Әкем айтқан әңгімелер
Әкем айтқан әңгімелер
08.07.2019 11:10
476
0

Менің әкем Әбдіғаппар Сыбанбай – жастайынан кітап ақтаруға, газет-журнал оқуға әуес, өзіне ұнаған ойлар мен оқиғаларды, деректер мен хикая­ларды қиып алып сақтап жүретін адам. Кейбір ұзақ дастандар мен қиссалар­дың мазмұнын жас ұрпақтыңұғымына лайықтай ықшамдап, қара сөзбен баяндайтыны да бар. Әкемнің дәптерлерін парақтап отырып, біраз жақсы дүние­лерге кезіктім. Соның бір –екеуін ұсынғым келеді.

Он сегіз мың ғаламның иесі Алла-Таға­ла адам баласын Хауа ананың құрса­ғында бір тамшы судан жаратқанда, бір періштеге әмір беріп: «Мен ұлық қып, ерекше саналы ғып топырақтан жарат­қан адамның ұрпағы анасының құрса­ғында жатқанда, жын-пері иектеп, мүге­дек, кемтар қылып жүрмесін, жарық дүниенің есігін ашқанша күзетіп тұруды саған аманат етемін», – деген екен.

Айы, күні толған соң да, нәрестенің ана құрсағынан шығатын түрі жоқ дейді. Тіпті, күзетші-періштеге: «Мен мына жылы да жайлы жерден ешқайда шық­паймын. Жарық дүниеде не жақсылық бар? Ыстық-суыққа күйіп-тоңып, бір аяқ асқа бола кет­пен арқалап, азапқа түскенше, осында жат­қаным артық», – депті.

Періште өз қызметін тәмәм қыл­ғанын, бірақ, нәрестенің ана құрсағынан шықпай жатып алғанын Жаратушыға баян етеді. Сонда Алла-Тағала айтқан екен: «Иә, періштем, өзіңе тап­сырған қыз­метті адал атқардың. Енді пейішке бар да, одан бір уыс дән алып, бір түйірін жаңағы шыққысы келмеген нәрес­теге бер. Ол дәннің дәмін татып көреді де, тағы сұрайды, сол кезде дәнді көрсетсең, жа­рық дүниеге шығуға өзі-ақ әрекет жасайды».

Періште пейішке барып, Алла-Тағала­ның әмірін орындап, бір уыс дән алып келеді. Бір түйірін нәрестенің аузына сала­ды. Ол тағы сұрағанда, дән ұстаған қолын өзіне қарай тартып, соза беріпті. Осылай амалын тауып, нәрес­тені жарық дүниеге шы­ғарған періште уысындағы дәнді құлашы жеткен жерге дейін шашып жіберіпті.

Сол дәндер – адам баласының ризығы еді. Әр пенде сол ризық-дәнді теріп, өмір сүреді екен.

* * *

Ірі мұсылман ғұламаларынан имам Әбу Ханифаның (имам Ағзам) басынан өткен мына бір оқиға ата-ананың қас-қабағын бағу, олардың айтқанын екі етпеудің мысалы бола алады.

Шешесі бірде оған өтініш жасап, «бір мәселенің жауабын ғалым Омар ибн Зәрр­ден сұрап келші» деп жұм­сайды. Айтқан кісісі алты шақырымдай алыста тұрса да, Әбу Ханифа анасының айтқанын екі етпес­тен дереу сол кісіге барады. Шеше­сінің өтінішін жеткізеді. Алайда, ғалым ол жауапты білмейтінін айтып, арланбастан жауабын Әбу Хани­фаның өзінен сұрайды. Әбу Ханифа ол жауапты білетін еді, айтып берді. Таңырқаған Омар ибн Зәрр «Өзіңіз де біледі екенсіз, маған несіне келіп әуре болдыңыз?» деп сұрайды. Сонда Әбу Ханифа «Шешемнің аузынан шыққан өтінішін сол күйі орындау – менің мінде­тім» деп жауап береді. Әбу Хани­фаның парасаттылығына тәнті болған ол «Ендеше, осы жауапты мен айтты деп шешеңізге айта барыңыз» деп шығарып салған екен.

* * *

Бірде Әбу Хурайра жолда кетіп бара жатып, Әбу Хассанды жолықтырады. Оның артынан бір кісі еріп келеді екен. Әбу Хурайра «арт жақта келе жатқан кім?» деп сұрайды. Әбу Хассан оның әкесі екенін айтқанда, Әбу Хурайра оған: «Бұл ісің жөн емес. Пайғам­бары­мыздың сүннетін ескермегенсің. Жүр­генде әкеңнің алдына түсу – ерсі қы­лық. Әкеңнің артынан жүр, не оң жа­ғында жүр. Қатар кетіп бара жат­қанда, араларыңа бөтен біреудің кіруі­не жол берме. Астың дәмдісін әуелі әкеңнің алдына қой. Тамаққа алдымен әкең қол созсын. Қабағыңмен болса да жасқап, оның көңіліне селкеу түсірме. Ол тізе бүкпей тұрып, сен отырма. Әкең ұйық­тамай жатып, сен жастыққа бас қойма», – деген екен.

Әзірлеген — Сәкен СЫБАНБАЙ.

 

0 пікір