«Ұлт ұстыны - Бұқар жырау» атты ғылыми-практикалық конференция өткізілді (ФОТО)
«Ұлт ұстыны - Бұқар жырау» атты ғылыми-практикалық конференция өткізілді (ФОТО)
16.05.2018 14:53
339
0

Павлодар облысы, орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешіті және Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер мұражайы бірлесіп 16 мамыр күні қалалық «Естай» атындағы мәдениет сарайында Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығына орай «Ұлт ұстыны - Бұқар жырау»  атты  ғылыми-практикалық конференция өткізді.

Конференцияға облысымыздың зиялы азаматтары, қаладағы барлық мектептердің тарих және әдебиет пәнінің ұстаздары, студенттер қатысты.

Шараның алдында Бұқар жырау Қалқаманұлының өмір-тарихына байланысты 7-8 минуттық бейнеролик көрсетіліп, айтыскер ақын Мизам Жұмәлі арнау жыр толғады.

Келесі кезекте білім саласында және әдебиет, мәдениет, өнер саласында елеулі үлес қосып жүрген ғылым докторлары  Айтмұхамбет Тұрышов және Айман Файзоллақызы,  журналист Амантай Тойшыбайұлы, жазушы  Ербол Мәтіұлы қатарлығалымдар мен жазушылар Бұқар жырау бабамыздың өмірі, шығармашылығына қатысты баяндамалар оқыды.

Баяндамалар аяқталғаннан кейін  конференцияға қатысушылардан қойылған сұрақтарға жауап беріліп,  белсенді азаматтар  жарыссөзге шықты.

«Конференция мақсаты өз  заманының заңғар тұлғасы болған Бұқар жырау бабамызды әлі де болса жақынырақ тауға, тереңірек білуге ұмтылу. Осы арқылы ел мүддесі мен бабаларымыздың арман-тілегін ұйысқан  жыраулар мұрасын  насихаттап,  рухани жаңғыру жолындағы бүгінгі ұрпаққа бағыт-бағдар қылып ұсыну болмақ. Бір сөзбен айтқанда, Бұқар жырау бабамыздың қазақ тарихындағы кесек тұлғасын, жыраулық бағытындағы рухыңа қамшы салатын өрлік,  имандылық, ақиқатшылдық, халықшылдық  жырларын насихаттау, осы арқылы рухани жаңғырту, ұрпақ тәрбиелеу, сол ұрпақтың ұлттық кодын оятуда үлкен үлес болмақ»,-дейді ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Жолдас қажы Қоспақұлы.

 

«Мәшһүр Жүсіп» мешітінің баспасөз қызметі

0 пікір