ТАЛАҚ ТУРАЛЫ АЯТТЫҢ ТӘПСІРІ
ТАЛАҚ ТУРАЛЫ АЯТТЫҢ ТӘПСІРІ
04.09.2018 16:42
719
0

 

 قال تعالى: {الطَّلَاقُ مَرَّتَانِ فَإِمْسَاكٌ بِمَعْرُوفٍ أَوْ تَسْرِيحٌ بِإِحْسَانٍ وَلَا يَحِلُّ لَكُمْ أَنْ تَأْخُذُوا مِمَّا آتَيْتُمُوهُنَّ شَيْئًا إِلَّا أَنْ يَخَافَا أَلَّا يُقِيمَا حُدُودَ اللَّهِ فَإِنْ خِفْتُمْ أَلَّا يُقِيمَا حُدُودَ اللَّهِ فَلَا جُنَاحَ عَلَيْهِمَا فِيمَا افْتَدَتْ بِهِ تِلْكَ حُدُودُ اللَّهِ فَلَا تَعْتَدُوهَا وَمَنْ يَتَعَدَّ حُدُودَ اللَّهِ فَأُولَئِكَ هُمُ الظَّالِمُونَ

فَإِنْ طَلَّقَهَا فَلَا تَحِلُّ لَهُ مِنْ بَعْدُ حَتَّى تَنْكِحَ زَوْجًا غَيْرَهُ فَإِنْ طَلَّقَهَا فَلَا جُنَاحَ عَلَيْهِمَا أَنْ يَتَرَاجَعَا إِنْ ظَنَّا أَنْ يُقِيمَا حُدُودَ اللَّهِ وَتِلْكَ حُدُودُ اللَّهِ يُبَيِّنُهَا لِقَوْمٍ يَعْلَمُونَ}

        Алла Тағала: «Талақ кезегі екіге дейін (яғни әйеліне бір немесе екі мәрте талақ айтқан адам әйелімен татуласып жатса, екеуі қайта қосыла алады) оны жақсылықпен өзіне жар етіп алып қалаалады, не болмаса көңілін тауып, жақсылықпен қоя береді. (Уа, ер адамдар!) Ажырасқан жағдайда әйелдеріңе бұрынырақта тарту еткен мәһір немесе басқа да дүние-мүліктен мысқалдай нәрсе болса да қайтарып алсаңдар, ол сендерге адал болмайды. Алайда, ерлі-зайыптылар Алла белгілеген шектен асып кетуден қорықса, онда үкім басқаша болады. Егер ерлі-зайыптылардың (тату-тәтті өмір сүре алмағандықтан) Алла белгілеген шектен асудан қорықсаңдар, ондай жағдайда әйел күйеуінен құтылу үшін (алған мәһірін қайтарса немесе күйеуіне басқа да) дүние-мүлік берсе, онда ерлі-зайыптылардың екеуі де күнә арқаламайды. Міне, бұл – Алланың белгілеп қойған шекарасы, одан ары аспаңдар. Кімде-кім Алланың белгілеп қойған шекарасынан ары асатын болса, міне, солар –нағыз залымдар.

           Егер ер адам әйелін (екі мәрте талақ етіп қайтарып алғаннан кейін үшінші рет тағы да) талақ етсе, ол әйел (өз қалауымен) өзге еркекпен тұрмыс құрмайынша және (онымен де ажыраспайынша) оған адал болмайды. Егер екінші күйеуі оны талақ етсе, онда ол әйел мен бірінші күйеуі өз қалауларымен некелерін қидырып қайта қосылса, екеуі де күнә арқаламайды. Міне, бұл – Алланың белгілеген шекарасы. Алла оларды (хикметін) білгісі келетін қауым үшін ашық баяндайды» («Бақара» сүресі, 229-230 аят) деген.

