Әдепті әйел-Асыл ана
Әдепті әйел-Асыл ана
10.02.2019 14:10
226
0

 18 мың ғаламды жаратушы Алла Тағалаға бүкіл  мақтау мен мадақтаулар лайық  және екі дүние сардары Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с) сансыз салауаттар болсын.                                                                            Пайғамбарымыздың(с.ғ.с): сүйікті жары, мүміндердің анасы, тұңғыш мұсылман хазіретті Хадиша анамыздың (р.а.) екі дүние де алар орны ерекше, әйелдер қауымына үлгі-өнеге.                                       

   Пайғамбарымыз (с.ғ.с):  Хира үңгірінде жиі оңашалануды әдет еткенде Хадиша анамыз (р.а.) отағасына сағаттап жол жүріп, 866 метр Нұр тауына көтеріліп, Хира үңгіріне өз қолымен ас апаратын. Міне, отағасына деген құрметі – әдептіліктің көрінісі. Сондай-ақ Хадиша анамыз (р.а.) өзіндік құрмет ретінде еріне қатысты қызметті түгелдей өзі атқаруға тырысты. Бұл іске қызметшілерді араластырмады. Өйткені күйеуіне деген қызметін  құлшылық ретінде қабылдады. Алла разылығын іздеген әйел затына таптырмас мүмкіндік, бірден-бір жол осы. Хадиша анамыздың (р.а.) анасы ақылды, парасатты, беделді де, сыйлы кісі болған екен. Яғни, ізгі анадан туылған Хадиша анамыз (р.а.) әдепті әйел – асыл ана құрметіне лайық бола білді.

  «Анасын көріп қыз ал» - деген осы бір терең мағынада айтылса керек. Хадиша анамыздан (р.а.) туылған Фатима анамыз (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «көшірмесі» еді. Пайғамбарымыз(с.ғ.с): былай деген екен: «Фатима менің бөлшегім, оған ауыр болған нәрсе-маған ауыр, оны қуантқан нәрсе - мені қуантады». Фатима (р.а.) әкесiне қорған, «мүміндердің әміршісі» - Әлиге адал жар болуымен қатар, Хасан мен Хусейндей екi имамды тәрбиелеген ана, жарлы-жақыбайға көмек қолын соза бiлген адамгершiлiк иесi. Ислам iлiмiн таратушы, исламдық құндылықтардың сақтаушысы.                                                                                                                                       

   «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» - деп айтқандай қыз баласы анасына қарап бой түзейді. Анасының әкесіне деген қарым-қатынасын көру арқылы ер адамға құрмет көрсету керек екенін түсінеді. Әйел заты ерінің көмекшісі,қолдаушысы, ол басшылық етіп отырған отбасының ұйытқысы екенін көріп өскен қыз баласы жақсы қасиеттерге бейімделе бастайды. Хадисте: «Мына дүниенің жалғандығы - ол өткінші бір өмір ғана. Өткінші өмірдегі қолдануға берілген жақсылық – ол салиқалы, жақсы әйел» десе, тағы бір хадисте: Менің үмметімнің ең жақсы әйелдері, күйеулеріне сәлемі түзу (яғни, бойсұнушы) және қанағатшылдары», - делінеді. Әйелдерді осы бір қасиеттерге баулитын иманының беріктігі. Нағыз сұлулық жан сұлулығы, жүрек тазалығы десек, соның негізі – иман.Әйел баласын Алла Тағала өте нәзік, әрі әлсіз етіп жаратты. Оған табиғи рең беріп, көркемдеді. Басына қиындық түссе де мойымай, нәп-нәзік жүрегімен көтере білсін деп оның әлсіз иығынан бастап, ер адамға қарағанда айелдің тұла бойын төзімді етіп жаратты, дүниеге адам әкелуді, әр ауыртпалықты жеңсін деп Алла Тағала оған мықты қажыр-қайрат берді. Ерінің иманының толығуына, нағыз ер болып қалыптасуына әсер ететін де осы әйел. Омар ибн Хаттабтың (р.а.) риуаятында Алла елшісі(с.ғ.с):«Иманды әйел – қайырлы іс жасамайтын мың еркектен де қайырлы» деген екен.

  «Ел болам десең, бесігіңді түзе», - деп бекер айтылмаса керек. Әйел заты тәрбиені ең алғаш өзінен бастау қажет. Сонда ғана бойына сіңген тәрбиесі, балаларына дариды. Келешекте қыз баласының әдепті әйел-асыл ана санының артуына себепкер болады.

 

Абильдаева Қалдыгүл

Қалалық «Ақмешіт» мешітінің ұстазы

0 пікір