ИСЛАМИ ТЕРМИНДЕР-Д
ИСЛАМИ ТЕРМИНДЕР-Д
10.10.2019 11:13
149
0

Д

 Дабт  – есте сақтау қабілеті өте мықты болу. Хадис ілімінде қолданылатын термин. «Дабт» сөзі араб тілінде «дәлділік», «анықтық», «дәлме-дәлдік», «бұлжытпай тану» деген мағыналар береді. Хадис сахих болуы үшін оны риуаят еткен адамның есте сақтау және жаттау қабілеті өте жоғары болуы керек. Яғни жаттаған хадисін қай уақытта сұраса да мүдірместен, дәлме-дәл, анық тура жаттағанындай етіп жеткізу. Рауидің бойындағы осы қабілеттің күшті не әлсіздігіне қарай хадисті сахих және хасан деп екіге бөледі. Дабттың екі түрі бар: есте сақтау қасиеті дәлме-дәл болу және жазған дүниесі анық, қатесіз болу. Дағиф  – әлсіз, нашар.

Дағиф хадис  – әлсіз хадис. Сәнәді үзілген немесе риуаят еткен адамдарының бірі сенімсіз болған яки сахих хадиске қарама-қайшы және басқа да кемшілігі бар хадис. Хадис ілімінде сахих немесе хасан хадиске тән сипаттардың бірін яки бірнешесін жоғалтқан хадис «дағиф хадис» деп аталады. Кейде оны «қабыл етуге жарамайтын хадис»немесе «жарамсыз хадис» деп те атайды. Дағиф хадис қаншалықты әлсіз екендігіне қарай бірнеше дәрежелерге бөлінеді: 1)  дағиф (әлсіз). 2)  дағиф жиддән (өте әлсіз). 3)  уәһи (қауқарсыз, мардымсыз, нашар). 4)  мункәр (жаман, ұнамсыз). Имам әт-Тирмизиге де­йін мухаддис ғалымдар хадисті сахих және дағиф деп екіге, ал дағиф хадисті амал жасауға жарамды және амал жасауға жарамсыз деп екіге бөлген. Осы амал жасауға жарамды хадисті имам әт-Тирмизи кейіннен «хасан хадис» деп атап, хадистің үш түрі бар: сахих, хасан бұл екеуімен амал жасалынады және дағиф онымен амал жасалынбайды деп үшке бөлген. Яғни негізгі амалға дағиф хадис басты дәлел ретінде жүрмейді. Тек дағиф хадисті қосымша дәлел ретінде немесе қосымша амалда негізгі дәлел ретінде қолдануға болады.

Дағуат  – адамдарды Алла дініне, ақиқатты қабыл­дауға шақыру, үндеу.

Дажжал (Тажал)  – қияметтің алдында пайда болатын, адамдарды дұрыс жолдан тайдыратын, өзін құдаймын деп жариялайтын, бір көзі жоқ жалғаншы. Оны «Мәсіх Дажжал» деп те атайды. Оның пайда болуы қияметтің үлкен белгілерінен. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) мұсылмандарды Дажжалдың фитнасынан сақтануды ескертіп кеткен.

Дайюс (дәйіс) – намысы аяқасты етiлiп жатса да селт етпейтін, әйелін, әпке-қарындастарын қызғанбайтын ер адам. Яғни өзіне жақын әйел адамдарды өзге еркектерден қызғанбайтын еркек. Шариғатта мұндай сипат өте жаман сипаттардың қатарына жатады.

Даниқ – орта ғасырларда қолданылған дирһамның алтыдан біріне тең майда тиын.

 Дәр әс-сәләм  – Бейбіт үй немесе Бейбітшілік үйі. Жаннаттың бір атауы. Қара: «Юнус» сүресінің 25-аяты.

 Дәрет (удуу)  – кейбір құлшылықтарды өтеу үшін арнайы тазалану. Шариғатта намаз және басқа да ғибадаттардың қабыл болуы үшін таза сумен ауыз-мұрынды шаю, бетті, шынтақпен қоса екі қолды, тобықпен қоса аяқты жуу және басқа мәсіх тарту «дәрет» деп аталады. Дәрет намазы – дәрет алғаннан кейін оқылатын екі ракағат намаз.

Дәреті бұзылу – үлкен немесе кіші әжетке отыру, жел шығару, жантайып жатып ұйықтау, құсу, денеден қан кету және т.с.с. шариғатта дәреттің бұзылуына себепші болатын қимыл-әрекеттердің орын алуы.

Дем салу – Құран мен Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) хадистерінде келген дұғалармен адамдарды емдеу. Бұл емнің шариғатқа сай болуы үшін емдеуші және емделуші адамның шипаны тек бір Алла қана беретініне нық сенуі керек.

 Диет  (дия, ақл) – кісі өлтірген жақтың өлген адамның жақын туыстарына жүз түйе немесе соған тең ақша көлемінде төлейтін құн.

 Динар  – орта ғасырлық алтын ақша, теңге. Зекет кітабында алтыннан соғылған ділдә «динар» деп аталады.

Дирһам  – орта ғасырлық салмағы 3,5 грамға тең күміс ақша. Зекет кітабында күмістен соғылған тіллә «дирһам» деп аталады.

 Дия  – қара: диет.

Дулжә  – түннің соңғы үшінші бөлігінің ортасынан бас­тап таңсәріге дейінгі уақыт немесе түннің қараңғылығы.

 Духа (сәске) намазы  – күн найза бойы көтерілгеннен дәл төбеге келгенге дейін оқылатын нәпіл намаз. «Духа» сөзі араб тілінде «сәске» деген мағынаны береді. Ол сәске уақытында оқылатындықтан «духа» намазы деп аталады. Оны екі, төрт және сегіз ракағатты қылып оқуға болады.

Дұға  – тілеу, сұрау, дұға жасау. Алла тағаладан жақсылыққа жеткізу мен жамандықтан құтқаруды өтінетін жалбарыну сөзі. Шариғатта дұға жасау ғибадат болып есептелетіндіктен, дұғаны тек Аллаға жасау керек.

Дүние  – жер бетіндегі өмір, тіршілік.

Дүние аспаны – жеті қат аспанның жер бетін көмкеріп тұрған ең төменгі қабаты. Дүре соғу – қылмыскердің жон арқасын қамшымен не шыбықпен ұру. Шариғатта адамға жала жабушыға, ішімдік ішкенге және т.б. қылмыс жасағанға дүре соғу жазасы белгіленген.

 

0 пікір