АБАЙДЫ ТАНЫ, ЖАС ҰРПАҚ!
АБАЙДЫ ТАНЫ, ЖАС ҰРПАҚ!
10.04.2020 10:58
1332
0

Иә, алғаш сәтте Алланы ауызға алмай істе береке болмас. Барша мұсылманға, Қазақстан халқына Алланың сәлемі, рахметі және берекеті болсын!

Сөзімді, қарапайым түсінігімді қағаз бетіне түсірудің де өзіндік себебі бар. Себебім: өз заманында қаймана қазағын, қалың жұртын терең уайыммен ойлаған, қазақ халқының біртуар перзенті – Абай Құнанбайұлы. Елім деп елжіреген, халқым деп сан қарекет қылған Ұлы тұлғаны тану үшін, білу үшін, ұғыну үшін осы жазбамды бастауды жөн санадым. Қазақтың бас ақынының                                       175-жылдық мерейтойын атап өтуде мендік үлес қалай болмақ деп сан мәрте ойға шомдым. Үлесім ОТАН деген алып теңізге бір тамшы болып, халқымның үлесінің бір бөлшегі болғанын қаладым. Абай Құнанбайұлының қара сөздерін ой елегінен өткізуге ниет артты. Мақсатым – ұлы ақынның 45 қара сөзін талдау емес, ұрпағына қалдырған нақылын, даналығын оқуға насихаттау және санамның қабілеті жеткенше халыққа ой ұсыну. Қабыл алсаңыздар, 45 қара сөзді 45 аптада ұсынғым келеді.

Ал, енді қалған өмірімізді қайтып, не қылып өткіземіз?...

Өкініш... Абайдың өкініші... Қазақтың болашағына деген алаңдаушылық... Кейінгі ұрпаққа аманат ету... Осы тіркестер тұлғаның бірінші сөзінің мәнін ашады десем қателеспеспін. Жер ортасы жасына дейін еңбек қылды, халқының қамын жасады. Ел бағу, мал бағу, ғылым бағу, софылық қылып, дін бағу, балаларды бағу жастайынан жасалатын іс, көкжиектің ұмтылысы осы болу керек екенін даналығымен астарлы түрде жеткізіп отыр. Қартайғанда қайрат жетпесін білген Абай Құнанбайұлы ойын қағаз бетіне жазып, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылуды жөн санады. Уақыт көрсеткендей осынау ұрпағына асыл мұра етіп қалдырған қара сөздері – бүгінгі таңда елімізге жөн сілтемек. Біздің міндет ақын айтқандай ішінен керектіні табу, оқу. Осы жолда сіздерді бірге болуға шақырамын!

 

Абылайхан СЕРІКБАЙҰЛЫ ,

Баянауыл ауданы, Қаражар ауылы

0 пікір