Солдат Бодаубек «Ай имамы» атанды
Солдат Бодаубек «Ай имамы» атанды
07.11.2019 10:50
155
0

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы Павлодар облыстық өкілдігі әр ай сайын ұйымдастыратын «Ай имамы» байқауы жалғасуда. Бұл жолы қазылар алқасының шешімімен Баянауыл ауданы Майқайың кенті мешітінің бас имамы Солдат Бодаубек қазан айының үздігі атанды.

Солдат Бодаубек қазан айында ерекше белсенділігімен көзге түсті. Бұл айда мешіттің уағыз-насихат жұмыстарына ерекше көңіл бөлінді. Мешітте уағыз-насихат жұмыстары ҚМДБ тарапынан дайындалып берілген жоспар бойынша өтеді.

«5 намаздың уақыт кестесі мешітімізде бұрынғы электрондық дәлдестіру бағдарламасы бойынша халыққа таратылып келген болатын. Қазан айынан бастап намаз уақыттары «Сәжде.кз» бағдарламасы негізінде өзгертіліп, таратыла бастады», – дейді Солдат Бодаубек.

Сонымен қатар, қазан айында Майқайыңда Жаназа үстінде Құран оқу тоқтатылды.

«Жаназа үстінде Құран оқу Майқайыңда осы уақытқа дейін жалғасып келген болатын. Бұл жолы Жаназада Құран оқуға қатысты Павлодар облысының бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлының ескертуін халыққа жеткіздік. Бір де бір адам қарсылық көрсетпеді. Осылайша, Жаназа үстінде Құран оқу тоқтатылды», – дейді ауыл имамы.

Өткен айда үш рет «Ихсан» тақырыбында, екі рет «Жат ағымның кесірі» тақырыбында мешіт асханасында, «Асылтас», «Дударай» мейрамханаларында өткен жабдықтарда уағыз айтылған. Намаз оқитын әйелдер жуырда ғана қажылық парыз өтеп келген Қабылова Роза апаймен жүздесіп, сұхбаттасты.  

«Мәуліт айының құрметіне әйелдер арасында «Сүннет жолы – үмбет жолы» атты Пайғамбар (с.ғ.с.) өмір жолын жатқа айту сайысы ұйымдастырылды. Сондай-ақ мешіт ұжымы Мәдениет үйінде, мектептерде және әкімшілікте өткен Қарттар айлығына ерекше атсалысты», – дейді Солдат Бодаубек.

Оқу-ағарту жұмыстары қазан айында да ойдағыдай жалғасын тапқан. Күндіз және кешке ерлерге наиб имам Бірлік Оспанов, қыздар мен әйелдерге Айгүл Мұхит дәрістер өткізуде. Аталған мешіт қызметкерлері қыркүйек айындағы ҚМДБ білім сараптамасында жақсы баға алғанын атап өткен жөн.

«Жазғы лагерден бері 2-сыныптың екі баласы 20 сүре жаттап үлгерді. Оларға ынталандыру сыйлықтары берілді. Зұлхиджа айында Майқайыңнан 6 адам қажылық парызын өтеп келсе, тағы бір апайымыз Гүлзайра Мұханова умра қажылығын өтеуге дайындалуда. Ол кісі мешітке келіп, дұғалар жаттап, намаз оқуды үйрену үстінде», – дейді Майқайың мешітінің имамы.

Біраз жыл бұрын Майқайың теріс ағымдарға еліктеушілердің көптігімен (50 адамдай) көзге түссе, қазір ондай азаматтардың саны айтарлықтай азайды. Олардың біразы дәстүрлі дінімізге ойысса, біразы ауылдан көшіп кеткен.

«Қазан айында екі рет мейрамханаларда жат ағымның кесірі туралы уағыз айтылды. Сонымен қатар, бір азаматпен тікелей сұхбат болды», – дейді ол.

Мешіт күннің салқындауына байланысты аз қамтамсыз етілген отбасылардың оқушыларына көмек жасауды жалғастыруда. Жуырда Үшқұлын ауылы орта мектебінің 4 оқушысы қысқы жылы, қымбат, сапалы күртешелермен қамтамасыз етілді.

«Мешіттің алқа мүшелерінің бастамасы және ұйғарымымен, жалғызбасты ананың пәтерінің шатырын жөндеуге көмек жасалды. 10 отбасыға картоп таратылды. Мешіт ауласында 3 рет қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылып, жәрмеңкеден түскен 30 мың теңге «Зекет» қорына аударылса, 20 мың теңге жергілікті отбасыларға көмекке қалдырылды», – дейді мешіт имамы.

Мешіттің шаруашылық жұмыстары да ойдағыдай өрілуде. Мешітте сенбілік шарасы үзбей өткізіліп тұрады.

«Жазда мешіттің 100 метрден астам жылу, су құбыры жаңартылған болатын. Соның 60 метрі аулада болатын өзгерістерге байланысты кесіліп алынып, басқа бағытпен қайтадан тартылды. Мешіт орталық жылу жүйесіне толық қосылды, құбырлар жылы материалдармен оралды, мешіт ғимараты қысқа дайын. Мешіт асханасы ғимаратының жылу, су жүйесіне ағымдағы жөндеулер жасалды, орталық жылу жүйесіне қосылған. Асхана да қысқа дайын. Мешітке, асханаға жылу, су мәселесі бойынша «Майқайыңалтын» мекемесі демеушілік етпек. Жазда мешіт намазхандарының жинаған қаржысына 4 үлкен пластик терезе қойылған болатын. Қазіргі сәтте қалған кіші терезелердің құрсаулары жасалынды, шынылары кесіліп жатыр. Аяз түскенге дейін терезелерді айырбастаймыз. Жаңадан мешіт қоймасы жасалып, жарық тартылып, заттар мен саймандар кіргізілді. Бұрынғы қойманы дәрет алатын орынға айналдыру жоспарлануда», – деді имам.

Қазан айының басында Майқайың мешітінің бас имамы Солдат Бодаубек Баянауыл ауданы әкімінің қабылдауында болғанын атап өткен жөн.

Солдат Бодаубекке «Ай имамы» сертификаты мен ақшалай сыйлықты Баянауыл ауданының бас имамы Саян Кожин табыс етті. «Ай имамы» атанған Солдат Бодаубекке Алла жолында атқарып жатқан жұмыстары үшін алғысымызды білдіріп, ісіне береке тілейміз.

Еске сала кетейік, «Ай имамы» байқауы әр ай сайын жалғасады. Аудан, қала, ауыл мешіттерінің имамдарын, наиб имамдарын, ұстаздарын, азаншыларын, жалпы дін қызметкерлерін аталған байқауға белсене қатысуға шақырамыз.

«Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің баспасөз қызметі

0 пікір