Павлодардағы Құрбан Айт мерекесі
Павлодардағы Құрбан Айт мерекесі
11.08.2019 12:11
607
0

Павлодардағы Құрбан Айт мерекесі

Айт намазы Павлодар облысы бойынша барлық мешіттерде таңғы сағат 07.00 –де жүрілді. Павлодар қаласы жұртшылығы таң атысымен орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітіне лық толып, өкіл имам Жолдас Қоспақұлының қазақ  және орыс тілінде айтқан уағызын тыңдады. Құрбан айт намазында бас имам Бертымұратов Жолдас  Аллаға шүкірлік айтып, такбирмен Алланы ұлықтап, еліміздің амандығын, тәуелсіздігіміздің тыныштығын тілеп, дұға етумен аяқтады.

Айт намазына облыс әкімі Болат Бакауов  бастаған лауазымды тұлғалар түгелдей дерлік келіп қатысты.

Павлодарлық мұсылман қауымы келесі кезекте қала шетіндегі «Құлагер» атшабары маңына арнайы жасалған Құрбан шалатын орынға ағылып жатты. Ондағы құрбан шалуға қажетті барлық дайындықтар толық жасалып, реттелген арнайы орында  Алла разылығы үшін құрбан шала бастады.

Айт мерекесінің алғашқы күні  өңірлік барлық БАҚ-тардан хабар таратылды. Онда имамдар сұхбат беріп, құрбан шалудың үкімдері мен дәлелдері, құрбан шалудың тәртіптері, құрбандықты өкілдік беріп шалдыру мәселесі, қайыр-садақа, шектік беру мәселесі т.б көптеген сауалдарға тоқталып, көрермендерден қойылған сұрақтарға кең көлемде жауап беріп жатты.

Сонымен қатар, Құрбан Айт мерекесінің алғашқы күні күндіз сағат 14.00-18.00 аралығында Қазақстан Халқы Ассамблеясы атындағы қалалық саябақ алаңына қала халқы мен балалар, жастарға арналып арнайы бағдарлама бойынша  мәдени- рухани- спорттық шаралар ұйымдастырылды. Шараға қала халқы мол жиналып Құран жарысы, көңілді старт, гир көтеру, қол күресі, арқан тарту, қазақ күресі, сұрақ-жауап, иләһи өлең-жырлар оқылды. Балаларға арналған түрлі аттракциондар жеңілдікпен қызмет көрсетті. Сағат түскі 16.00 шамасында мерекелік ас-дастархан жайылып, жиналған халық түгелдей  25 қазан палау, нан-бауырсақ, тәтті-кәмпит, сусындардан дәм татты.

Мүбәрак мейрамның құрметі үшін барша жамағатқа,  иманды азаматтарға мүгедектер, жетімдер мен жесірлер, әсіресе қараусыз қалған ата-аналарға қайырымдылық жасалады. Осылайша Павлодар өңірінде  халқымыздың сан ғасырдан бергі саналы ғұмырында рухани тірек болған асыл дініміздегі айтулы мереке – Құрбан айт мейрамы ерекше белгіленіп өтуде.

Алла Тағала дұға-тілектеріміз бен ізгі амалдарымызды және шалған құрбандықтарымызды қабыл етіп, отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық, жұмыстарыңызға береке тілейміз, исі мұсылман жамағат!

 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

 

0 пікір