Ресейде «қауіпсіз селфи» пәні оқытылмақ
Ресейде «қауіпсіз селфи» пәні оқытылмақ
08.06.2015 11:42
1390
0

Ресей мектептерінде қауіпсіз селфи факультативтерін енгізу ұсынылды. «Қауіпсіздік үшін» қоғамдық ұйымы осы мақсатта РФ Білім және ғылым министрлігінен ресми түрде рұқсат сұрады, деп жазады «Известия» газеті.

 Бастамашылар өз еріктерімен мұндай пәндерді 2015 жылдың 1 қыркүйегінен бастап өткізуге дайын. Министрліктің көмегімен бірте-бірте олар бұл тәжірибені жаппай мемлекеттік ауқымда өткізуді көздеп отыр.

«Біздің сарапшылар бастапқы оқу бағдарламасын әзірлеп қойды», - делінген қоғамдық белсенділердің таратқан хабарламасында. Болжам бойынша, тақырыптық пәндерді өткізу үшін оған психологтар, полиция қызметкерлері мен кәсіби фотографтар тартылмақ. Сарапшылар селфи жасаудың қауіпсіз әдістеріне үйретіп, сондай-ақ өз-өзін суретке түсіруге деген құштарлық дертке айналып бара жатқан жағдайда не істеу керектігі туралы кеңес беретін болады.

Соңғы уақыттары, тек Ресейде емес, жалпы әлем бойынша белең алған селфи жасауға деген құштарлық қаншама қайғылы жағдайдың себебіне айналды. Бір қыз пойыздың үстінде селфи жасаймын деп тоққа түсіп қалса, бір жігіт тау жиегінде экстрималды суретке түсемін деп төмен құлап өлді. Тағы бір оқушы осындай себептермен бетон плитаның астында қалып көз жұмды. Ал селфи жасаймын деп өз-өзін атып алған жас қыздың айналасындағы шу әлі басылып үлгерген жоқ.

0 пікір