Павлодарлық жамағат Мәулітте алты баланың анасына екі бөлмелі пәтер сыйлады
Павлодарлық жамағат Мәулітте алты баланың анасына екі бөлмелі пәтер сыйлады
17.12.2018 23:14
2789
0

 

Биылғы қазан айынан бастап Павлодар  және Ақсу, Екібастұз қалалық мешіттерінің жамағаты арасына жүргізілген «Ел үлесі-пәтерге!» науқаны арқылы жиналған қаражатқа Павлодар қаласынан 2 бөлмелі пәтер алынып, жөндеулер жүргізіліп, ішкі жиһаз, қажетті электронды бұйымдармен қанымдалған   пәтердің кілті  балиғатқа толмаған  алты баланың анасы,  жалғызбасты ана  Мұхамеджанова Саягүл Сәбитқызының  отбасына табыс етілді.

17 желтоқсан күні Павлодар облысы, орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің ұйымдастырумен Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында «Адамзаттың ардақтысы – Мұхаммед(с.ғ.с)» тақырыбында  мәуліт рухани мерекесі аталып өтті. Мерекелік шараға облысқа қарасты барлық қала, аудан  имамдары, қала басшылары, зиялы қауым өкілдері, аталар-әжелер, студенттер, жастар  қатысты. Қалалық мәдениет сарайында ине шаншар орын қалмады.  Әуелі әуезді азан шақырылып,  Алланың аяттары оқылды.

Мәдени кеште  өңірімізге танымал ақын Қуаныш Шарманов бастаған өнерлі жастардың ұйымдастыруымен Алла Елшісі (с.ғ.с) -не салауаттар айтылып, мәуліт оқылды, иләһи ән, термелер  орындалды, арнайы дайындалған сахналық қойылымдар қойылды. Экранмен бейнелі хадистер айтылып, Жаратушыға, Оның Елшісі(с.ғ.с)-не арналған поэзиялық шеру ұйымдастырылды.

 ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі, ғалым-ұстаз Сансызбай Құрбанұлы халықты мәуліт мерекесімен құттықтап, Пайғабарымыз(с.ғ.с)-дың өнегелі өмірінен уағыз айтып, тарихтан сыр шертсе, келесіде танымал ғалым Омар Жәлел сөзін әсерлі уағызбен жалғап  Алла Елшісінің өнегелі өмірін еске түсіріп,  көркем мінезді болудың хикметін толғады. Осы мерекеде қала, аудан, ауыл имамдары арасына жарияланған «Үздік имам» бәйгесі қорытындыланып, ауыл имамдары арасынан «Кенжебай» мешітінің имамы Нұртаза Алдияр Нұрланұлы, аудан имамдары арасынан«Мұса мырза» мешітінің бас имамы Кожин Саян  Арыстанұлы, қала имамдары ортасынан  «Әбу Бәкір Сыддық» мешітінің бас имамы Әкімбеков Біржан Бақытұлы «Үздік имам» марапаты, төсбелгі, умра қажылыққа жолдаманы қанжығаларына байлады. Сонымен қатар шара барысында «Әйел-қыздар секторының» ұйымдастыруымен мәдениет сарайының кең дәлізінде қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылып түскен қаржы мұқтаж жандарға табысталды.

Мерекелік шара өңірлік БАҚ арқылы толық насихатталды. 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

 

 

 

 

 

 

 

 

0 пікір