуғсыз бір реттік сәжде. Құран Кәрімнің он төрт жерінде үсті сызылған сөздер бар және сол сөз келген аяттың соңында ерекше белгі кездеседі. Осы аяттарды оқыған не естіген кезде бір рет сәжде жасау уәжіп. Бұл сәжде «тиләуәт сәждесі» (яғни Құран оқу) деп аталады.

 Тиуал сүрелер  – ұзын сүрелер. Ғалымдар сүрелердің ұзын-қысқалығына қарай бірнеше топқа бөлген. Тиуал сүрелердің қатарына Құран Кәрімдегі ең ұзын жеті сүре кіреді. Олар: Бақара, Әлі Имран, Ниса, Мәидә, Әнғам, Ағраф сүрелері және Әнфәл сүресі. Бірақ ғалымдар арасында соңғы сүрені тиуал сүрелердің қатарына қоспайтындар да бар.

Тозақ – Алланың кәпірлерге, мұнафық екіжүзділерге арнап жаратқан о дүниедегі мәңгілік мекені.

Төрт мазһаб – фиқһ іліміндегі ханафи, мәлики, шафиғи және ханбали мазһабтары.

Тура жол (һидая) – Алланың игілігі мен марапатына апаратын жол.

Тура жолмен жүру – ақиқатты біліп, соған сәйкес амал қылу; Аллаға және Оның елшісіне (с.ғ.с) қалтқысыз, бұлжытпай бойсұну;

Туһр  – хайыз қаны тоқтағаннан кейінгі тазалық.

Тұрақсыз қарыз  – қарызын өтеуге дәрменсіз (банкротқа ұшыраған) адамдағы қарыз, қарызға алған адамды таппай қалған жағдайдағы қарызды немесе қарызға алған адам тән алмай қойғанда және қарыз иесінің нақты дәлелі болмаған жағдайдағы қарыз. Мұндай жағдайда қарыз иесіне қарызын қайтарып алғанға дейін, оның зекетін беру парыз емес.

 Тіләуат қылу – Құран аяттарын оқу.

 

 

 

 

0 пікір