Үй болудың сабақтары
Үй болудың сабақтары
14.04.2015 18:23
30920
0
Асылбек Әуезханұлы

 1-сабақ
 Өзіңізді аямаңыз.

    Құрметті оқырман!
   Үй болу сабағын шын жүректен және ең бастысы, өзіңіз үшін оқыңыз. «Білмегендерімді білейін, сол арқылы өмірімде жақсы өзгерістер жасайын. Кемшіліктерімді біліп, оларды түзетейін» деген ниетке бекініңіз. Бұл дәрістерді «Жұбайымның қателерін тауып, көзіне шұқып көрсетейінсонымен ол өзін түзетсін»- деген оймен оқымаңыз.
    Бойдақтар мұны «Қайтсем жақсы жұбай бола аламын?»- деген ниетте оқысын.
    Иә, біз бәріміз жұмыр басты пендеміз. Өте көп қателесеміз, жаңыламыз, қадамдарымызды қисық басамыз. Қадам бассақ, қате. Қате, қате, қате... Кімнің қатесі? Бірақ қашан да бұл қателер біздікі емес секілді. Қашан да оны жаба салатын біреу табылып тұрады.
    Ой, Құдайдың құдіреті-ай! Өз қатемізді өзіміз біліп, оны мойындау неткен ауыр іс десеңізші! Кезінде Төлеби бабамыз: «Өзіне келер ұятты өзі біліп тұрса игі» деп қандай орынды айтқан. Ал, негізінде, өз қателіктерімізді көрмей, өзімізді дұрыс танымай бақытты болу мүмкін емес. Өзімізді тани алмасақ, өміріміз басқаларды кінәлаумен өтеді. Өз мәселемізді де өзіміз шеше алмасымыз анық. Істеріміз де ілгері емес, әрқашан кейін тарта бермек.
    Қателерді көре білу тек отбасылық өміріміз үшін ғана емес, жалпы рухани өмірімізге де тікелей қатысты. Ақтамберді бабамыз бір толғауында:
    Жаман туған жігітке
    Рахатты күн барма
    Өз мінін білген жігіттің
    Тәлімінде мін барма - деп ер азаматтарға жөн сілтеген. Алайда бұл қағида бүгінде әйел затына да тиісті десек сөзіміз ағат кете қоймас.
    Кісінің өзін-өзі тануы да, әрине, оңай шаруа емес. Өзімізді аяймыз, сондықтан өзімізге тым жұмсақ һәм мейірімдіміз. Әсіре кеңшілміз. Өз қателерімізді көргіміз келмейді, көрсек те мың түрлі сылтаумен дереу өзімізді ақтап аламыз. Солай емес пе? Мұның бәрі біз үшін өте оңай.
    Шетелдердің бірінде үйленуге қатысты зерттеу жүргізіліпті. Шаңырақ көтерген соң бақытсыз болғандар мен ажырасқандардан осы жағдайларының себебі сұралады. Сонда осы бақытсыз сыңарлардың барлығы да жұбайларының қателіктерін айтқан. Ешқайсысы «Өзімнен де бар ғой. Пәлен-түген қателік жібердім...» демеген. Ендеше, ең үлкен қателігіміз - өз кемшіліктерімізді көрместен, бірден жұбайларымызды өзгертуге кірісуіміз. Әйтпесе, басқа біреуді өзгертуге қайдан күшіміз жетсін?! Өзге түгіл өзімізге күшіміз әрең жетіп жатқанда. Тырыссақ, бәлкім, өзімізді тани алсақ, өзімізді өзгерте алармыз.
    Қателерді көру тек отбасылық өмірімізге емес, рухани өмірімізге де көп пайдасы тиері сөзсіз. Адамның өз қателерін көріп оны қабылдай алуы, оның рухани дамуға жасаған ең үлкен қадамы деп түсіну керек. Бақытсыздығымыздың себебі ретінде басқаларды кінәлаймыз және осыны өзгертуге күшіміз жетпегендіктен ашуланамыз, стреске кіреміз.
    Енді өзімізге бір қарап көрейік. «Мен осы қаншалықты жақсы жұбай бола алдым? Бұдан кейін жақсы жар болу үшін не істеуім керек?», - деп өзімізден сұрайық.
    Үнемі айтқаны болып, қалағаны жасалып жатқан қу нәпсімізді біраз сілкілеп бағайық. Кеудемізге нан піскен өркөкіректігімізді басайық.
    Жаратушының ең жек көретін мінезі - тәкаппарлық. «Ешкім маған ешнәрсе дей алмайды, ешкім маған сын айта алмайды, ешкімнің аузын ашқызбаймын, әркім өзіне қарап алсын» деген сұмырай мінезден арылайық. Байқасаңыз, егер айна болмаса, барды көріп тұрған көзімізбен өзімізді көре алмайтын едік. Сол сияқты, кемшіліктерімізді де басқалар өзімізге қарағанда жақсы көре алады.
    Жаратушымыз Құран Кәрімде түсінісе алмаған әйелі мен еріне әділ қазыға баруды бұйырған. Қазы деген сырттан қарайтын бөтен бір көз деген сөз. Сырттан байқайтын бір көз керек-ақ. Неге? Басқалар бізден де жақсы көре алатындықтан. Үйдегі түйткілдерге де, көбінесе, өзіміздің ғана жалаң көзімізбен қараймыз. Абзалы, жұбайымыз бен жақындарымыздың көзқарастары тұрғысынан да мәселеге бір қарау.
    Үй болу деген суға ұқсайды. Оттегі мен сутегі бір жерде қосылғанда су пайда болады. Бұлардың бірінің орнына басқа бір зат қойсақ, су болмас еді. Сондықтан, ең болмаса, отбасының бір тарабы жөнделсе, өмірімізде маңызды өзгерістер жасауға болады. Бұл дәрістерді оқып отырғаныңызға қарағанда, сол өзгергісі келетін жақ - Сіз болсаңыз керек.
    Жұбайыңызбен оқып отырған болсаңыз, онда бірге өзгеруге тырысыңыздар. Алдымен өз қателіктеріңізді көріңіз. Міне, сізге үш пайдалы қадам!