 

Ақ неке қиылып, отбасылық өмір болған жерде ажырасудың болатындығы тәбиғи іс. Жұлдызы жараспаған ерлі-зайыптылардың жалғасты өмір сүре беруі имани өмірлеріне кері ықпалын тигізетіндей күрделеніп бара жатқан жағдайда, Ислам діні жарасыммен ажырасуға рұқсат етеді. Алла елшісі (с.а.с.): «Алла Тағалаға адал еткен істің ішіндегі ең жағымсызы – ажырасу»[1] деген. Жоғарыдағы әуелгі аятта ер адамның екі талаққа (ажырасу сөзіне) дейін отбасымен қайта жарасу мүмкіндігі барын айтса, екінші аятта үшінші талақты берген соң некенің түбегейлі бұзылатындығы білдірілген. Яғни, отағасы үш пәктік (үш ай) уақыты аяқтағанға дейін үшінші талақты кешіктіру сүннет амалға жатады. Себебі, осы мезгіл ішінде отағасы үшін де, әйел адам үшін де істеген істеріне өкініп, тәубеге келу, қайта жарасу мүмкіндіктері бар. Немесе бір-бірлеріне болған ыстық сезімдерін, қимастықтарын суытуға дағдыланудың жолы қарастырылған деуге болады.

Шариғатта некені бұзатын «талақ» сөздері екі түрлі болады. Әуелгісі, «талақ» (ажырасу) мағынасын беретін нақты сөздер. Бұл түрдегі сөздерді айтқан адам талақты ниет етсін, етпесін талақ түседі. Екіншісі, «үйіңе кет», «затыңды жина» деген сияқты ауыспалы мағынадағы сөздер. Бұл түрдегі сөздерді айту барысында талақты ниет етсе, талақ түседі. Талақты ниет етпеген болса, талақ түспейді.

 

Талақ берудің жолы

Әйелдің хайызы (етеккірі) келмеген, таза кезінде бір рет «Сен талақсың» (ажырастым) десе, бір талақ түседі. Екінші рет тағы да сол сөзді айтса, екінші талақ түседі. Бұл «Ражғи» (қайтарып алу мүмкіндігі бар) талақ болып, ғиддат мерзімі аяқтағанға дейін мәһір беріп, қайта неке оқытпастан әйелімен жараса алады. Ал, ғиддәт мерзімі бітіп кеткен жағдайда, әйелімен қайта жарасу үшін оның разылығын алып қайта неке оқытады, мәһір береді[2].

Ал енді, ер адам үш талақ айтатын болса, некесі түбегейлі бұзылады. Үш талақты бөлек-бөлек айтсын яки бір жерде үш талақ берсін айырмашылығы жоқ. Қайта жарасып, қосылу мүмкіндігінен айырылады. Қайтадан қосылу үшін әйел басқа ер кісінің мәңгі әйелі болу ниетімен тұрмысқа шығады. Одан  белгілі бір себептермен ажырасып кетіп, бұрынғы ерімен табысып жатса ғана қайта некелесе алады.

Ескерту: бір жолда үш талақ беру – ауыр күнә. Абдулла ибн Омар (р.а) бір кісінің үш талақты бірден айтқанын естігенде: «Әйелімен қайта некелесу құқы жойылды. Бұл әрекеті – Ұлы Раббысына қарсы келу болып табылады. Ол сүннетке теріс әрекет етіп отыр»[3]деп, мұсылман адамның бірден үш талақ айтуға асықпауы керектігін ескертеді.

Ханафи мәзһабы бойынша Құранның хас сөзінің мәніне қайшы келетін ахад хадиске амал етілмейді.Мысалы, қасиетті Құранда: «...ол (әйел) басқа ерге тимейінше (тәнкиха) халал болмайды» («Бақара» сүресі, 230-аят). Бұл аяттағы хас болып саналатын «тәнкиха» сөзі кескін дәлел болғандықтан, оған амал ету керек. Сол себепті, Ханафилер тәнкиха сөзі бәлиғат жасына толған, ақыл-есі дұрыс әйел уәлидің (әкесі сынды жауапты адамның) рұхсатынсыз-ақ өзіне ер таңдай алатынын айтады.

Ал, басқа мәзһаб ғалымдары: «Қайсы бір әйел уәлиінің рұхсатынсыз күйеуге тисе, некесі батыл (дұрыс емес), батыл, батыл»[4] деген ахад хадиске сүйеніп, бәлиғат жасына толған, ақыл-есі дұрыс әйел де уәлиінің рұхсатынсыз ерге тие алмайды деген көзқарасты ұстанады.

Мәзһаб ғалымдарының бұл екі түрлі көзқарасынан немесе уәлиінің рұхсатынсыз ерге тиген әйелге қатысты мынандай үкім айырмашылығы ортаға шығады.

