Жәннатқа жетелеген дұға
Жәннатқа жетелеген дұға
30.05.2015 13:10
9245
0
Кеңесбеков Қожахмет

         Ертеде жанына жуып кеткен кісіге зиянын тигізіп, соңында жаға жыртысуға дейін баратын мінезі өте шатақ бір кісі болыпты. Ауыл тұрғындарының барлығы одан қашатын.

       Бір күні ол төсек тартып жатып қалады. Күн өткен сайын дерті асқына түседі. Ерінің саулығын тілеп, әйелі әр намазында көз жасын төгеді. Алайда, күйеуі ақыры аурудан айықпастан көз жұмады.

       Ауыл имамына келген әйелді: «Еріңіздің мешітке келгенін бір рет те көрген емеспін. Әрі кім көрінгенге соқтығып, ауыл адамдарының мазасын алатын. Ренжімеңіз, күйеуіңіздің жаназасын шығара алмаймын»,-деп шығарып салады.

       Шарасыз әйел үйіне келіп, ерінің мәйітін жуындырып, ақ кебінге орайды. Көршілерінен көмек сұрағанда ат-тондарын ала қашады. Амалы қалмаған ол әупірімдеп мәйітті ауыл сыртына шығарады. Анадайдан қой бағып жүрген кісіні көріп қалып болған жайды баяндап береді. Малшы қабір қазып, жерлеп, дұғалар бағыштайды. Әйел алғысын жаудырып, үйіне қайтады.

        Ертеңіне таң атпай ауыл имамына бір кісі келіп: «Түсімде кеше ғана дүниеден өткен пәленшені көрдім. Ол жәннатта жүр екен.  Маған қарап: «Мен сендерді кешірдім» деп жымиды»-дейді. Дәл осы түсті имам да көрген болатын. 

       Әйелге келіп күйеуін жерлеуге кім көмектескенін сұрағанда ол ауыл сыртындағы шопанды айтады. Имам жанындағылармен қойшыға келеді. Ол кісі қонақтарының алдына бар жылы-жұмсағын қояды. Имам жаназаны қалай оқығанын сұрағанда шопан жымиып: «Менің жаназа шығаратын білімім жоқ. Елден көргенімді жасап, жерледім. Алақандарымды жайып: «Я, Раббым! Үйіме келген әр кісіні сенің қонағың деп қабылдап, барымды алдына тосамын. Бүгін, міне, қонағым саған аттанып барады. Жақсы қарсы аларсың деп үміттенемін» деп дұға жасадым»-дейді.

 

 Ұқсас материалдар

 

0 пікір