Имандылық жолына түсуге ниеттілер көбеюде
Имандылық жолына түсуге ниеттілер көбеюде
12.02.2016 17:35
1549
0

Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасында «Мәшхүр Жүсіп» мешітінің ұйымдастыруымен араб тілін үйренуге ниет білдірген оқырмандарға арналған дөңгелек үстел өтті.

Осы игі іс-шараға мұрындық болған облысымыздың ардақты кітапханашысы, өмірінің қырық жылын сүйікті салаға арнаған Назым Шайкенова оқырмандарды діни әдебиеттермен, ислам діні жайлы жуықта жарық көрген  кітаптармен таныстырды. Қазіргі кезде Назым Қизатқызы «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің кітапхананасында қызмет етеді.

«Мәшһүр Жүсіп» мешітінің ұстазы Қарлыгаш Талқанбаева жиынға қатысушыларға араб тілінің Азия елдерінде даму тарихын айта келе,  «Құран неге араб тілінде ғана жіберілген?»,- деген сауалға жауап берді. Ұстаз бұл сұраққа, ең алдымен өз елшісін кімге, қай уақытта және қалай жіберетінін Ұлы Құдіреттің өзі шешеді, бұл оның ғана құзырындағы іс деп жауап қатты. Жалпы қасиетті Құран Кәрімде Жаратушымыз бұл туралы: «Алла Тағала өз елшісін қайда аттандыратынын Өте жақсы біледі» деп атап өткен.

Қарлығаш Қажымәліқызының айтуынша, Исламды шын ниетімен қабылдаған жандар араб тілін үйренуі керек. Намазды оқыған кезде сүрелер мен аяттарды түсініп оқыған абзал. Сонымен қатар араб тілін білетін адам хадистерді мен діни ғалымдардың кітаптарын түпнұсқада оқи алатын болады.

Ұстаз тыңдаушыларға араб тілінің фонетикалық және лексикалық ерекшеліктерінде қысқаша тоқталып, тіл үйренудегі қажетті практикалық кеңестер берді. Ислам негіздерін үйренуге ниеті бар азаматтар мен әйел қауымы «Мәшһүр Жүсіп» мешітіндегі тегін курстарына тіркеліп қатысуларына болады. 

«Жыл сайын облысымызда араб тілін үренуге қызығушылық ар­ту­да. Алланың ақ жолына түскен мұсылмандар Алланың адам­зат ба­ла­сы­на түсірген Құран Кәрімді мағынасын түсініп, түпнұсқада оқығысы келеді», - дейді Қарлығаш Қажымәлікқызы. 

 

0 пікір