БІЗ МҰСЫЛМАННЫҢ МҰРАТЫН ТӘРБИЕМЕН БЕРГЕН ХАЛЫҚПЫЗ!
БІЗ МҰСЫЛМАННЫҢ МҰРАТЫН ТӘРБИЕМЕН БЕРГЕН ХАЛЫҚПЫЗ!
12.08.2020 12:53
585
0

Ұлттың құндылығы мәңгі өзімен бірге жасасып келе жатқан тілінде, салт-дәстүрінде, ұлттық өнерінде. Оларды бір-бірінен бөліп те қарай алмаймыз. Себебі, олар бірін-бірі толықтыра отырып, ұлттың біртұтас болмысын құрайды. Ұлттық және діни дәстүрлерінің тәрбиелі ұрпақ қалыптастырудағы рөлі орасан.

«Тәрбие ана құрсағында жатқаннан басталуы керек» дейді педагог-ғалымдар. Олай болса, бала дүниеге келмей тұрып басталатын «Құрсақ шашу», бала дүниеге келе салысымен болатын «Сүйінші сұрау», «Азан шақырып ат қою», «Шілдехана тойы», «Бесікке салу», «Қырқынан шығару», – бәрінің өзіндік тәрбиелік орны, маңызы бар екені анық.

Салт-дәстүрлер тек қана тәлім-тәрбие ғана емес, бұлжымас тәртіпке де негізделген. Мәселен, мәйітке деген құрметке тоқталсақ, мұндағы басты мәселе марқұмның жетісі, қырқы, жылын атап өтіп, мал союда емес, ағайын-туыс, құда-жегжатқа көңіл айтып, қайғысына ортақтасуда жатыр. Ойлап көріңізші, кісісі өліп қаралы болған туысына, досына Атыраудан Алтайға, Қызылжардан Қызылордаға, Баян-Өлкеден Баянауылға келетін кім? Ол – Қазақ. Топырақ салысуға үлгерейік немесе жетісінде бет көрісейік, қырқына барамыз деп, бет көрмесе, мынау тірлікте өзін кінәлі сезінетін халық кім? Сол біздің – Қазақ. Өлімнің артын күтудің өзі Қазақ үшін бірлік пен берекенің, ұят пен ардың нышаны. Мұның өзі мұсылманшылықпен қабысып жатқан жоралғы.

«Хужжатул-Ислам» яғни «Исламның анық дәлелі» атанған Имам Ғазали артында өшпес мұра қалдырған мәшһүр ғұлама екендігі баршамызға белгілі. Оның  еңбектерінің ішіндегі ең көлемдісі әрі елге танымалы «Ихия улумид-дин» кітабы болып саналады. Иман, ғибадат, мінез-құлық тақуалық, нәпсі тәрбиесі, әдеп сияқты тақырыптарды қамтыған осы кітаптың тамақтану және қонақ күту бөлімінде мынадай әдептер қамтылған: қолға су құю, тамақты жасы үлкен, абыройлы кісінің бастауы, қонақтан алдын ала сұрамастан тағам әкелу, мүмкін болғанша дастарқанға қонаққа қойылатын барлық ас түрін әкелу, үй иесінің тамақты соңынан аяқтауы, табақтыңөзіне жақын жерінен жеуі, асқа, нанға деген құрмет, тамақты ортақ табақтан жеу, табақ алынбайынша тұрып кетпеу, қонақтың ас иесіне дұға жасап бата беруі, тамақтан соңқолға су құю және т.б.

Лайым, қашанда дін мен дәстүрді ұштастыра отырып, ата-баба жолынан тағылым, өнеге алатын өрелі ұрпақ болып қала берейік.

 

0 пікір