Ханафи мәзһабы бойынша:

  1. Бәлиғат жасына толған, ақыл-есі дұрыс әйел уәлидің рұхсатынсыз күйеуге тисе, ол әйел ерімен жақындасуы халал.
  2. Әйелді асырау, тұратын жерін қамтамасыз ету және мәһір (қызға берілетін силық) беру еріне міндет.
  3. Тиген ері талақ берсе, талақ түседі

         Ал, Шафиғи мәзһабында болса аталмыш мәселелердің үкімі Ханафи мәзһабының үкімінен басқаша болады[5].

Ескерту: ҚМДБ қазіргі зайырлы қоғам жастар арасындағы ата-аналарының хабарынсыз, өз араларында неке қидырып, көп ұзамай ажырасу істерінің жиы кездесуіне байланысты уәлидің рұқсатын шарт еткен.

 

Арақ ішкен, ашу кернеген адамның және SМS арқылы берілген талақ түсе ме?

Арақ ішіп, мас болған адам мен қатты ашуға берілген адамның әйеліне айтқан талағына қатысты үкім оның талақ сөзін айтқан кездегі ақыл-есін жоғалтып, жоғалтпағанымен байланысты деуге болады. Яғни, ақыл-есін жоғалтып, әйеліне талақ айтқанын өзі де білмейтін болса, онда талақ түспейді. Мұндай ашуға тап болған кісі жындының үкіміне кіретіндіктен айтылған «талақ» сөзі талақ боп есептелмейді. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз да (с.а.с.) бір хадисінде былай деген: «Бойын қатты ашу билеген кісінің талағы да, құлға берген азаттығы да есептелмейді»[6].

Бүгінгі таңда кейбіреулер сыртта жүріп SМS арқылы үйіндегі әйеліне талақ беріп жатады. Мұның үкімін фықһ кітаптарындағы хат арқылы талақ беру үкімімен сәйкестіруге болады. Ханафилер бойынша, ері әйеліне хат жазып сол хаттың сыртына әйелінің аты-жөнін анық жазылып, хатта «Сені талақ еттім» деген сияқты сөздермен талақ берілген болса, талағы түседі. Ал, хаттағы жазылған сөздер «Киіміңді жинай бер», «Үйіңе қайт» деген сияқты астарлы мағынадағы сөздермен жазылған болса, үкім ер адамның ниетіне қарай іске асады. Ниеті талақ ету болса, талақ түседі. Ниеті талақ ету болмаса, талақ түспейді[7]. SМS арқылы хат жолдап, талақ берудің үкімі де міне осыған ұқсас болады.

  

Діни білімі болмаған адамның айтқан талағына

кешірім бар ма?

Қазақ халқының арасында Ислам қағидаларын, әсіресе, талақ мәселесін жете түсіне бермейтін отбасылар көп деуге болады. Олардың кейбірі белгілі деңгейде ауыл молдаларынан естіп-білгендері бар болғанымен, соған лайықты өмір сүру ісінде немқұрайлылық танытып жататындары да жоқ емес. Соның бір мысалын Бейімбет Майлиннің «Талақ» атты әңгімесінен көруге болады. Әңгімеден үзінді: «...Бірақ, Зейнепте ой екінші түрлі еді. Бұрынғы қалыппен таяқты елемей ісін істеп, алдағы қызғылықты тұрмысқа әзірлену бүгін Зейнепте жоқ еді. Өйткені, желкеге тиген жұдырықтан гөрі бір ауыр, салмақты нәрсе бар, Зейнептің соншама жылауына, бүкшиіп жатып алуына сол себеп болды. Қанша ойласа да ұшына шығу қиын.

Ол талақ еді.

Зейнеп елде жүргенде шешелерінің айтқанынан есітетін: «неке ерлі-байлы адамның тұрмысын бір-біріне байлайтын жіп. Бірін-бірі көрмеген, бірін-бірі сүймеген екі адамды неке сүйдіреді. Неке махаббат жібі, ерлі-байлы адам қаншама бірін-бірі көрместік болып, араздасса да, неке тұрған жерде махаббат үзілмейді. Ал, ерлі-байлы адамның жиренішті тұрмысына дәнекер болып тұрған жіпті үзетін бір нәрсе бар, ол - талақ!..». Әңгіменің соңын ала, «...Бұл, әсіресе, Айдарбекке тура келеді. Шариғаттың бұйрығын істеймін десе, Айдарбек қатынын екінші біреуге қосып, ол адам талақ кылғанның артынан үш айдан кейін барып неке қиып алу керек! Олай қылмаса, некесіз қатын ұстаған болады. «Некесіз қатынның үйінің асы арам» деп Шолақ молда екі күннің бірінде қақсайды.

