КИМЕШЕК ДЕГЕН НЕ?
КИМЕШЕК ДЕГЕН НЕ?
10.01.2020 10:33
3189
0

Кимешек ұғымы тілімізге ұлттық болмысымызға сіңген қастерлі сөз. Бұл сөзді айтқанда кімнің болмасын ойына ең әуелі өзін аялаған ақ жаулықты анасы түсетіні анық. Олай болса кимешек ұғымы біздің бойымызға ана сүтімен дарыған қасиетті ұғым. Кимешек атауы жаулықтың, орамалдың яғни хижабтың қазақша төл атауы.

Кимешек – ол әншейін бір бөз ғана емес, оны Ұлы Аллаһ Тағала парыз болдырғаннан бастап, пайғамбарымыз әз Мұхаммед (с.ғ.с.)  жұбайларына һәм әйел сахабаларға жеткізді, олар бұлжытпай атқарды, халифалар сосын имамдар сонымен қатар исі мұсылман аналар жалғастырып келген ар-намыс үрдісі. Ол тек намаз кезінде таға тұрушы шүберек қана емес, керісінше мұсылман ана жұртшылығының аппақ ары болғандықтан, кимешек құнды қазынамыз болып, діни (фәрғи болса да) бедел һәм киелі әрі иелі зат екенін ерте қалыптастырды.

Кимешек – ақ матадан тігілген, омырау мен арқаны жауып тұратын, беті ойылып жасалған әртүрлі үлгідегі бас киім болса да, атам қазақтың күнделікті өмірде көзі тіпті қанымен жанына сіңіп кеткен ажырамас аналар құндылығы болып табылады.

Кимешекті барлық ана тағады. Алайда  ол дәреже де, сән де емес. Тұнған ар, тұнық ұят, әуенді әуез әрі сіңген ұлттық болмыс.

Кимешек беделінің мойындалуы аналарымыздың шын мәнінде, ауылға әрі балаға басшылық етуіне тікелей байланысты. Ауыл анасы арнаулы ат- атағымен ауылдастар және көршілер алдында үлкен беделді тұлғаның нақ өзі болды. Аналардың  ақ кимешегі өміріндегі тәжі ар-намыстың ақтуы болса, өмірден өтіп кетсе өшпес елесі болып қалды.

Кимешек – уақыттың сырғуына жалтақтамайтын, ананың абырой беделін қорғайтын, төмен емес, жоғары қойылатын, өзінің қадірін жоғалтпайтын киелі киім.

Кимешек  – өңі секілді өзі де аппақ қасиетті бас киім. Көненің көзі, ененің бөзі. Ақжаулық ананың ақ сүтінен нәр алған өң әрі рең.

Кимешек – той-томалақта киіп, басқа уақытта шешіп тастайтын қазіргінің көйлегі емес, ол өмір бойы есігі мен бесігін ардақтаған аналар қауымының басында ұстайтын бөлінбес бөлшек бөзі. Маңдай тері мен жұпар иісі сіңген бұйым.

Кимешек – күнәларды құлаққа өткізетін сүзуші емес, күнәларды жасырып, құлақты тазартуды үйрететін киім. Алаулаған тозаққа отын емес, жайқалған жәннатқа ұрпақ тәрбиелейтін аналар ары мен бағы.

Кимешек – әр күні ұят пен ұяң арқылы алға жылжитын, өзін өрге өрмелететін жаулық. Аналардың көзінің қарасы.

Кимешек – имамның сәлдесінің ең сырлы жұптас түрі.

Кимешек – ананың бар ғұмыр жасындағы қуанышпен қайғысының алтын сыр сандығы.

Кимешек – қобыздың үні, сыбызғының сыры, домбыраның дауысы, кең даланың дарханы.

Кимешек  – өзі үшін емес, өзгелер бақытын арқалаған әз аналардың алтын тәжі. Сол түр болмысымен Аллаһты еске түсіретін әз әулие, текті аналардың тегеуірінді тұтқасы.

Кимешек  – бір ананың жатқан баласы отырғанша, отырғаны тұрғанша, тұрғаны жүгіргенше, жолға шыққаны келгенше, ашы тойғанша, кеткені келгенше, сырқаттысы жазылғанша, қойшы қысқасы өзі өле-өлгенше балам, балам балам деп, онымен қалмай ауыл-аймақ, халық-қамын жеп, жұрттың берекесін айрандай ұютып өтуге бекінген аналардың бекем рухани сауыты.

Кимешек  – қазақы иіс пен болмыс түп-тұқиясына шейін сіңіп кеткен кәміл орамал. Оны көрген адам қазақылықты ғана көре алады.

Кимешек  – өзін ғана емес өзгені, ағайынның аты озғанша ауылдастың тайы озсын, оның өкшесіне кірген шөгір менің маңдайыма кірсін дейтіндей ұрпақ емізіп өсіруші аналар жаулығы.

Кимешек  – ауыл аймақтың арқа сүйер, қарап сүйсіне именер, көз емес көңіл тартар тұнық ана әжелер исі. Адамды адамға сүйдіретін, он екі тамырды идіретін жандардың жалғызы.

Кимешек – қайда, қашан болса да аналықты ең алға қоятын, қаперге салатын құндылардан да қымбат киім.

Кимешек  – Құдайдың құтты әмірі, Пайғамбарымыздың сүннеті, түгел мұсылманның ижмасы, барлық пайғамбарлар мұрасы, атам қазақтың да дара дәстүрі. Ешқашан ескірмейді. Қайта тақпаған адам ескіріп жоғалады. Ұлт жойылады.

Кимешек – ол қазақ үшін таптырмас байлық, ар мен ұятты қорғайтын жаулық. Қазақ даласында туып өскен дарабоз дара тұлғалар сол кимешектің астында омырау еміп, бетін күн көзінен көлеңкелеп өсіп өнген құтты мекен.

Кимешек – бар қазақтың түп ата мекені. Құрсақта болғанда анасының шашын жапса, емшекте өзін жапты, бесікте бетін бүркеді.

Кимешек  исламның айнасы, қазақтың құнды жәдігері. Рухани жаңғырудың дәл өзі, өзімізге оралудың да ең шыңы, тың бастамсы.

Кимешек бар жерде адамгершілік һәм мұсылманшылық бар.

 

Берікбай ГЕРМАНҰЛЫ

0 пікір