ҮЙЛЕНУ - СҮННЕТ, ҮЙ БОЛУ - МІНДЕТ! (ФОТО)
ҮЙЛЕНУ - СҮННЕТ, ҮЙ БОЛУ - МІНДЕТ! (ФОТО)
25.11.2016 12:58
2154
0

Сейсенбі күні, Ақсу қалалық мештінің Бас имамының ұйымдастырумен  «Нұр Отан» филиалының конференц-залында «Үйлену – сүннет, үй болу – міндет!» атты конференция өтті. Оған  Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінің найб имамы Қуат Мінуаров, Павлодар қаласындағы  Мәшһүр Жүсіп мешітінің найб имамы Нұрлан Ефратұлы және ауылдардағы мешіттің имамдары, қала басшылары, ауыл әкімдері  қатысты. Конференцияға Ақсу қаласының бас имамы Әбдімүтәліп Омаров төрағалық етіп, жүргізіп отырды.

Сөз алған Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінің найб имамы Қуат Мінуаров  конференцияға жиналған қауымды еліміздің үлкен мерекесі Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен  құттықтап елімізге амандық, тәуелсіздігімізге баяндылық тіледі.

Бұдан соң,  негізгі тақырып бойынша ойын былайша өрбітті. - Дәстүрлі қазақ танымында: «Жалғыздық бір Құдайға ғана жарасқан» деген ұғым бар. Жаратылыстың бәрі де жұп-жұбымен жаратылған. Адам да бұдан тысқары емес. Ер мен әйел бір-біріне мұқтаж етіп жаратылғандықтан, үйлену Адам ата мен Хауа анамыздан бері келе жатқан табиғи құбылыс.

«Отан отбасынан басталады» десек, сол әрбір кіші отанның ұйытқысы, берекесі болатын – әйел адам. Ұлттың адаспай, ұлт болып қалуы, қоғамның ырғақты дамуы, мемлекеттің өркендеуі – соңында келіп әйелге, келешек Ана болар қыздардың қалай тәрбиеленетініне байланысты болмақ. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының өзі аруларымызға қатысты: «Мемлекет үшін және менің жеке өзім үшін де ананы қорғау – ерекше мәселе», «Шығыс халықтарының арасында, жалпы мұсылман елдерінде әйел затын ерекше бағалайтын, қарындасты қатты қастерлейтін халықтың бірі де бірегейі де – біздің қазақ» деп ерекше назар аударған. Қазақ,  қыз баланы  - тіршіліктің тірегі, әлемдегі ізгіліктің  алтын діңгегі, жарық дүниедегі  әдемілік  пен сұлулықтың тәңірісі деп бағалаған. Сондықтан, қыз баланың  тәрбиесіне ерекше  көңіл бөлген. Тәрбиелі, білімді қыз – қоғамымыздың  баға жетпес байлығы. Қыз – болашақ асыл жар, ертеңгі отбасы ұйытқысы, аяулы ана, ақылшы әже.

«Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деп жатамыз. Өйткені шаңырақ құрғаннан кейін адамның еңбекке деген құлшынысы да артады. Дүниесін үнемдеуді, есептеп, орын-орнымен жұмсауды үйренеді. Ал үнемшіл үйге береке жауады. Құранда былай делінген:

«Егер олар кедей болса, Алла оларды шексіз шарапатымен байытады» («Нұр» сүресі, 32-аят). Шаңырақ құру жастарды байсалдылыққа, сабырлы, төзімді болуға тәрбиелейді. Ұшқалақтық пен жеңілтектіктен арылтып, ақылды толыстырады. Үйлену арқылы адам баласы өзін түрлі күнәлардан қорғайды. Өкінішке қарай,  бүгін үйленіп ертеңінде айырылысып жатқандар ортамызда баршылық. Жастарға айтарым, жар таңдар кезде қателеспеңіздер. Қыз баланың немесе ер баланың  отбасына, тегіне қараңыздар дегім келеді.

         Бұдан соң Павлодар қаласындағы «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің наиб имамы Нұрлан Ефратұлы, Павлодар облысы Дін істері департаментінің директоры Дәулет Закарьянов, Ақсу қалалық хал актілерді тіркеу бөлімінің басшысы Октябрь Нұрашев, Ақсу қалалық мәслихат хатшысы Мәдениет Омарғалиев, Ақсу қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Залмұқан Арынов  жастарға қатысты әртүрлі мысалдар келтіре отырып өздерінің ақыл-кеңестерін айтты.

         Түстен кейін Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінің найб имамы Қуат Мінуаров пен Павлодар қаласындағы  Мәшһүр Жүсіп мешітінің найб имамы Нұрлан Ефратұлы Жаяу Мұса колледжінің студенттерімен кездесті. Кездесу екі тілде өтті.

- «Үйлену оңай, үй болу қиын», - деп дана халқым дөп басып айтқан. Өмірде екі нәрседен, яғни, жар таңдаудан және мамандық таңдаудан қателеспеудің маңыздылығын үлкендер айтып келеді. Бұл тақырыпты қозғаған себебім: қазіргі таңда бесіктен белі шықпаған жастардың отау құрып, ғұмыры қысқа шаңырақ көтеріп, ақыр соңы бейкүнә сәбилердің отбасы бақытынан айрылуы секілді оқиғалардың жиілеп кеткендігі.

Отау құру – жауапкершілік пен түсіністікті, сыйластық пен кешірімділікті, парыз бен міндетті қажет ететін шешім. Жастықтың лапылдаған махаббаты мен құмарлылығына алданып, бірін-бірі танып-білмей жатып шаңырақ көтеретіндер саны күн санап еселеп артып келеді. Сіздер, құрметті студенттер біріңіз бозбала, енді біріңіз бойжеткенсіздер. Отбасын құрар сәтте болашақ жарыңыздың  көркіне емес, көркем мінезіне мән беріңіз Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білу қажет.

Отбасы тағдыры – ұлт тағдыры, келешек тағдыры. Сондықтан, мен, сіз, ол – біз болып жұмыла болашақтың кірпішін қалауға ат салысайық, деді «Әзірет Сұлтан» мешітінің найб имамы Қуат Мінуаров.

Екі жерде өткен конференцияны  түйіндеген Ақсу қаласы мешітінің бас имамы Әбдімүтәліп Омаров: - Қазақ отбасында әрдайым: «Әдепті бол, тәрбиесіздік етпе, көргенсіз болма» деген сияқты сөздерді балаларының құлағына құйып өсірген.

Қазақ отбасында өз баласын мейірімділікке, имандылыққа баулыған. Үнемі отбасында осылай тәрбие көрген бала ақырында, өздігінен тіл алғыш, адал, тиянақты, ұқыпты болып шыға келеді. Ұлттық салт-дәстүрімізді білу, оның  астарын  түсініп,  атадан балаға  мирас ету қазіргі  таңда әсірісе қазақ  жастары үшін  ауадай қажет дей келе,  Астана мен Павлодардан  арнайы келіп  ақсулықтармен кездесу өткізген  қонақтарға өзінің алғысын білдірді.

0 пікір