    Бірінші қадам

    Тыныш бір бөлмеде қолыңызға қалам алып отырыңыз. Алдымен жақсы мінездеріңізді, содан кейін жаман мінездеріңізді ойланып, жеке-жеке етіп жазыңыз (Жаман қасиеттеріңізді жазғанда өзіңізге «таныстық» көрсетпеңіз).

    Екінші қадам

    Жұбайыңыздан өзіңіздің нашар, жағымсыз мінездеріңіз туралы сұраңыз және оларды бір қағазға түртіп қойыңыз. Осы жерде бір өтініш, қосағыңыздан қателіктеріңіз туралы сұраудан алдын бұрынғы дағдыларыңыздан жақсы болып көрінуге тырыспаңыз. Себебі ондай жағдайда жұбыңыз айтқысы келген нәрселерді бүгіп қалуы мүмкін.
    Бұл сұрақты неге сұрағаныңызды өмірлік серігіңізге ашық айтуыңыз өте маңызды. Жоспарлаған мақсатыңызды өзгелерге айтқанда, олар бұл іске куә болатындықтан, қаласаңыз да қаламасаңыз да, бұл істі істеуге деген құлшынысыңыз артады деп ойлаймыз.
    Әсіресе, жұбайыңыздан оны мазалайтын кемшіліктеріңізді неге білгіңіз келетінін ашық айтпасаңыз, шындықты білуіңіз қиынға соғады.
    Бұл сұрақты жақын достарыңыздан және отбасы мүшелерінен де сұраңыз, сіздің мінезіңіздегі кемшін тұстарды айтуын өтініңіз. Жұбайыңыз немесе отбасыңыз сізден ықпай сөйлеуі үшін, шын ықыласыңызға сенуі керек. Мінезіңіздегі кемшіліктерді айтқан кезде аз болса да, ұрыс-керіс, реніш болатыны байқалса, жылы жауып қоя салыңыз, бұл туралы айтпаса да болады.
    Әсіресе, әйелдерден өтініш, қателері айтылғанда, бірден өздерін қорғап, ақтап шықпаса екен. «Сен солай істемесең, мен осылай істемейтін едім. Көп сөйлесем, сен тыңдамай қойдың, сол үшін» деген сияқты қорғану мен кінәлауға толы әңгімеге жол бермеңіздер, өтініш. Еркектер табиғатында бұндай қорғанысқа көшу мінезі көп байқалмайды, сондықтан бұл ескерту әйелдерге жасалып отырғанын білдіре кетеміз.

    Үшінші қадам

    Өз жазғандарыңызбен күйеулеріңіздің айтқандарына қараңыз, оларды салыстырыңыз. Күйеуіңіздің немесе отбасы мүшелерінің айтқан нәрселерінің бәрінің дұрыс екені не ой жүгіртіңіз. Айтылғандарға жауап ретінде сылтау ойлап таппаңыз, өзіңізді ақтауға тырыспаңыз. Ең маңызды қадамдардың бірі - осы.
    Әйелдер қауымы өте сезімтал болғандықтан тұрмыстық түйткілдерді түзету үшін еркектерге қарағанда көбірек тырысады. Сұрастырады, жұрттан кеңес алады, отбасы жайлы кітаптар оқиды. Бірақ бұл жасалғандардың пайдасы тимей жатады, себебі осы мақсатқа жетуге деген табандылықтың жоқтығында. Жасаған оң қадамдарының өтеуін жұбайларынан бірден алғысы келеді. Жауап болмаса, сол жақсы ісімізден бірден дереу бас тарта салады.
    Ең үлкен кемшілігіміз - сабыр мен табандылықтың аздығы. Бір күнде немесе бір қадамда мәселе оп-оңай шешіле салмайды. Асықпаңыз, қадамдарыңызды нық басыңыз. Осында жазылған кеңестерге шын ниетіңізбен құлақ түріңіз. Ешнәрсені көңілсіз, немқұрайлы, әйтеуір, жасау керек болған соң жасамаңыз. Байсалды болыңыз. Осы мәселе туралы терең ойланыңыз.
    Мінезіңіздегі кемшілік тұстары жазылған дәптерді сақтап қойыңыз, уақыт өте келе қайталап оқып тұрыңыз.
    Бір кезде жазылған мінезіңіздегі кемшілік тұстарды, уақыт өте келе не өзгергенін ой тезіне салып саралайсыз. Өзіңіз білмеген қандай қателіктеріңіз болғанына ой-жүгіртіңіз. Содан кейін өзгерту үшін қандай қадам жасадыңыз. Өзіңізге үнемі есеп беріп тұрыңыз.

  

Ұқсас материалдар

Үй болудың сабақтары.  2-сабақ

Бақытты шаңырақ сырлары. 1- сыр: Ықылас-ниет пен талап

 

0 пікір