АЛТЫН ОРДА ДӘУІРІНДЕГІ ХАНАФИ МӘЗҺАБЫ
АЛТЫН ОРДА ДӘУІРІНДЕГІ ХАНАФИ МӘЗҺАБЫ
30.04.2018 14:47
2796
0

Орталық Азия мен Дешті-Қыпшақтағы ХІІ-ХШ ғасырлардағы саяси оқиғалар (Қидандар мен Шыңғысхан шапқыншылығы) Ислам дінінің одан арықарай дамуын уақытша тежеді. Десек те, Алтын Орда ханы Берке хан, Тудай Мөңке, Өзбек хан, Шағатай билеушісі Тоғылық Темір, Әли сұлтан, Әмір-Темірдің  Ислам дініне қолдау білдіруіне байланысты Орталық Азия мен Дешті-Қыпшақта Ислам дінінің екінші тынысы ашылып, қайта өркендей бастады.

Шыңғысхан ұрпақтарының ішінде алғаш болып Ислам дінін қабылдаған Жошының ұлы Берке хан еді. Мысыр тарихшысы Бадр ад-Дин әл-Айнидің «Акд әл-джаман» атты шығармасында Берке ханның Кувраби тарихатының Әл-Бахарзи атты шейхіне мурид болып, Ислам дінін қабылдағандығы жазылған.

Ал, Кувраби тарихатының негізін салушы Наджм ад-Дин Кубра ХІІ ғасырдың соңы мен ХІІІ ғасырдың басында Үргеніш қаласында өмір сүрген атақты сопы еді. Қарақандар дәуірінен бастап Орталық Азияның Ханафи мәзһабын ұстанғанын ескерсек, Наджм ад-Дин Кубраны да осы мәзһабтың өкілі болды деп болжауға негіз бар. Себебі, сол кездегі тарихи құжаттарға зер салсақ, Орталық Азияда тек бір Ханафи мәзһабының салтанат құрғанына көз жеткізе аламыз. Демек, Алтын Орда ханы Беркені Ислам дініне мойынсұндырған Кувраби өкілі Әл-Бахарзи де Ханафи мәзһабын ұстанған деп тұжырымдауға болады. Берке ханнан кейін Алтын Ордаға билік жүргізген Тудай Мөңке мен Ноғайдың Мысыр билеушісіне жазған хаттарында Берке ханның жолын ұстанғанын айтады (СМИЗО 104-105 беттер). Демек, Берке ханнан бастап Алтын Орда империясында Ханафи мәзһабы үстемдікке ие болды де айтуымызға болады.

Алтын Орда билеушісі Өзбек хан (1312-1342) дәуірінде Ислам діні мейлінше дамып, өркендеді. Өтеміс қажының «Чингизнамесінде» Өзбек ханды Ислам дініне мойынсұндырған Ясауи тарихатының Садр ата, Саййид ата, Ұзын Хасан ата, Бадр ата атты шейхтары екендігі баяндалған. Аталған тұлғалардың қазіргі мәңгілік дамыл тапқан жері қазіргі оңтүстік Қазақтан аумаға саналады. Сондай-ақ, Ясауи тарихаты негізінен Ханафи мәзһабы кеңістігіне таралған. Оның да өзіндік себептері бар деп ойлаймыз. Ясауи тарихатының негізін салушы Құл Қожа Ахмет Ясауи бабамыз Ханафи мәзһабы дәуірлеген Қарақан дәуірінде ғұмыр кешкен. Ол «Диуани Хикмет» атты жыр жинағында (Қазан нұсқасы) Ханафи мәзһабына мақтау айтады. Демек, Ясауи тарихатының шейхтарының насихатымен Ислам дінін қабылдаған Өзбек хан да Ханафи мәзһабын ұстанған деп кесіп айта аламыз. Қазақтың: «Өзбек ханның тұсында атамыз қазақ дін баққан, Алтын Орда хандары жердің жүзін шаңдатқан» деген сөзі де осыны дәлелдесе керек.

Өзбек ханнан кейінгі Алтын Орданы билеген Тыныбек хан, Жәнібек хан, Бердібек хан, Хызыр хан, Орыс хан, Тоқтамыс хан, Едіге би, Темір Құтлық, Болат хан, Шәдібек хан, Ахмет хандар да Ханафи мәзһабын ұстанды. Алтын Орда дәуіріне қатысты тарихи деректерді қаузай келе осындай тұжырым жасауға толық негіз бар. Себебі, Алтын Орда тарихына қалам тартқан Ислам тарихшылары Ибн әл-Асир, Ибн әл-Уасил, Әл-Омари, Ибн Кәсир, Ибн Батута, Әл-Қалқашанди, Әл-Асқалани, Ибн Арабшах Дешті-Қыпшақ халқының Ислам дінін ұстанғанын жазып қалдырды.

Алтын Орда дәуірінде ғұмыр кешкен бабаларымыз: Қауам ад-Дин Әл-Фараби «Ғаййа ал-байан уа надира аз-заман фи ахар ал-ауан», Мәула Мұхаммед Низам ад-Дин аш-Шаши «Усуль», Шейх Ахмет Түркістани «Шауаһид ан-Нубуууа ли-тақуйат йақин аһл ал-футууа», Шайхы Баба Сығнақи, Мұхаммед әл-Женди «Иғджаз әл-байан фи шарх бағд асрар умм әл-Куран», Молла Ахмет әл-Женди «әл-Ақиад», Хусаммаддин ас-Сығнақи «ан-Ниһаия», «Хидая», Мұхаммед әл-Кердери «Китаб ар-радд уа-л интисар ли-Әбу Ханифа имам Фуқаһа әл-амсар», Мұхаммад бин Мұхаммад бин Шиһаб ал-Кердери аз-Баззаз «Фатауи ал-Баззази», Жамал ад-Дин Атырауи «шарх әл-Уиқаия» атты еңбектер Ханафи мәзһабының құқықтық үкімдері мен сенім негіздеріне түсіндірме ретінде жазылған.

Белгілі тарихшы Н.Нұртазина Алтын Орда және Қазақ хандығы дәуірінде Ислам дінінің Дешті-Қыпшақта нық орнағанын былайша жеткізеді:

«Исламдану үдерісінің ортағасырлық Қазақстанда сонау VIII ғасырдан бастау алып, X-XII ғасырларда шарықтау кезеңінен өткені (Қарахандар дәуірінде), одан кейін екінші діни-мәдени өрлеу Алтын Орда кезінде Қазақстанның далалық аймақтарында толық және біржолата ислам үстемдік құрып, осы негіздер болашақта сақталып отырғаны себепті Қазақ Хандығы толыққанды мұсылман мемлекеті ретінде дамығанын батыл түрде айтып дәлелдеуіміз керек».

Алтын Орданың мұрагері Қазақ хандығы да бабалар салған сара жолдан қиыс кетпей Ханафи мәзһабына арқа сүйеді. Бұл сорап Қазақ халқының кешегісі ғана емес, бүгінгі күнгі де ұстанған асыл бергек, алтын діңгегіне айналып отыр.

 

Мұхан ИСАХАН

0 пікір