ҚМДБ ҚАДІР ТҮНІНДЕ ОНЛАЙН БАҒДАРЛАМА ҰСЫНАДЫ
ҚМДБ ҚАДІР ТҮНІНДЕ ОНЛАЙН БАҒДАРЛАМА ҰСЫНАДЫ
19.05.2020 17:04
515
0

Бүгін – Қадір түні. Қасиетті түннің құрметіне орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Хикмет» студиясы және Діни басқарманың youtube каналы арқылы 00:30-дан 02:40-қа дейін «Мың айдан да қайырлы Қадір түні» атты онлайн бағдарлама ұсынады.

Тікелей эфир ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Қадір түніне арналған құттықтау сөзімен ашылады. Одан әрі Мырзатай Жолдасбеков, Ғарифолла Есім, Бақытжан Ертаев т.б ел ағалары мерекелік лебізін білдіреді.

Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде 24 сәуірде басталған  «Рамазандағы Құран хатым» атты онлайн хатым оқу («Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы) шарасы түйінделіп, Құран хатым дұғасы жасалады. «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов «Құлшылық жасаудағы ықылас-ниеттің орны», ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров «Зікір, салауат және тасбих айтудың артықшылығы», ҚМДБ Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбеков «Ислам – мейірім діні» тақырыптарында уағыз-насихат айтады.

Онлайн бағдарлама барысында ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрсақов көрермендер тарапынан қойылған дін тақырыбындағы сұрақтарға жауап берсе, ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің маманы Хамзат Әділбеков тікелей эфирде викториналық сұрақ жолдайды. Сондай-ақ «Қадір түніндегі құлшылық», «Қадір түнінің дұғасы» бейнероликтері көрсетіледі. Бағдарламалардың ойдағыдай өтуін «Хикмет» студиясының тілшісі Еркін Шәкір қадағалайды.

Айта кетейік, Қадір түні еліміздің кейбір телеарналары мен радиолары да хабар арнайды. «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы қасиетті түнде 22:00-ден бастап таңсәріге дейін тікелей хабар таратса, Qazaq radiosy 18:10-нан бастап арнайы шығарылым ұсынады.

 
0 пікір