Тереңкөл ауданындағы Мәуліт айы
Тереңкөл ауданындағы Мәуліт айы
24.12.2018 10:46
2385
0

Пайғамбар шоғырының соңғы жарық жұлдызы Мұхаммәд Мұстафаның (Оған Алланың игілі мен сәлемі болсын) әлемдерді шарапаттандырып, нұрлы тәнімен дүниеге келген қасиетті Мәуліт айы да келіп жетті. Ұлы Жаратушы иеміз Рабиул-әууал айының 12-сі, дүйсенбі күні мейірім мен мейірбандылықтың, адамгершілік пен парасаттылықтың, ізгілік пен жақсылықтың, көркем мінез-құлықтың үлгісін паш етсін деп, Оны күллі Әлемге тек рахым етіп жіберді. Алла Тағала Құран кәрімде «Ей, адамдар! Сендерге өз араларыңнан бір пайғамбар келеді. Сендер тауқыметке ұшырасаңдар-Оған ауыр тиеді. Ол сендердің тура жолда болғандарыңды қалайды, мүміндерге құштар, өте жанашыр» («Тәубе» сүресі, 128 - аят)

Ізі бөлек, сөзі бөлек басқадан, Адамзатты тура жолға бастаған.                            

Ұлы Алланың Расулы-Мұхаммәд, Салаллаһу аләйһи уә сәлләм.                        

Азбасын деп Адам ата ұрпағы, Бірге атыпты болашақтың нұр таңы.

Мәуліт күні дүниеге келгенде, Хабибуллаһ-қос дүние Сұлтаны.

Барша мұсылман жұртшылығын сүйіндіріп төрімізге өрлеген Мәуліт айы бәрімізге мүбәрак болсын. Мұсылман жұртында жыл сайын Мұхаммәд (Оған Алланың игілі мен сәлемі болсын)Пайғамбардың туылған айы ресми түрде тойланады. Мәуліттің тойлауына ислам ғұламалары жоғары баға берген. Хасан әл-Басри (р.а.): «Менің Ухуд тауындай алтыным болса, оны Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілі мен сәлемі болсын) мәулітін оқытуға жұмсаған болар едім»,- деген және Жалалуддин ас-Суюти (р.а.):«Бір үйде немесе мешітте Пағамбарымыздың (Оған Алланың игілі мен сәлемі болсын) мәуліті оқылса, сол үйдің немесе мешіттің адамдарын періштелер қоршап алады, олардың барлығына Алла тағаланың рахметі жауады және үйіне нұрмен оралады. Себебі, періштелер Пайғамбарымызға (Оған Алланың игілі мен сәлемі болсын) мәуліт оқығаны үшін ол адамға салауат айтып тұрады», - дейді. Пайғамбармызға (Оған Алланың игілі мен сәлемі болсын)салауат айтудың артықшылығы жөнінде хадисте: «Қиямет күні маған ең жақын адам-Маған ең көп салауат айтқаны»делінген имам Термизи риуаятында. «Қасында Менің атым аталып, Маған салауат айтпаған адам - анық сараң»делінген имам Термизи риуаятында.

Оның нұрын барлық ғалам аңсаған, Ұлықтығы артық болған баршадан.            

    Пәк пейілмен, саф көңілмен жар салам, Иә Мұхаммәд, уәс-салату уәс-салам.

 Бұл айда атап өткізудегі негізгі мақсат - Мұхаммәд пайғамбардың (Оған Алланың игілі мен сәлемі болсын) іс-әрекеттерін насихаттау, салауаттар айту, жастарға имандылық қағидаттарын түсіндіру, оларды отансүйгіштікке, бауырмалдыққа, адамгершілікке, ата-ананы құрметтеуге және түрлі теріс қылықтардан сақтануға шақыру. Бұл күні Құран Кәрім оқу, қаза намаздарды оқу, садақа беру, дұға оқу және Хақ Тағаладан күнәларымыздың кешірілуін сұрау, мәуліт оқу, салауат айту, дәмді тағамдар ұсыну Пайғамбарымызға (Оған Алланың игілі мен сәлемі болсын) деген сүйіспеншілігімізді көрсетеді. Алла Тағаланың ең сүйікті пендесі әрі сардары Мұхаммәд (Оған Алланың игілі мен сәлемі болсын)  дүниеге келген айының құрметіне Тереңкөл аудандағы Фёдоровка, Трофимовка, Береговой, Жаңабет, Байқоныс, Қызылтан және Тереңкөл ауылдары мәуліт мерекесін атап өтті. Мәулітке ауданымыздағы өнерлі азаматтарымыз қатысты. Атап өтер болсақ Маманов Ербол, Багаев Арман, Абылғазы Аманжол, Башой Қуандық, Багайұлы Келден, Джабинов Якуб және Нурбаев Қанат пен Чамелхан Ерхинбек. Олар халқымызға терме, діни өлеңдер айтты. Мерекеге арнайы дайындаған көріністер және бейне ролик көрсетілді. Аудан имамы Маралбек Жанбырбайұлы құттықтау сөздерін сөйлеп, ғибратты уағыз айтты. Содан соң дастархан жайылып, ас беріліп, дұға оқылды. Мерекелік жиындар ойдағыдай өтіп, ауыл азаматтарының көңілінен шықты. Аудан орталығындағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін арнайы шақырып, мәуліт мерекесінің құрметіне сыйлықтар берілді. Ендеше, шарапаты мол мәуліт мерекесі біздің хақымызға да құтты болсын. Осы мәулітте Пайғамбар (Оған Алланың игілі мен сәлемі болсын) өсиеттерін тереңірек түсінуді нәсіп етсін. Алладан бұл мерекеде адамдар арасындағы мейірімді, имандылықты, бауырмалдықты, қайырымдылықты арта түсуін тілейміз. Мәуліт мерекесінде айтылған салауатымыз бен құлшылық, дұға тілектеріміз қабыл болсын. Алла Тағалам келесі мәулітке дейін сау-саламатта болып, еліміз аман жұртымыз тыныш болсын, Әмин!

 

 

Тереңкөл аудан имамы Маралбек Ж.

 

0 пікір