АҚШАБАҚ
АҚШАБАҚ
29.05.2015 11:09
3544
0
Құл-Керім ЕЛЕМЕС

(Бисмилләһир Рахмәнир Рахим) 

Ақшабақ басқа үйірлестеріне қарағанда сә-әл аңғал, сәл албырт, сәл тентектеу еді. Көрінген нәрсеге соғылып қалып жүретін. Әсіресе, оның басқаларға ұнамайтын мінезі қомағайлығы еді. Анасы Ақшабақтың албырттығынан алаңдайтын. Қомағайлығынан қорқатын. «Бір пәлеге ұрынып қалар ма екен» деп дегбірі қашатын. Анасы оған алаңдаса алаңдайтындай-ақ еді. Ол қайдағыны жеп көретін. Тұмсығымен түртіп көретін. Құйрығымен қағып көретін. Анасы оның міне осы қылықтарынан күдіктенетін.

Адам болған жерде бәрі де болады емес пе. Бір күні Ақшабақ адамдар құрған ауға ілініп, одан әрең дегенде түсіп қалғаны бар. Анасы содан бері Ақшабақты көзінен бір елі таса қылған жоқ. Ал, Ақшабақ болса оны кәперіне де алған емес.

– Балам, бұл көлдің сыртында «Жер» деген болады. Онда Аллаһтың барлық жаратылыстан артық жаратқан адамдары жасайды. Олар бізді түрлі тәсілдермен, кез-келген уақытта аулап жейді. Білесің ғой, әнеу күні олар салған ауға ілініп қалғаныңды. Аллаһ сақтап, аудың үлкен тесігінен түсіп қалдың. Әйтпегенде баяғыда-ақ жоқ болар едің. Сондықтан байқа. Байқамасаң бір нәрсеге ұрынып қалып жүрерсің, – деген анасының ескертпесін де ұмытқан.

Баяғы әдетінен жаңылмастан ананы бір түртеді, мынаны бір түртеді. Анасы байқұс «қой» десе де қоймайды. Тіпті қойғаны сол, өршелене түседі.

Бір күні көлдің олар мекен ететін тұсынан, балық біткеннің арманына айналған бір шуалшаң пайда болды. Әбдан тісқақты болған сақа балықтар, мұның өздеріне салынған қармақ екенін бірден біліп, қарындары ашып, тәбеттері қанша тартып тұрса да оған жоламады. Жоламауға тырысты.

Ал, Ақшабақ болса оны көрген жерден ұмтылды. Анасы:

– Өй-й, тоқта, өлесің, – деп болғанша қармақты қауып үлгірді. Кәнігі балықшы да қармағына бір нәрсенің ілінгенін қолындағы серпіннен сезіп, қармақты жұлқа тартты. Ақшабақ не болғанын біліп үлгірместен көлден шығып, аспандап барып, қара топыраққа бұрқ ете түсті. Олай секірді. Бұлай секірді. Көлін таппады. Көлін тапқаны сол тынысы барған сайын тарылып, жаңа ғанағы жарық дүние әп-сәтте-ақ қарайып, түнекке айналып, жаны, шіркін, мұрнынан шығып  бара жатты. Балықшы болса:

– Шабақ екен. Мейлі! Шабақ та болса тәп-тәуір жетілген денесі бар ғой өзінің. Аллаһтың мұнысына да шүкір, – деп, оны мойынынан қысып тұрып, қармақтан ажыратты да ыдысына тастай салды. Өліп бара жатып, «сенің ажалың тамағыңнан» деген анасының ескертпесі ойына сап ете қалған ол, артқы бауырларына өз тілінде:

– Байқаңдар, қомағайдың ажалы тамағында екен, – деп, соңғы демін жиып, бар дауысымен ши-иқ етті де жан үзді. Бірақ оның бұл жанайғайын бауырлары естіген де жоқ.                                                                              

2005.03.27

 

  Бала тәрбиесі 

Бесіктің берекеcі
Бесік жыры
Жәннаттың ғажабы
Кешірім сұрау
Қолсыз және ауызсыз әке 

Болашақтың кепілі –рухани тәрбие 
Балалы болудың ақыреттегі пайдасы
Қардан жасалған гүл
Сәби мен сүннет

 

 

0 пікір