ҚАЖЫЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫ АУЫЗАШАР БЕРДІ
ҚАЖЫЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫ АУЫЗАШАР БЕРДІ
09.05.2019 16:38
490
0

Рамазан айының 3-күні орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінде Павлодар қалалық қажылар қауымдастығы 500-ге жуық адамға ауызашар жасады.

«Бүгінгі ауызашарға қажылық парызын өтеген  ата-апалар, басқа да әлеуметтік топтағы адамдар, жастар өкілдері де түгелдей қамтылды. Ауызашар  ораза тұтушылардың құрметіне, сонымен қатар Қазақстан қажылар қауымдастығы орнауының   15 жылдық мерекесі құрметіне орайластырылды. Сондықтан да  соңғы бірнеше жыл бойы қажылар қауымдастығы тарапынан ұйымдастырып келген әртүрлі мәдени-иләһи іс-шараларға белсенді  атсалысып жүретін қажыларды   «Қажылар қауымдастығына-15 жыл» төсбелгісімен  және алғыс хаттармен марапаттадық»,-дейді қалалық қажылар қауымдастығының төрайымы Рымтай қажы Сапарбекқызы.

Ауызашарда қалалық «Ақмешіт» мешітінің бас имамы Нұрлан Евфратұлы жиналған қауымға тәлімді уағыз айтса,  мешіт шәкірттері болған жас қарилер бабалар рухына Құран бағыштады. Сонымен қатар қаланың құрметті ақсақалдары, ата-апалар өз лебіздерін білдіріп, жиналған қауымды қасиетті Рамазан айының келуімен құттықтап, парыз болған оразаны шариғатқа сай тұту, ниетті түзеу, тарауых намазын оқу, Алланың көрсеткен адал жолымен өмір сүруге қатысты ақыл-кеңестерін қоса айтты.

Дастархан басында көп жылдар бойы қалалық  қажылар қауымдастығы төрайымы міндетін абыроймен атқарып, талай игі істерге бастамашы болған ұлағатты ұстаз Рымтай Сапарбекқызына да қажылар қауымы өз сый-сияпаттарын ұсынды.

Берекелі дастарханның соңында  имамдар ата-бабалар рухына Құран бағыштап, аталар ел-жерімізге тыныштық, халқымызға береке тілеп бата қайырды.

 

 Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

 

0 пікір