Тәуелсіздік күніне арналған волейболдан турнир өтті
Тәуелсіздік күніне арналған волейболдан турнир өтті
19.12.2019 06:21
1215
0

Павлодарда алғаш рет Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған мұсылман қыздар арасында волейболдан турнир өтті.

Іс-шараны Павлодар облысының конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығы мен Павлодар қаласының «Ақмешіт»  қалалық мешіті ұйымдастырды.

«Ақмешіт», «Мәшһүр Жүсіп», «Ғазиз», «Омар әл-Фарух» мешіттерінің, Екібастұз қаласы мен Майқайың кенті мешіттерінің діни сауаттылық курстарына қатысатын 6 қыздар командасы волейболдан ауыспалы кубокқа қатысты.

Іс-шараның мақсаты: салауатты өмір салтын насихаттау, жастардың бойында патриоттық сезімді, өз елі үшін мақтаныш сезімін қалыптастыру, бірлікке, спорт пен шығармашылыққа деген қызығушылықты арттыру.

Павлодар облысының бас имамы Жолдас қажы Бердімұратовтың айтуынша, мешіттерге келушілер жастарды ұлттық салт-дәстүрді құрметтеу рухында тәрбиелейтін іс-шараларға қуана қатысады.

«Деструктивті дін өкілдері адамдарға мұсылмандар мемлекеттік мерекелерге қарсы қоғамнан тұйық  өмір салтын ұстанатынын айтады.  Ислам дінінде де, қоғамда да бірлік пен келісімді нығайтатын зайырлы, жақсы дәстүрлерді  қолдайды.  Бізге келушілер дін нұсқаларын сақтаумен қатар, оқып, мемлекет игілігі үшін жұмыс істейтін өз елінің патриоттары болып табылады», - деп атап өтті Жолдас қажы.

Мұсылманволейболшыларды қолдауға көптеген көрермендер жиналды: спортшылар, жаттықтырушылар, ата-аналар және оқу орындарының оқушылары. Ойын нәтижесінде «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің командасы бірінші орынды иеленді. Екінші орында –«Ақмешіт»  командасы. Құрметті үшінші орын Екібастұз қалалық мешітінің еншісінде. Барлық жүлдегерлер дипломдармен, сонымен қатар ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Дәстүр бойынша іс-шара соңында барлық қатысушылар мен қонақтар үшін мерекелік шай  дастарханы  ұйымдастырылды.

 

0 пікір