ҚМДБ-ның Баспасөз хатшысы Павлодар имамдарына семинар өткізді (ФОТО)
ҚМДБ-ның Баспасөз хатшысы Павлодар имамдарына семинар өткізді (ФОТО)
05.11.2019 17:50
929
0

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Баспасөз хатшысы, белгілі журналист Ағабек Қонарбайұлы Павлодар облысындағы аудан, қала имамдарына семинар өткізді. Семинар «Әлеуметтік желімен жұмыс және мақала жазу әдептері» тақырыбына арналды.

Ағабек Қонарбайұлы имамдармен әлеуметтік желіде отыру, жазба қалдыру тәртібі туралы әңгіме өрбітті.

– Бүгінде әлеуметтік желі әрбір адамның айнасына айналды. Сондықтан, оған ерекше мән берген жөн. Себебі, көпшілік Сіз бен бізді желілердегі жазбаларымызға қарап бағалайды. Мұнда көр-жерді әңгіме қылып, жұртқа пайдасы жоқ дүниені жариялаудың қажеті жоқ. Әсіресе, имамдар ұлағатты, тәлімді дүниелерді насихаттауы керек, – деді Ағабек Қонарбайұлы.

Сондай-ақ ол мақала жазу әдептеріне тоқталды.

– Жазу өміріміздің бір бөлшегіне айналып кетті. Қаласақ та, қаламасақ да осыған келдік. Мәселен, Сіздер, имамдар, жоқ дегенде хат, мақала жазасыздар. Сондықтан жазу машығын жақсылап меңгерген дұрыс, – деді ҚМДБ-ның Баспасөз хатшысы.

Ағабек Қоңарбайұлы жазу машығын қалыптастыратын, оны одан әрі дамытатын әдіс-тәсілдерді түсіндіріп берді.

Елордалық мейман имамдарға журналистермен бірлесе жұмыс істеу тәртібін де кеңінен әңгімеледі.

Сондай-ақ жуырда ғана жарыққа шыққан ҚМДБ-ның төл басылымы – «Мұнара» газеті туралы әңгімелеп, имамдарды бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс орнатуға шақырды.

Семинарға қатысқан имамдар ҚМДБ-ның Баспасөз хатшысына өздерін толғандырған сұрақтарын жолдап, жауап ала алды.

Сонымен қатар, қатысушыларға семинардың тақырыбын аша түсетін бейнероликтер көрсетілді.  

«Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің баспасөз қызметі

0 пікір