ИСЛАМИ ТЕРМИНДЕР-Ш
ИСЛАМИ ТЕРМИНДЕР-Ш
21.10.2019 12:39
171
0

Ш

Шағбан  – ай күнтізбесіндегі 8-айдың аты.

Шадияр – Мұхаммед пайғамбардан (с.ғ.с) кейін Ислам мемлекетінің халифалары болған төрт сахаба Әбу Бәкір, Омар, Осман және Әлидің ортақ лақабы. Қазақ тілінде бұл сөз «төрт шадияр» деп көп қолданылады.

Шайтан (сайтан)  – Алланың әміріне қарсы шыққан. Шайтан жыннан да адамнан да болады. Олардың басты мақсаты тура жолдағы адамды адастыру.

Шаққ  – жер құмдауытты болып, қабірдің жанынан лақат жасай алмайтын болған кезде, қабірдің түбінен тік қылып, мәйітті көметін жер қазу. Ол «жарма», «жарып қазу» деп те аталады.

Шақуат  – нәпсі қалауы, жыныстық сезім құмарлы­ғы. Бұл сөз кейде ұрық суына, шәуетке қолданылады.

Шақуаттану – құмарту, қозу, жыныстық сезімге берілу, жыныстық қатынас нәтижесінде, ұйқыда немесе т.с.с. жағдайларда ұрық суының бөлінуі, бойдан кетуі.

Шам намазы – күн батқаннан кейін оқылатын парыз намаз, ақшам намазы.

Шапағат  – ара түсу, арашашы болу. Бұл сөз термин ретінде Алла елшісіне (с.ғ.с) ғана нәсіп болатын: оның бүкіл адамзатқа есеп-қисаптың басталуы үшін жасайтын ұлы шапағатын, жаннаттықтардың жаннатқа кіруіне шапағат етуін және Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) мен басқа да пайғамбарларға, періштелерге, мүмін пенделерге құқық берілетін: тозаққа кіруге лайық болған, бірақ Аллаға серік қоспаған күнәкар мұсылмандардың тозаққа кірмеуі, тозаққа түскен күнәкар мұсылмандардың қайта шығулары мен кейбір жаннаттықтардың жаннаттағы дәрежесін көтеру үшін жасалатын шапағатты білдіреді.

Шариғат  – Исламның Құран мен сүннетте бекітілген заң-өкімдері.

Шарт  – құлшылықтың өзіне кірмейтін, бірақ сол құлшылық орындалу үшін қажетті амал. Мысалы, намаз оқушының дәретінің болуы, әуретінің жабық болуы, жүзін құбылаға қаратуы және т.б. Бұлар «намаздың шарттары» деп аталады.

Шарт әш-шейхайн  – екі шейхтың шарты. «Екі шейх» деп имам әл-Бұхари мен Муслимді атайды. Екі шейхтың немесе екеуінің бірінің шарты дегеніміз: хадисті екеуінің сахих немесе екеуінің бірінің сахих кітаптарында бар рауидің риуаят етуі және екі шейхтың сол рауиден хадисті қалай риуаят еткендігін сақтау (бақылау).

Шауафиғ  – шафиғи мазһабын ұстанушылар. «Шауафиғ» араб тілінде «шафиғи» деген сөздің көпше түрі.

Шаут  – айналу. Қағбаны айналу және қажылық амалдарының бірі сағиді өтеген кезде Сафа мен Маруаның арасында жүру. Тауаф (Қағбаны айналу) жеті шауттан тұрады. Ол қара тас тұрған тұстан басталып, сол тұстан аяқталады. Сағи да жеті шауттан тұрады. Сафадан Маруаға дейін бір шаут, Маруадан Сафаға дейін бір шаут.

Шафиғи  – имам әш-Шафиғи мазһабының атауы және сол мазһабты ұстанушы.

Шаһадат  – куәлік беру.

Шаһадат айту – «Лә иләһә ИллАлла» деген сөзді айту.

Шәһид  – Алла жолында мерт болған жан. Шәһидтер пайғамбарлар мен шыншылдардан кейінгі дәрежені иемденеді.

Шәһид  – куәгер, неке, сауда-саттық сияқты келісімшарттарда, зинаны және басқа да қылмыстарды анықтағанда куәлік етуші. Хадис ілімінде басқа бір хадиспен мағынасы және сөздері сай келген немесе тек қана мағынасы сай келген хадис «шәһид» деп аталады. Бірақ осы екі хадисті екі сахаба риуаят етуі қажет. Шәһид пен мутабиғтің айырмашылығы: шәһидті екі сахаба риуаят етеді де, ал мутабиғті бір сахаба риуаят етеді.

Шәз  – бір сенімді адамның бірнеше немесе көп адамдардың риуаятына қарсы мағынадағы хадисті риуаят етуі. «Шәз» сөзі араб тілінде «бөтен», «дөрекі», «ерсі» деген мағыналарды береді. Бұл жерде мынаны естен шығармау керек: егер бір ғана рауи басқалар риуаят етпеген хадисті риуаят етсе, ол «шәз» деп аталмайды. Немесе мақбулдің (хадисі қабыл болатын адамның) өзінен жоғары дәрежеде тұрған рауидің риуаятына қарсы мағынада риуаят еткен хадисі «шәз» деп аталады. Шәз хадистің сәнәдінде де, мәтінінде де кездесуі мүмкін. Шәзге қарсы мағынада «махфуз» термині қолданылады.

 Шәууәл  – ай күнтізбесі бойынша рамазан айынан ке­йінгі оныншы ай. Ол қажылық айларына жатады.

Шейх – мұсылман ғалымдардың құрметті атағы. Шейхани - екі шейх: имам әл-Бұхари мен Муслим.

Шейіт болу – Алла жолында күресіп жүріп қаза болу. Қара: шәһид.

Шиғар некесі  – екі кісінің бір-біріне қыздарын мәһрсіз әйелдікке беруі.

Ширк  – Аллаға серік қосу, Онымен қатар бір нәрсеге табыну.

Ширк – Алла кешірмейтін ең үлкен күнә. Жаратушы жалғыз Аллаға тән сипаттарды Одан басқа бір нәрсеге таңу да ширкке жатады. Мысалы, Алладан басқадан перзент сұрау, ауруына ем сұрау және т.б.

Шуфға  – қандай да бір мүлікті сатып алуға қатысты құқық басымдығы. Ондай құқық басымдығы меншік иесінің серіктесі мен көршісіне беріледі.

Шүкір  – алғыс.

Шүкіршілік – Алланың барлық игілігін мойындау, осы игіліктері үшін Оны мадақтау және оларды Аллаға құлшылық ету жолында пайдалану.

Шыншыл  – арабшасы «сыддық». Бұл сөз термин ретінде пайғамбарлардан кейінгі дәрежені иемденген адамдарға қолданылады. Иса пайғамбардың анасы Мәриям мен Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) ұлы сахабасы Әбу Бәкір әс-Сыддық та осы шыншылдар қатарына жатады.

 

0 пікір