Әйел денсаулығын күтуге 16 кеңес
Әйел денсаулығын күтуге 16 кеңес
04.05.2017 11:40
21289
0

Нәзік жанды әйел денсаулығы бүкіл өмірінде бірнеше кезеңнен тұратын өзгерістерден өтеді. Оның әрқайсысы әйелдің психологиясы мен денсаулығына әсер ететіндіктен оларға ерекше күтім керек. Одан бөлек, ғалымдар әйел денсаулығын сақтау үшін мына 16 нәрсені орындауы керек деп санайды.

1. Британ ғалымдары бактерияға қарсы сабындармен жиі жуынуға болмайды деген тұжырымға келіпті. Мұндай сабындар әйелдің бактериалдық тепе-теңдігін бұзатын көрінеді. Себебі антисептикалық күшке ие сабын әйелдің нәзік ағзасындағы бөгде ғана емес, пайдалы өз бактериясын да жойып жібереді. Содан әйел жиі суықтайтын болады дейді зерттеушілер.

2. Жүктіліктен сақтайтын таблеткаларды дәрігермен кеңесе отырып, тұрақты түрде, толық бір емдік курс ретінде қабылдау керек. Мұны әлемдік гинекологтар қауымдастығы мақұлдаған. Бұрын мұндай таблеткалар бүйрек пен бауырға зиян делінетін. Кейінгі, заманауи саналатын, жетілдірілген дәрілер жүктіліктен қорғаумен аналық безінің қатерлі ісігінің қаупін 30 пайызға азайтатыны анықталған. 

3. Әйелдерге қызыл шайды көбірек ішкен пайдалы. Ол ауыз қуысындағы бактерияларды өлтіреді. Сол арқылы тіс жегісін болдырмайды, әрі тамырлардың түйіліп қалуына жол бермейді. Ал ауыз қуысындағы бактериялар жүрек-қан тамырларының тарылуына себеп болатынын Америка ғалымдары дәлелдеген.

4. Барлық газдалған тәтті сусындарда фосфор қышқылы (Е338) болады. Ол ағзадағы кальцийді жуып кетеді. Ал кальций жетіспеушілігі әйел шашының түсуіне, тісінің мүжіліп, тырнағының сынуына себепші. Одан бөлек сүйегінің жұқарып, майысқақ болуына жол ашады. Ондай жағдайда 40 жастан кейін әйелдің бойы кішірейіп, бүкірейе бастайды. Бұл тапшылық баланың дамуына да үлкен кедергі.

5. Наркологтар аз мөл¬шерде ішкен алкогольдің зия¬ны жоқ дегенмен, онкологтар әрбір тамшы ішімдіктің әйел ағзасындағы рак клеткасының «оянуына» себепші болатынына алаңдайды. Тіпті пайдалы дейтін қызыл шараптың өзі сүт безі қатерлі ісігінің қаупін ұлғайта түседі екен. Себебі нәзік жаралған әйел ағзасы мұндай улануды көтермейді.

6. Фолий қышқылы әйелдің ағзасы сау, терісі сымбатты, ұрпағы сау болуы үшін аса керек витамин. Сондай-ақ ол әйел жанарының жарқылын сұлуландырып, көру қабілетін жақсартады. Оны В6 және В12 витаминдерімен қоса жылына екі рет ішу сау әрі жас көрінудің төте жолы.

7. Артық салмақтан арылу үшін диетолог кеңесінсіз түрлі фитошай ішіп, азықтан бас тарту әйел сүйегін әлсіздендірумен қатар тез әжім түсуіне, иммунитетінің төмендеп, жұқпалы дертке шалдығу қаупін арттыра түседі. Сондықтан тым толық та, тым арық та болудың қажеті жоқ. Ал салмақ тастау керек болса, міндетті түрде жас пен ағза ерекшелігіне лайық диетаны дәрігер тағайындағаны жөн.

8. 45 жастан асқанда әйелдерде менопауза кезеңі басталады. Бұл кезде жыныс¬тық гормондар белсенділігі төмендейді. Сол кезде жас кезінен өзін, денсаулығын күтпеген әйелдерде ішек қатерлі ісігі, остеопороз дерті «оянуы» мүмкін. Оның алдын-алу үшін дәрігер гормоналдық таблетка ішуді ұсынады. Бірақ оны әр жолы іше бермей, ара-арасында дәрігермен кеңесе отырып ауыстырып тұрған жөн. Әйтпесе гормоналды таблеткалардың бір-біріне кері әсері cүт безі мен аналық бездің қатерлі ісігіне ұрындыруы мүмкін.

9. Соңғы зерттеулер жатыр мойны қатерлі ісігіне темекі тартатын әйелдер¬дің көп шалдығатынын анықтаған. Түтіннің одан басқа да басқа зиянды жағы жетерлік.

10. Күн сәулесінен бөлінетін Д витаминінің жетіспеушілігі иммунитеті әлсіз әйелдерді бедеулікке соқтыратынын Йель универ-ситетінің ғалымдары дәлелдеді. Сондай-ақ поликистоз дертіне шалдығушылардың 95 пайызында осы жетіспеушілік байқалған. Сондықтан әйелдердің күнінен 1-2 сағат күн астында серуендегені дұрыс.

11. Безеуге қарсы, күнге күюден сақтайтын мазьдарды жиі пайдалану әйел терісін 40 жастан кейін тез қартаюға жетелейді. Сондықтан оларды барынша аз пайдалануға тырысқан абзал.

12. Халықаралық психикалық саулық ұйымының деректері бойынша, орта жастан кейін әйел стресс пен уайымға берілгіш келеді екен. Тіпті жер бетіндегі әрбір төртінші әйел созылмалы күйзелістен зардап шегетін көрінеді. Оның тұрмыстық тауқыметтен бөлек екінші себебі триптофан аминқышқылының жетіспеушілігінде жатыр. Оны банан, ірімшік, өрік пен күркетауық етінен табуға болады.

13. 30 жасқа дейін кем дегенде екі бала туып, олардың әрқайсысын 2 жас¬қа дейін емізген әйел аналық және сүт безі қатерлі ісігіне сирек шалдығады, ревматоидты артрит ауруына шалдығу қаупі де өте аз болады екен. Мұны Швед ғалымдары растайды.

14. Жер шарындағы әйелдердің шамамен 70 пайызы арқасының ашып, белінің қақсап ауыратынына шағымданады. Жас ұлғайған сайын қаттырақ мазалай түсетін бұл дертті болдырмау үшін гантель көтерген дұрыс екен. Ол іштің тартылуына, терінің болбырап босап кетпеуіне көмектеседі.

15. Әйелдердің 86 пайызында түрлі асқазан дерті бар дейді дәрігерлер. Асқазан мен ішек қатерлі ісігі осыдан бастау алатынын ескерсек, әйелдер іштің жай ғана кебуіне, асқазанның қыжылдауына қалыпты нәрсе деп қарамай, емделгені дұрыс көрінеді.

16. Тұрақты жыныстық қатынас пен одан дұрыс ләззат алу әйелді 5-6 жылға жас көрсетеді, түрлі гинекологиялық аурулардан азат, иммунитетін жоғары, көңіл-күйін керемет етеді.

 

 

Alashainasy.kz 

0 пікір