Үй болудың сабақтары. 4-сабақ
Үй болудың сабақтары. 4-сабақ
05.05.2015 13:00
4227
0
Асылбек Әуезханұлы

«Жүрген» жігіт тастап кетсе

 Жастар арасында қызбен немесе жігітпен «жүру» деген ұғым бар. Міне, осы «жүру» туралы айтылатын бірталай жайт бар. Қаншама қыз-келіншектерді осы тақырып мазалайтыны анық.

Біріншіден, арада адал некесі жоқ жастардың қайта-қайта кездесе беруіне шариғатта рұқсат жоқ. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үйленіңдер! Көбейіңдер!», - дейді. «Жүріңдер! Қыдырыңдар!», - демейді. Мұның біз білетін және білмейтін себептері өте көп. Әрине, атастырудың алдында өмірлік серік болатын жанды бірнеше рет көріп білудің, қажет болса тіл қатып сөйлесудің жөні бөлек. Шариғат жастарды еш көрмеген, білмеген, танымаған адамымен тағдыр байлассын деп міндеттемейді. Керісінше, бұл нәрсе ақылмен, ретімен, өз жөнімен іске асатын жауапты іс екенін мұсылмандықтан үйренеміз. Жүргенде тұрған не бар деген сауалға келейік.

Байқасақ, «жүргендердің» бәрі тұрмыс құрып, шаңырақ көтеріп кеткен жоқ. Талай жастар қосыла алмай, жарты жолда қалып жатыр. Өйткені үйленуді сен қалағанмен Алла қаламауы мүмкін. Сөйтіп, «жүрістері» өнбеген жастар сан түрлі қиыншылықтарға ұрынып жататынын күнде көріп жүрміз.

«Сенсіз өмір пәлен сияқты, түген сияқты» деп қара аспан төнетін жағдайлар осындай жүрулердің нәтижесі. Көз жасын көл еткен талай өкініштер жүріп, жүріп үйлене алмағаннан туған. Соның ақырында қанша адам араққа салынып, неше кісі кейінгі отбасынан ажырап тынды. Құдай сақтасын, «махаббатым баянсыз болды» деп өзіне-өзі қол жұмсап, ақымақтық жасайтындар да сирек болса да кездеседі. Үйленіп, тұрмыс құрған соң, бұрынғы «жүрген» адамын қиялдайтын ерлі-зайыптылар да аз емес. Жасы ұлғайса да, үйленбей, үйлене алмай жүрген біраз кісінің өткенінде осындай бір хикая жатыр. Біреулер оны «ғашықтықтың жарасы» деп атап та үлгерген. Осының бәрі неден? Шариғат талабын дұрыс түсінбегеннен, мойындамағаннан, бағынбағаннан.

Иә, адам тағдырында жоқ, яғни үйлене алмайтын адамымен көңіл қосып жүргенін қайдан білсін? Бүкіл болашағын, өмірлік жоспарларын үйлене алмайтын адамына байланысты құрып қойғанын да ешкім алдын-ала білмейді. Сондықтан болса керек, ұзақ уақыт «жүруге» шариғатта рұқсат жоқ. Ендеше, «жүрудің» жастарға әкелетін пайдасынан зияны көп.   

Абай атамыз «Ғашықтық құмарлық пен ол екі жол» деп кезінде осы сезімдердің аражігін ажыратып берген. Құмарлық деген бір ауру, кесел.  Одан айығу өте қиын. Енді тікелей сабағымыздың өзіне келейік.

Ендігі әңгіме басынан осындай хикая өтіп, басын тауға да, тасқа да ұрып, қай қараға ұрынарын білмей жүргендерге арналады.

Иә, бастан өткен жағдайды санадан сылып алып тастайтындай өткен өмір апандағы саз емес. Өзіңізге қиянат жасап жүрмеңіз. Қазір сіз қаласаңыз да, қаламасаңыз да белгілі бір уақытты өткізуіңіз керек. Осы уақытты қысқарту үшін:

-         «Оның» телефонын, суреттерін, электронды адресін, қысқасы. Бүкіл байланысу мүмкіндіктерін өшіріп тастайсыз;
-         Сізге келген телефон немесе интернет хабарларға жауап бермейсіз;
-         «Оны» еске түсіретін барлық нәрседан аулақ жүруге тырысасыз;
-         Оңаша қалмауға тырысасыз;
-         Жаныңызға жақын достарыңызбен жиі жолығып тұруға тырысасыз;
-         Әсіресе, «күйігімді басайын» деп арақ, сыра, темекі, есірткі секілді зиянды әдеттерге барып қалып жүрмеңіз;
-         Әйел болып, қолыңызға тоқитын, тігетін, пішетін құралдар алыңыз;
-         Жаңа таныстар арттырыңыз. Жақындарыңызбен бірге туыстарыңыздың үйлеріне қыдырыңыз;
-         Өткен істі ойлай бергеннен қашыңыз. «Мен неге олай жасамадым?», «Ол неге бұлай жасамады?», «Қазір телефон соқсам не болар екен?», «Бәлкім, бір түсініспеушілік болған шығар» деген секілді толып жатқан ойлардан қашыңыз.
-         Қасиетті Құранды көбірек тыңдап, Алладан қайырлысын тілеген дұғаларыңызды жиі жасаңыз;
-         Бұрынғы Хадиша, Айша аналарымыздың өмірдеректерімен танысыңыз;
-         Қызықты, танымдық кітаптар оқуға тырысыңыз;
-         Болған іске ешкімді де кінәламаңыз;
-         «Ешкім мені түсінбейді» деп өзіңізді қоғамнан аулақ ұстамаңыз;
-         Ең бастысы Алладан күдер үзбеңіз.  

Көресіз, бұл күнде өтеді. Алдыңызда жарқыраған жақсы күндер күтіп тұр. Алла сізге берерін тоқтатпасын!

 
Ұқсас материалдар: 

Үй болудың сабақтары. 1 - сабақ 
Үй болудың сабақтары.  2-сабақ
Үй болудың сабақтары.3-сабақ
Бақытты шаңырақ сырлары. 1- сыр: Ықылас-ниет пен талап
Бақытты шаңырақ сырлары. 2- сыр:  Анық мақсат
Бақытты шаңырақ сырлары. 3-сыр: Жақсы жар таңдау
Что даёт мусульманке опыт социальной активности?
Совершенная женщина: мужской взгляд
Всем незамужним мусульманкам посвящается
«Модный» хиджаб? 
Неке 
Некенің шарттары 
Ер адамның отбасындағы міндеттері
Сіз қандай күйеусіз ? (Еркектерге он кеңес)
Мұсылман қыздары сұлулығының құпиясы неде? 
Дінімізде әйелдерге боянуға рұқсат етілген бе?
Әйелдің отбасындағы міндеттері 
Үйлену - Алланың ұлы заңы
Ерлерге қандай әйелдер ұнайды?

0 пікір