Бірақ, жастан қосылған әйелін Айдарбек неғып басқа біреуге қоспақшы?...»[8].

Бұл әңгімеде өздерін мұсылман санайтын отбасылар арасында ұрыс-керіс бола қалған сәттерінде, ажырасу мағынасын беретін «Кет», «талақ еттім» деген сынды некені бұзатын сөздердің айтылып тұратындығын әрі шариғат үкімдеріне көз жұма қарап, араларына талақ түссе де жалғасты бірге өмір сүре беретіндіктері айтылады. Бұл қоғамда бар, ашы да болса шындық. Сонда осындай отбасылардың некелері бұзылып, некесіз өмір сүріп жатқан болып табыла ма? Әлде, олардың діни білімдерінің таяздығы, талақ мәселесінің үкімін, шарттарын білмеулері кешіріммен қаралатын, некелерінің бұзылмауына себеп болатын үзірлікке жата ма? деген сұрақтар туындайды. Дана халқымыз: «Білмеген у ішеді», - дейді. Яғни, шариғат үкімдерін білмей отбасылық өмірлерінің бір бөлімін өткізіп қойған арамыздағы алдыңғы буын адамдар үшін айтқан талақтарын зәрулік ретінде қарай отырып, мүмкін Ислам шариғатындағы «Зәрулік себепті тыйым салынған істерге кешірім бар» деген қағида негізінде некелері бұзылмады деуге болар. Алайда, егемендік алып еңсемізді тіктеген бүгінгі кең заманда күнделікті өмірімізге қатысты діни мәселелердің үкімін үйрену әрбіріміз үшін кезек күттірмейтін парызымыз екендігін естен шығармауымыз керек.

Қорыта айтар болсақ, талақ беру құқығы негізінен ер адамға берілгенімен, әйел адам да белгілі шарт-жағдайлар аясында, яғни, күйеуінің белсіз болуы, әйелінің күнделікті қажетін тауып бере алмауы, аяусыз жәбір көрсетуі сынды жағдайларда ерінің үстінен қазыға немесе сотқа шағымдану арқылы ажыраса алады. Бұл да Исламдағы әділдіктің бір көрінісі. Бүгінде өкінішке орай, нәзік жанды қыз балалар сенім артып, сүйеніші ретінде таңдаған білдей бір азаматтар болмашы бір іске бола «Сені талақ еттім» деген бір ауыз сөзбен әйелінің тағдырын тәлкекке айналдырып жүргені де жоқ емес. Әрине, мұның басты себебі, діни сауатсыздық, діндегі жауапкершілікті түсінбеуден туындап отыр деуге болады. Сондықтан, Хақ діннің шарғи үкімдерін дұрыс түсініп, соған лайық өмір сүру басты мұратымыз болуы керек.

 

 

 

Самет Оқанұлы

Исламтанушы

 



[1] Әбу Дәуіт, Талақ, 3.

[2] Доктра, Уахбатуз Зухайли, Фықһул Ислами уә әдиллатуһу, «Дәрул фикр» баспасы, Димашық. – 2007. 9-том, 6955-бет.

[3] Сахих Мүслим: Китабут Талақ, №1471 хадис.

[4] Әли ибн Мұхаммад әш-Шәукани, Нилүл аутар, «Мәктәбәтү әймән» баспасы. – 1999.,  3-том, 396 бет. 139-бет.

[5] Мұхаммад ибн Исхақ әш-Шаши, Ұсулү әш-Шаши, «Дәрүл-күтүбул ғилмия» баспасы, Бәйрут. – 2003., 256 бет. 17-бет.

[7] Доктра, Уахбатуз Зухайли, Фықһул Ислами уә әдиллатуһу, «Дәрул фикр» баспасы, Димашық. – 2007. 9-том, 6902-бе; Әд-Дүррул мұхтар уә раддул мұхтар, 2-том, 589-бет.  

0 пікір