ИСЛАМИ ТЕРМИНДЕР-Ә
ИСЛАМИ ТЕРМИНДЕР-Ә
09.10.2019 16:51
302
0

Ә

Әбәбил  – Құран Кәрімнің «Фил» сүресінде аталған, Қағбаны құлатып, арабтарды өзіне бағындыру үшін пілді әскерін бастап шыққан Эфиопияның Йемендегі әкімі Абраһа мен оның әскерін балшық кесектермен атқылап қырып салған құстар.

Әбдәл  – қара: бәдәл.

Әбдес – дәрет.

 Әдә  – парыз амалды уақытында өтеу. Яғни мойнына жүктелген міндетті өтеу.

Әзләм  – бал ашатын жебелер. Исламға дейін арабтар бал ашу үшін жебелерді қолданатын болған.

 Әлсіз қарыз  – зекет төлеушінің мирастан, өсиеттен немесе мәһрден (қалыңмал) алуы керек үлесі. Бұл термин зекет тарауында қолданылады. Мұндай жолдармен келген байлық адамның толық иелігіне өткенге дейін оның зекетін шығару міндет емес. 

 Әмір  – бұйрық, әмір. Шариғатта бұйрық райында келген етістіктер әмір ретінде, яғни оларды орындау міндет деген мағынада көп қолданылады.

Әлмисақ  – адамдардың аталары Адамның (аләйһис-сәләм) белінде болған кезде «Жалғыз Аллаға құлшылық етеміз» деп Аллаға берген уәделері. Бұл туралы «Ағраф» сүресінің 172-аятында айтылған. Сондықтан қазақ халқында «Қашаннан бері мұсылмансың?» деген сұраққа «Әлмисақтан бері» деп жауап береді.

Әлхамду лилләһ  – «Аллаға мадақ болсын!» деген сөз. «Әлхамду лилләһ» көбінесе Аллаға шүкіршілік қылғанда, бір нәрсеге қол жеткізгенде айтылатын зікір сөзі.

Әммә бағд  – содан кейін. Бұл тіркес сөз бастағанда Аллаға мадақ, Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с) салауат айтып, Алланы еске алғаннан кейін негізгі тақырыпқа кірісер кезде айтылады.

Әмин  – «Уа, Алла! Дұғамызды қабыл ет» деген сөз. Бұл сөз дұға жасалғанда, намазда «Фатиха» сүресін оқығаннан кейін айтылады.

Әмир  – мұсылман мемлекеттерінде ел басқаратын адамға берілетін лауазым. Кейде бір ғылым саласы бойынша, танымал болған ғалымдарға да қолданылады.

 Әсәр  – сахабалар мен табиғиндерден риуаят етілген сөздер мен амалдар. Көптеген мухаддис ғалымдар әсәрді хадистің синонимі деп қарастырады. Қара: хабар, хадис.

Әс-Сәләму аләйкум  – «Сіздерге сәлем болсын» деген мағынаны білдіретін мұсылмандардың сәлемдесу сөзі.

 Әт-Тахият – намазда отырған кезде оқылатын дұға. Қара: «Ташаһһуд» дұғасы.

Әурет  – «Әурет» сөзі араб тілінде «нақыс», «кемшілік» және «олқылық» деген мағыналарды береді. Шариғатта: адамның жабуы міндетті және оған қарау харам етілген дене мүшелері. Әурет екіге бөлінеді: «аура муғаллаза» (ауыр әурет, яғни екі ұятты жер) және «аура хафифа» (жеңіл әурет, яғни кіндік пен тізенің арасы). Аура муғаллазаның дирһам (қазіргі жүз теңге көлеміндей) көлеміндей жерін көрсетуге, ал аура хафифаның төрттен бірінен артық ашуға тыйым салынады.

 Әһлу әл-бәйт  – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) жанұясы, ет жақын туыстары және олардың ұрпақтары.

Әһлу әл-китаб  – кітаб иелері. Ислам дінінде мұсылмандардан басқа Алла Тағала оларға кітап түсірген үмбетті «кітаб иелері» деп атайды. Олар: яһудилер мен христиандар.

Әһлу сунна уәл-жамаға  – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) сүннеті мен мұсылман жамағатымен бірге жүретін мұсылман үмбетінің негізгі бөлімі.

Әфақ аумағы  – Миқаттың сырт жағы. Қажылық құлшылығын бастау үшін ихрамға кіретін бес миқаттан тысқары барлық жерлер «Әфақ аумағы» деп аталады.

 Әфақи  – Әфақ аумағының тұрғыны.

Әранә – әнә –  –   бұл екі сөз хадис ілімінде сәнәдта келген адамдардың бір-біріне хабарды жеткізгендігін білдіретін  әхбәранә, яғни «бізге хабарлады» сөзінің қысқартылған түрі.

Әфрад  – фәрд сөзінің көпше түрі. Араб тілінде «фәрд» сөзі «жалғыз», «дара» деген мағына береді. Хадис ілімінде фәрд: шексіз фәрд және қатысты фәрд болып екіге бөлінеді. Қатысты фәрдтың бірнеше түрлері бар: 1) Сенімді адамның хадисті жалғыз өзі риуаят етуі. Мысалы: «оны пәленше дегеннен басқа ешқандай сенімді адам риуаят еткен жоқ» деген сияқты. 2) Белгілі рауиден белгілі рауидің жалғыз риуаят етуі. Мысалы: «Оны пәленшеден тек қана пәленше риуаят етті» деген сияқты. Егер осы хадисті басқа рауиден басқа келесі бір рауи риуаят етсе де, алғашқы сәнәдта жалғыз рауи бар деп есептеледі. 3) Бір елді мекеннің немесе бір жақтың адамдары ғана риуаят еткен хадис. Мысалы: «бұл хадисті тек қана Мекке немесе Шам тұрғындары ғана риуаят еткен» деген сияқты. 4) Бір елді мекеннің тұрғындары ғана екінші бір елді мекеннің тұрғындарынан риуаят еткен хадис. Мысалы: «бұл хадисті Мәдина тұрғындарынан тек қана Басра тұрғындары риуаят еткен» деген сияқты.  

 

0 пікір