ЕҢ ӘДЕМІ СӨЗ-ЖҮРЕКТЕН ШЫҚҚАН ШЫН СӨЗ!
ЕҢ ӘДЕМІ СӨЗ-ЖҮРЕКТЕН ШЫҚҚАН ШЫН СӨЗ!
13.02.2020 10:20
518
0

Иманның жартысы жақсы мінез дедік. Жақсы мінездің жартысы - жақсы сөз. Яғни, рухымыздың тазалығы - аузымыздан шыққан сөзіміздің жақсы-жаманынан білінеді. Сондықтан, біз бала жастан тілімізді тәрбиелеуге міндеттіміз. Ішетін тамақтың тазалығына қалай көңіл бөлсек, аузымыздан шығатын сөзге де солай көңіл бөлгеніміз жөн. Ол үшін  ислам дініндегі мына қағидаларды біліп, орындауға тиіспіз.

- Әуелі, айтатын сөзді жақсылап ойлап алып, содан кейін  асықпай анық сөйлеу.

Содан кейінгілері:

-Біреудің көңілін қалдыратын, ренжітетін сөз айтпау;

-Әңгімелесіп отырған кезде басқалардың сөзін бөлмеу;

-Өзінен үлкен адамдардың алдында дауыс көтеріп сөйлемеу;

-Өз құрбыларының жанында бет-жүз құбылтып, қолын сермеп, білгішсініп сөйлемеу;

-Біреудің сыртынан жамандап, келемеждеп сөз айтпау;

-Басқалардың сөзінен кемшілік іздемеу;

-Көпшілік ішінде пайдасыз  бос сөз айтпау;

-Біреуді бетіне асыра мақтамау;

-Қанша  ашу қысқан кезде де жаман сөз айтпау;

-Біреуді сендіру үшін құр сөзбен ант-су ішпеу;

-Досының сырын басқаға әшкерелемеу.

Міне, бұл - тілді тәрбиелеудің негіздері. Ал, осылардың барлығының негіздері - тек шындығын айтатын тура сөзді болу.

Осыған қатысты бір қызықты хикаяны еске салайық.

Бағдат шаһарынан Мәдинаға оқу іздеп шыққан 8 жасар ұлына анасы

- Қандай қиын жағдай болса да шындықты айтып жүр!,- деп ақыл береді. Содан соң қырық дирһам күміс ақшаны шапанының өңіріне жасырып тігіп беріпті. Жолда бала ерген керуенді қарақшылар түгел тонап алады. Адамдарды тінтіп, қалталарындағы барын да  сыпырып алады. Баладан ештеңе де   таппайды.

-Сенде ештеңе жоқ па?.- деп сұрайды. Ұл шапанының өңірінде қырық дирһам ақша барын айтады. Расында да сөккен өңірінен сонша ақша жерге төгіледі. Мұны көрген қарақшылар:

-Ақымақ бала айтпасаң таппайтын едік қой!,- деп қарқылдап күлісіп мазақ етеді. Бірақ қарақшылардың басшысы тәубаға келіп:

 - Бұл ақымақ емес, біз ақымақпыз,- деп бүкіл тонаған дүниелерін керуеншілерге қайтарады.

Өздері сол арада қарақшылығын тастап, адал еңбекпен  күн көретін жолға түсіпті. Ал, әлгі шыншыл бала кейін әйгілі әулие ғұламаға айналып, ислам әлемінде аты қалған.

Бұл - асылында анасының аманат сөзіне адал болғаны үшін Алла Тағаланың балаға жасаған сыйы еді.

Бұзық жолдағы қарақшылар болса, бір сәтте әулиелікке жеткен пәк баланың нұрынан көкірек көздері ашылып, жүректеріне иман ұялап адамшылыққа келген.

Еңәдемі сөз - жүректен шыққан шын сөз екен.

 

0 пікір