БАЛАМДЫ МЕДРЕСЕГЕ БІЛ ДЕП БЕРДІМ...
БАЛАМДЫ МЕДРЕСЕГЕ БІЛ ДЕП БЕРДІМ...
03.12.2019 11:32
1464
0

Дұға уақытқа бағынбайтын,  Алла Тағаланың қалауымен орындалатын мұсылманға берілген таптырмайтын қаруы. Тек қана шынайы ықыласпен Аллаға жалбарынып жолданса болғаны.

Мектепте бесінші сыныпта оқып жүрген кезімізде  Құранды арабшадан оқуды, намаз оқуды Ержан деген ұстазымыз үйреткен еді. Орта мектепті аяқтаған уақытта араб әріптерінің аттары ғана есімде қалды. Оқуға түсемін дегенде атамның айтқаны,  адам ең бірінші ислам дінінің  білімін жақсылап үйренуі керек. Содан кейін Алла өзі бір жолын көрсетеді деп ақылын айтқан болатын. Төсек тартып ауырып жатқан уақытында медресеге түсіп білім алса екен деп дұға жасағаны да есімде.

  Әлбетте дін дегенде шайтанның жұмысы өте ерекше ғой, онымен қоса өзімнің білімсіздігім одан да артылып жатыр. Ең бірінші ойға келгені медреседе  үш жыл ғана білім аласың,  дін деген тек мешітте отыратын, намаз оқып,  Құран оқығаннан басқа бітірері ештеңе жоқ,  бұндай істерді кез келген уақытта, қартайған шақта да істеуге үлгеретін амал ғой, деп мән бермеген болатынмын. Қазіргі жастардың да алданып жүрген тұстары да осы болар.

 Өзімнің армандаған оқуыма түстім, қызметімді атқардым. Арада он жыл уақыт тез арада өте шықты.  Алла қалаған құлын тура жола салады дегендей, «Қашан намаз оқисың, парыздарды орындау міндет қой»,- деген ойлар басымнан кетпей мазалап жүрді. Сондағысы ешкім де үгіттеп намаз оқу керек деп айтқан да емес. Алланың қалауымен медресеге оқуға түстім.  Сол уақыттарда Алланың қалауымен  атамның қабыл болған  дұғасының мерзімі келгендігін түсіндім.

 Барлығы өз уақытында ғой. Медреседе білім берген ұстаздардың арқасында ең әуелі Исламның кеңдігін,  білімнің қайнар бұлақтары қайда жатқанын білдім.  Медресенің өмірдің шын мағынасын ашып беретін, өмірге тура жол сілтейтін мектеп екенін түсіндім. 

Көпшілік қауым, медресе -  ол дін үйрететін жер деп қана түсінетін болар.   Олар, медреседе беретін білім  адамның екі дүниелік өмірінің барлық тұстарын қамтыған,  жақсы мен жаманды айыра алатындай етіп өмірге жаңа қадам жасатқызатын баспалдақ екенін толық түсінбеуде.

 Медреседе ғана шәкірттердің  білімге деген көздеріндегі шоқтарын, өмірге деген қызуғушылықтарын байқадым. Бабаларымыздың  «Он үште отау иесі», «Болар бала  онбесінде баспын дейді, болмас бала отызында жаспын дейді» т.б.  қанатты сөздерінде қаншама тәлім тәрбие жасырынғанын байқайсың. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билерді он үш жасында ел алдында сөз бастапты дегендері  олардың да медреседе білім алу арқылы  өз жолдарын ертерек айқындап алуының себебінен болар. Сұлтанмахмұт Торайғыров, Абай Құнанбайұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы сынды аталарымыз  халықтың жүрегінде өшпейтіндей орын алғанын да жақсы білеміз. Осы ата бабаларымыздың барлығыда медресенің түлектері ғой.

Қазіргі таңда осындай аталарымыз сияқты аты айтылса жер сілкінетіндей жастардың болмауының бірден бір себебі медресенің қадіріне жетпегеніміздің кесірі болар. Қаншама жастардың  университет бітірдім деп кеуде қағып айтып жүргенімен, аталарымыздың балалық шағында жеткен жетістіктеріне әлі де жете алмаудамыз.

Уақыт өткен сайын, заман талабына сай  технологияның дамуы шарықтаған кезең. Барлығына үлгеріп, меңгеру керек екендігі ақиқат. Бірақта көңілге қаяу тудыратыны, қазақ баласының ой санасы, үлкенге құрмет, кішіге ізет, қазақи тәлім тәрбие, әдеп сынды құндылықтарымыздыжоғалтып алуға шақ тұрғандықтарымыз бәрімізге аян. Алайда кез келген білімнің қайнары әдептен басталатынын ұмытпағанымыз жөн. Сол жоғалтқан құндылықтарымызды тек қана медресе қабырғасынан табуға болады.

«Баламды медресеге біл деп бердім, қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім» дегенді Абай бір жарым ғасырға таяу уақыт бұрын айтса да, осы тоқтамға жеткілікті көңіл бөлмей келе жатқан сияқтымыз. Мұның себебіне де аса мән бере қоймаймыз. Сол баяғы шен-шекпен, мансап, атақ-дәреже арқылы келетін дәулетке иек артамыз. Соны басты құндылық санаймыз. Осының кесірінен нағыз білім ұлттық тұрғыдан екінші кезекке ысырылып жатқан жоқ па? Білімді басты құндылыққа жеткізу үшін не істеген жөн?-деген сауалдар еріксіз туындайды.

Ендеше білімді басты құндылыққа жеткізу үшін тәр­бие­ні отбасынан, мектеп қабырғасынан баста­ға­ны­мыз жөн болады. Мемлекет басында отырған шенеуніктер ең алдымен халыққа адамгершіліктің, адалдықтың, шынайылықтың, білімділіктің үлгісін көрсетуге дағдыланса, халықтың мерейі үстем болары еді, ол үшін ұлт болашағы болушы ұрпақтарды медресе арқылы тәрбиелеуге ерекше мән берсек екен деген ой келеді.

 

Ербол СЕЙТАХМЕТОВ,

Тереңкөл ауданы мешітінің наиб имамы

 

        

0 пікір