Семинарда «Ислам және отбасы» тақырыбы талқылануда (ФОТО)
Семинарда  «Ислам және отбасы» тақырыбы талқылануда (ФОТО)
19.04.2018 17:14
2440
0

Отбасы қарым- қатынастарының тұтас қоғамға әсер етеді. Егер отбасы тату болса, қоғамда да тұрақтылық орнайды. Отбасында ынтымақ болса, қоғамда да бірлік пен тыныштық салтанат құрады. Отбасы мәселесі сол қоғамға айырықша әсер етеді.

 Осыған орай, ҚМДБ-ның Павлодар облысы өкілдігі ұйымдастырған «21-ғасырдың үздік зияткер имамы» семинары аясында  «Ислам және отбасы» тақырыбы  кеінен талқылануда. Семинарға  қала мешіттерінің әйел ұстаздары, «Әйелдер-қыздар секторының»  белсенділері және  сауат ашу курсының әйел шәкірттері, кейбір қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.   

 Дінтанушы, ғалым Сансызбай Құрбанұлы: 

«Ислам дінінде отбасы бірлігіне айырықша маңыз берген. Отбасы- исламда баға жетпес құндылықтар ретінде әспеттеледі. Қоғам отбасыдан басталатындығын ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с) жете түсініп, тұтас қоғамды таза ұстаудың бірден-бір кепілі-отбасы тәрбиесі мен жанұя құндылықтарында екендігіне маңыз берген. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ер кісі отбасының бақташысы, Сондықтан ол қол астындағыларға жауапты» десе, сонымен қатар тағылым тұнбасы-хадисінде : «Әйел өз үйі мен балаларының бақташысы, сол үшін жауапты» деп, әйелді отбасы берекесінің ұйтқысы, ұйыстырушысы ретінде белгілеген.  Қазақта: «Отан отбасынан басталады», «Өз үйім-өлең төсегім», «Екі жақсы қосылса аймен күндей» «Үйде береке болса, дастарханда берекет болады»  деген ұлағатты сөздер бар.Мұнда отбасы құндылықтары мен үлкенді сыйлау, береке мен ынтымақ мәселесіне зор баға берілген. Қазақ халқында ислам дінімен ұштасқан, тамаша қалыптасқан отбасылық тәрбиенің озық үлгісі бар. Тәрбиенің бұл тамаша озық үлгісі ғасырлар сынынан өткен, ұлағат пен өнеге сіңген зор тағылымдардың құндылығының жиынтығы деуге болады. Отбасы бірлігі бекем болса болашағымыз да баянды, ұрпақ тәрбиесі де ұлағатқа толы  болмақ»,-деді өз баяндамасында.

«Ислам және отбасы» тақырыбындағы семинардың мәні мен мазмұны туралы өкіл имам Жолдас Қоспақұлы:

«Биыл  Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың төрағалығымен өткен кезекті хаттамалық жиналыста биылғы жылды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қызметі аясында «Ислам және отбасы» жылы деп атау туралы ұсыныс бірауыздан бекітілген еді.  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2013-2015 жылдар аралығын «Дін мен дәстүр сабақтастығы» жылы деп жариялап, осы мерзім ішінде салт-дәстүріміз бен асыл дініміз кеңінен насихатталды. 2016 – «Дін және тарих тағылымы» жылы деп жарияланып, тағылымға толы тарихымыз туралы бірнеше зерттеу мақалалар жарияланып, кітаптар жарық көрді, конференциялар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Ал биылғы 2018 – «Ислам және отбасы жылы» аясында «Неке және отбасы», «Жанұя жарасымы», «Ер мен әйелдің міндеттері», «Талақ айтудың әдебі», «Азаматтық некенің зардабы», «Қызтекелік – жаман қасиет», «Өзін-өзі өлтіру – тығырықтан шығар жол емес», «Қазақтың таным-түсінігі бойынша отбасы құндылықтары», «Жанұядағы әкенің рөлі», «Бала тәрбиесіндегі ананың рөлі», «Ойнастық жасау – отпен ойнау», «Бала тәрбиесінің мұсылмандық бастаулары», т.б. тақырыптар бойынша арнайы іс-шаралар өтеді. Отбасы мәселелеріне арналған арнайы тренингтер мен семинарлар ұйымдастырылады. Мешіт жанынан «Отбасы мәселелері бойынша кеңес беру орталығын» ашудамыз»,-деді өңірлік БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

«Мәшһүр Жүсіп» мешітінің баспасөз қызметі

0 пікір