Бала тәрбиесінің мұсылмандық бастаулары
Бала тәрбиесінің мұсылмандық бастаулары
07.11.2018 10:10
628
0

Имандылық тәрбие ­– биік мәртебеге жеткізеді. Бала тәрбиесінде діни ұстанымдылық басты роль атқарады. Ата-бабамыз адамның имандылығына – мінез-құлық жүйесіндегі ерекшеліктеріне көп көңіл бөле білген. Адамның жарық дүниеге келуі, өсуі, ержетуі, тіршілік етуі, қартаюы, ата мен баланың қарым-қатынасы, үлкендік пен кішілік, сыйластық, әдептілік пен арлылық, инабаттылық тәрізді маңызды мәселелер имандылықтың құрамдас бөлігі ретінде ешқашан да назардан тыс қалмаған. Жастардың үлкендерге құрмет көрсетуі, үлкендердің кішілерге ізет білдіруі өмір сүру салтына айналған. Қоғамда тұрақтыланған осындай өмір кешу дағдылары барша адамгершілік қағидалардың, имандылықтың қалыптасуына негіз болған.

Баланың  жақсы  болуы-ата-ананың  үйдегі  берген  тәрбиесіне  байланысты. «Не  ексең,  соны орасың», «Ұлдың  ұяты-әкеге,  қыздың ұяты-шешеге», «Қыз  күнінде  бәрі  жақсы,  жаман  әйел  қайдан  шығады», «Әкеге  қарап, ұл  өсер,  шешеге қарап  қыз  өсер»  деген  халқымыздың  даналық  сөздері жайдан жай айтылмаған. «Тәрбие  басы – тал  бесік» деп  аталарымыз  айтқандай  отбасымыз  тәрбиелі,  берекелі  болса,  одан  өнген  ұрпақтарымыз да  тәрбиелі  азамат  болады  деп  айта  аламыз.

Қазіргі   таңда  жастардың  имандылыққа  бет  бұрып, мұсылмандық  шарттарын  орындауы, мешітке  барып, намаз  оқып, жаман  нәрселерден  аулақ  жүруі, әрине, қуанарлық, құптарлық  жайт.  Бірақ, оған  да сын  көзбен  қарау  керек.  Себебі, мұсылмандыққа  бет  бұрамын деп, өзге  діннің  шырмауында  кетіп  жатқан  жастарымыз  да  аз емес. Сондықтан  әрбір ата – ана баласының әр  басқан  қадамына  үлкен  жауапкершілікпен  қарауы  қажет.

Алла тағала адамды иман мен имандылық үшін жаратқан, сондықтан: «Алланың мінезінен үлгі-өнеге алыңдар» (Мұхаммед пайғамбар), – деп уағыздалады. Имандылықтың негізін мұсылмандар Құранда деп біледі. Құран Кәрімнен ең көп үлгі алған Мұхаммед пайғамбардың (ғ.с.) мінезі жайлы Хазіреті Айша «Оның мінезі – Құран», – деп жауап берген. Құранда: «Негізінен иман етіп ізгі іс жасағандар, намазды толық орындап, зекет бергендерге Раббыларыңның жанында сыйлық бар», – делінген (Бақара, 2/277).

Бала тәрбиесінде ата-ананың мейірімі мен еркелетіп сүюі маңызды орын алады. Ертеде бір араби Нәбиге (с.ғ.с.) келіп: «Сендер балаларынды еркелетіп сүйесіндер ме? Біз балаларымызды еркелетіп сүймейміз», -деді.  Нәби (с.ғ.с.) оған: «Алла Тағала жүрегіндегі мейірімділік сезімінді жойса менің қолымнан не келеді», деп жауап береді.

Бала ата-анасының жылы көңілі мен махаббатына қашанда мұқтаж болуда. Аяулы ата-анасының махаббатымен өскен баланың жүрегі әрқашан мейіріммен толы болады. Баланың қатесін түзеп, дұрысын үйретуде жаза берудің ерекше орны бар. Бірақ жазалаудан бұрын қателіктерін түзетуде ең уелі мейірім мен насихаттың әсері мол екенін ескергеніміз жөн. Ар-ұяты бар адам үшін орынды айтылған сөздің өзі таяқтан ауыр.

Дұрыс жолға салып, ақы-кеңес беру үшін ата-ананың өзі баланың алдында үлгі тұтарлықтай болуы тиіс. Ата-анада ең бірінші адамгершілік құндылықтар басым болу қажет. Егер ата-анасы өздері дұрыс орындамаған жағдайда, бала әке-шешесінің жасағанын дұрыс деп есептеп, оларға еліктеп өзінің бойына да сондай тәрбие қалыптастырады. Бұл жөнінде Расулуллаһ (с.ғ.с.) Әлидің (р.а.) ұлы Хасанды (р.а.) бетінен сүйді. Мұны Расулуллаһтың (с.ғ.с.) жанында отырған Әл-Ақраъ ибн Хабис Әт-Тамири (р.а.) көріп: «Менің он балам бар. Алайда осы уақытқа дейін мен оның біреуін де еркелетіп сүйген емеспін»,-дейді. Сонда Расулуллаһ (с.а.с.) оған қарап: «Басқаларға мейірімділік етпегеннің өзі де мейірімділікке бөленбейді», -деді.

Ата-ана – отбасының негізгі діңгегі, бастапқы қоғам бөлігі. Отбасындағы барлық тіршілік, ата-ананың адамгершілік сенімі мен сезімі, бір-біріне деген қарым-қатынасы, қоғамға деген көз-қарасы баланың тәрбиесіне терең әсер етеді. Ата-ана тәрбиесінің басты мақсаты – болашақ ұрпағын имандылыққа үйрету.

 

«Ақмешіт» мешітінің наиб имамы Қлышев Әбілқайыр

 

 

 

0 пікір