Бас мүфтидің атынан ауызашар берілді (ФОТО)
Бас мүфтидің атынан ауызашар берілді (ФОТО)
21.06.2017 23:33
1772
0

Қасиетті Рамазан айында  Ораза ұстау қандай  парыз болса,  Алла разылығы үшін ораза ұстаған құлдарының ауызын аштырып сауапқа кенелуді мақсат ететін жомарт  мұсылмандар қай өңірде де жеткілікті. Биылғы Рамазан айының алғашқы күнінен-ақ   Кереку өңірінде  асыл дінімізді сыйлайтын қалталы азаматтардың көбі  мешіттерде  ауызашар жасап үлгі көрсетсе, келесі кезектерде облыс, аудан, ауыл мешіттері де өз жамағаттарына жарыса ауыз аштырып, Рамазан айының қасиеті, ораза ұстаудың парыз болуы, оразаның екі дүниедегі пайдасы туралы уағыз-насихаттарын қатар жүргізуде.

 Рамазан айының 27-кеші, немесе қасиетті Қадір түнінің кешінде  облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінде ҚМДБ-ның өкіл имамы Н.Исеновтың ұйытқы болуымен Бас мүфтидің атынан  мешіт жамағаттары, облысымыздың қадірлі ата-апалары, ардагерлер, өңірлік барлық БАҚ өкілдері қатарлы әртүрлі кәсіби сала өкілдерін қатыстырып 300 адамға ауызашар дастарханы жайылды. Қасиетті Қадір түнінің кешіне  дөп келген дастархан басында ата-бабалар рухына Құран бағышталып, келелі уағыз-насихаттар айтылды. Ауызашарға қатысқан облыстық Діни істер басқармасының бастығы Дәулет Қоқанұлы, «Нұрана» мұсылман әйелдері бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Шаханқызы қатарлы көптеген ағалар мен апалар жиналған қауымға береке-бірлік-еліміздің өсіп-өркендеуінің басты  кепілі болатыны туралы ақыл-кеңестерге тола  насихат сөздер сөйлесе,   «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің ақылдастар алқасының мүшесі Омаров Қазыбек,   Ульян Мақұлұлы бастаған  ақсақалдар ақ батамен алқады.

Ауызашардың соңы әдеттегідей  орталық мешіттің 2500 адам сиятын кең намазханасында  құлшылығын қаза етпейтін Құдайдың құлдарының құптан, тарауық намаздарына ұласып, арықарай қасиетті Қадір түніне арналған рухани шараларға ұласты.

«Мәшһүр Жүсіп» мешітінің баспасөз қызметі

0 пікір