БАЛА ТӘРБИЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ 14 КЕҢЕС
БАЛА ТӘРБИЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ 14 КЕҢЕС
01.03.2021 09:47
102
0

XV-XVI ғасырлардың бедерінде өмір сүрген мұсылман әлемінің үлкен ғалымы, әрі уәлилердің бірі Жалаладдин Дауани бала тәрбиесінің маңызына жиі тоқталатын болған. Бірде ол бала тәрбиесіне қатысты бірер кеңестерін былайша тарқатқан-ды:

1. Бала өмірге келгенде, жетінші күні ат қойған жөн. Бірақ оны ойланып барып қою керек. Өйткені бұған жауапсыздық танытса, бала өмір бойы психологиялық қиындық тартады. Осы себепті өзіне жақсы ат қойылуы баланың құқы болып табылады.

2. Сүт ему уақыты біткенде, тәрбиесімен айналысып, жаман мінез, нашар қылықтарға жолатпау керек. Өйткені балалардың қабілеттері кемелденуге, ал табиғаты жамандыққа бейім тұрады. Тез бұзылуы мүмкін. Сол үшін жақсы тәрбие алуына көңіл бөліп, ол үшін жүйелілікті сақтаған дұрыс.

3. Балада алғаш байқалған, тез көзге түсетін мінез – ұялу. Ұяттың көптігі ізгіліктің белгісі. Балада ұялу байқалғанда, қадағалауды күшейткен жөн. Алғашқы тәрбие жаман, бұзық балаларға қоспай, сақ қарау. Өйткені балалардың жан дүниесі айнадай таза. Түскен бейнені тез қабылдайды.

4. Жақсыларды мақтап, жамандарды айыптап, осы негізде жақсылыққа ынталандырған дұрыс. Жамандық пен нашар қылықтар жасауына тыйым салған жөн. Жақсы іс істесе мақтап, жарайсың деп, жаман іс істесе, жазғыру керек.

5. Баланы жиі ұрыса беруден алыс болыңыз. Әйтпесе, ұрысу не айыптау үйреншікті жағдайға айналады. «Адамдар тыйым салынған іске үйір» дегендей, қайта істеуі мүмкін. Осы себепті дұрыс басқара білу керек.

6. Баланы ішіп-жеуге, жақсы киінуге үйір қылмай, сәнді киім, түрлі түсті маталар әйел кісілерге ұнамды екенін, ер кісілердің бұндайларды аса ұнатпайтынын айту керек. Ылғи жеуге, ішуге құмар болмауы үшін ескерту жасаған дұрыс. Әуелі ас ішудің әдебін үйретіп, ас ішуден мақсат ләззат алу емес, ағзаның саулығын сақтау екенін білдірген жөн.

7. Әр қалаған тамақты емес, табылған, дастарханға қойылған тамақты жеуге үйреткен дұрыс. Кей-кейде қатқан нан да беріп, соның да қадірін білгізген жөн.

8. Жалпы баланың жаман сөздер естуіне тыйым салу керек. Міндетін бітірмейінше әрі қиындық көрмейінше тамағына бере қоюға асықпай, жасырын істеріне тыйым салып, ұятты іс істеуге деген батылдық бермеу керек.

9. Күндіз әрі түнде көп ұйықтатпай, жұмсақ киімдерге дағдыландырмай, жаяу жүргізіп, көлікке мінуді үйретіп, қалай отырып, тұрып, сөйлеудің әдебін түсіндіріп, әйелдер секілді сәнқойланбауды, уақыты әлі келмесе жүзік тақпауды айту керек. Әкесімен және дүние байлығымен достарына мақтануына тыйым салып, өтірік айтпауын, өтірік ант су ішпеуін жиі ескерткен дұрыс. Өйткені ант ете беру жақсы емес.

10. Үлкендердің жанында үндемей отыруды, сұрақ қойылса, қысқа ғана жауап беруді үйретіп, ылғи тек жақсы сөйлеуді әдет етуді түсіндірген мақұл.

Ілім үйренуге талпындыру керек. Ұстазы ұрса да баланы білімнен алыстатпай, қажетсіз баланы ұрса бермеген жөн. Ұру қажет болса, екінші рет істемеуі үшін әуелі жақсылап ұрысқан жөн.

11. Баланы жомарттыққа дағдыландырып, дүние-мүлікті қадірсіздеу көрсету керек. Өйткені ақша мен дүниеге құнығу қауіпті.

12. Бос уақыттарда баланың ойын ойнауына рұқсат еткен дұрыс. Алайда нашар дағдыға үйрететін ойындарды ойнатпаған жөн. Бұл әдептер баршаға жақсылық әкеледі.

13. Әркім кез келген өнерді игеріп кете бермейді. Көбіне бір салаға ғана бейім тұрады. Негізі, бір салаға кім бейім болса, сол тез үйренеді. Ал икемі жоқ әуреленгеннен басқа түк бітірмейді. Сондықтан баланың қабілетін танып барып, өз саласына берген дұрыс. Әйтпесе, бала үмітсіздікке салынады.

14. Балаға адал табыс табатындай кәсіп істету керек. Әке-шешесінен қалған дүниеге көп сендірмеу керек. Өйткені әкенің тапқанына мақтанған балалар көбіне кәсіп түрін үйренбей, кейіннен бәрібір осалдықтарын байқатады.

 

0 пікір