АДАМДАР НЕ ҮШІН НАМАЗ ОҚИДЫ?
АДАМДАР НЕ ҮШІН НАМАЗ ОҚИДЫ?
24.09.2020 14:26
2784
0

Сәжде. Шын мұсылманға одан тәтті, одан ләззатты, одан маңызды еш нәрсе жоқ. Ал сәждені тек қана намаздан табасыз. Алланың соншалықты ұлы, бүкіл кемшіліктен соншалықты пәк екенін мойындағанда, өзіміздің соншалық әлсіз, қауқарсыз, пақыр екенімізді сезіну тек намаздан ғана табылатын сезім. Бірақ, кейде осы бір алтыннан асыл байлықтың қадірін білмей, немқұрайлы қарай салатын бауырларымыз бар. Тіпті күн сайын намаз оқып жүргеннің өзінде одан тиісті пайда ала алмай жүргендер қаншама?! Сондықтан осы бір ғажайып құлшылықтың кейбір қырларына шама-шарқымызша тоқталып өтуді жөн көрдік.

Сүйікті Мұхаммед Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Намаз – діннің тірегі», «Намаз – мүміндердің миғражы», «Намаз – жұмақтың кілті» деген хадистерін бекер айта салмаған. Басқа да хадистерде намаздың ең мәртебелі іс екені, жер мен көктің нұры, дененің қуат көзі, рызық-несібенің берекесі, дұғалардың қабыл болуына ең үлкен себеп екені де айтылған. Қарап отырсаңыз, бұл айтылғандар не деген ұлы сүйінші хабарлар. Бұл дүниеде ең мәртебелі іс «бай болу», «патша болу» деп тұрған жоқ. Осы намазды айтып тұр. Ендеше, абыройлы адам – сол намазды оқушы деген қорытынды шығады. Жер мен көктің нұрына малынғыңыз келе ме? Онда намаз оқуыңыз керек. Кейде біз қарадан-қарап жүріп адасамыз. Неге? Себебі көңіл көзі қараңғы. Міне, намаз сол қараңғылықты жарыққа айналдырады. Үйінен берекесі қашып, қанша ақша тапса да, қайда кетіп жатқанын түсіне алмайтынын айтып шағым жасаушылар көп. Оған да себеп өзіміз. Рызық-несібенің берекесіне, яғни намазға тиісті көңіл бөлмейді екенбіз.

Иә, Алла Тағала пенделеріне намаздан артық құлшылық жүктемеген. Қасиетті Құранда былай делінеді: «Шын мәнінде, намаз барша азғындықтан, жағымсыз мінез-құлықтан арылтады. Үнемі Алланы еске алып жүру құлшылықтардың ең ұлысы» («Анкәбут» сүресі, 45-аят).

Осы аяттың астарына тереңдей үңіліп көрдік пе? Бүгін бәріміз қоғамды азғындық пен жағымсыз мінез-құлықтан қалай сақтаймыз деп алаңдап жүрген жоқпыз ба? Міне, осы аятта Жаратқан Алланың анық нұсқауы тұр екен ғой. Арақ дейсіз бе, темекі дейсіз бе, есірткі, ұрлық, зорлық, зина дейсіз бе – бәрінің де бірден-бір емі – осы намаз.

Бірақ, кез келген намаз мұндай биік нәтиже бермесі анық. Ол үшін намазымыз намаз сияқты болуы керек. Ең алдымен, намазды жан-жүрегімізбен сезіне білуге тиіспіз. Бұл, әрине, иманымыздың қаншалық терең екендігіне байланысты. Ойымыз, санамыз, жүрегіміз, бүкіл рухымыз сол намаздың ішінде болуы керек. Өйткені намаз жай бір қимыл-өрекеттердің жиынтығы емес. Ол – Алла Тағаламен байланыстыратын ең ұлы құлшылық. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бір құлдың Аллаға ең жақын кезі – маңдайы сәждеге тиген кезі», – деген. Міне, мұнда терең мән бар. Намаздың шын дәмін татқан бір адам оны еш уақытта тастамайды. Оның беретін ләззатына еш уақытта тоймайды. Бүкіл жанымен, тәнімен Аллаға беріледі. Денесінің әр жасушасына намаз қимылдарын сездіруге тырысады. Сол кезде құлдың көңілі ерекше шаттыққа бөленеді. Әрине, бұл жерде басын ашып айтуға тиіс бір нәрсе бар. Намаздан ләззат алған жақсы, бірақ оны түптеп келгенде бұл үшін де оқымаймыз. Намаз оқығанда ниетіміз тек қана бір Алланың разылығын табу болуы қажет.

Қасиетті Құранда мынадай аят бар: «Сөзсіз, оларға дінді тек Аллаға арнап, Оған ықыласпен құлшылық ету… бұйрылды», – делінген («Бәйина» сүресі, 5-аят.). Ықыласпен деген сөз өзге жанама ниет-пиғылдардың бәрінен толықтай арылып, тек Алланың разылығын мұрат ету дегенді білдіреді. Бұл айтылғандар намаздың қаншалықты маңызды құлшылық екенін жеткілікті түрде дәлелдесе керек. Кешегі ата-бабаларымыз Аллаға құлшылық жасауға, намаз оқуға ерекше көп көңіл бөлген. Өйткені, оның маңызын, жалпы өмірдің мәнін дұрыс түсінген. Мысалы, Шал ақын Құлекеұлы былай деп жырлайды:

Өлімнен құтылмассың қашсаң-дағы,

Атадан арыстан туып ассаң-дағы,

Алладан шыныменен жарлық келсе,

Жұлдыз да жерге түсер аспандағы.

Жігіттер, ғибадат қыл маған нансаң,

Намаз оқы, Алланы ойыңа алсаң….

Кейде ел арасында «мен намаз оқымасам да, ешкімге зияным жоқ, жүрегім таза» деген пікір айтылып қалады. Алайда, шариғатта жүрегі тазаларға намаз парыз емес немесе тек жүрегі ластар ғана намаз оқысын деген заң жоқ. Бұрынғы өткен пайғамбарлар, Алланың сүйген құлдары, ғалымдар, ғұламалар, кешегі ата-әжелеріміз жүректері кір болған соң намаз оқыды деп айта алмаймыз.

Сүйікті Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) екі дүниенің сәруары болса да, аяқтары ісіп кеткенше намаз оқитын. Бүкіл күнә атаулыдан ада етілген құл болса да, намаз оқыған. Намаз деген құлшылыққа, міне, осы тұрғыдан келген дұрыс.

Жинақтай келгенде, намаз тек имам-молдалар, зейнеткерлер, жұмысы жоқ жалқаулар, қолы бостар ғана оқитын «қосымша» ермек емес. Жасы балиғатқа келген әрбір ақылды мұсылманға намаз парыз етіліп жүктелген. Парызды орындамау Алла алдында күнәға жатады. Алла Тағала ниет-ықыластарымызды қабыл етсін.

Сөзімізді ардақты Мұхаммед Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мына хадисімен аяқтаймыз: «Әрбір намазыңды өмірдегі ең соңғы намазыңдай, бұдан соң намаз оқуға мүмкіндігің болмайтындай етіп, шын беріле орында!».

 

Самат қажы Сапарханұлы

0 пікір