ПАВЛОДАРДАҒЫ ОРАЗА АЙТ МЕРЕКЕСІ
ПАВЛОДАРДАҒЫ ОРАЗА АЙТ МЕРЕКЕСІ
05.06.2019 17:13
692
0

Ұлық мейрам-Ораза Айттың алғашқы күні орталық  «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің кең ауласында қалалық «Ақмешіт», «Ғазиз», «Әбу Бәкір Сыддық», «Бижан», «Ар-Рахман», «Умар әл-фаруқ» мешіттері бірлесіп   ұйымдастырған  «Ораза Айт-берекелі мереке» атты  мәдени-рухани-спорттық шаралар сағат 14.00- 18.00-ге дейін жалғасты.

Бұл аста-төк ерекше мерекелік шараға  шамамен 10 мыңға жуық қала тұрғындары, балалар, жас өспірімдер, бүлдіршіндер келіп тамашалап, белсене қатысты. Балаларға арналып жеңілдетілген бағамен түрлі тәтті-дәмділер сатылатын киоскілер де өз орындарын тапты.  Бірнеше жерге  сәнді де үлкен тегін  батуттар орнатылып, Алтыбақан және спорттық ойын құрылғылары орнатылды.

Өкіл имам Жолдас Қоспақұлы халықты Ораза Айт мерекесімен құттықтады. Ол өз сөзінде жиылған жамағатқа отыз күн оразадан кейін сүйіншілеп келген Ораза Айт мерекесіне аман-есен жеткен мұсылман қауымына отбастарына  амандық, ел іргесі берік, Тәуелсіз Қазақ елінің өркендеп өсуіне Жаратқаннан тілеген дұғаларыңыз қабыл, ынтымақ пен береке бастауы болған Ораза Айт құтты болсын! – деп, тілегін арнады. Бұл мереке біз үшін айтулы мейрамдардың бірі және ізгілік пен бақыттың мерекесі екенін тілге тиек етіп, келер жылы да ораза айтта аман-есен қауышуды Алладан тіледі.

Өкіл имам өзінің ақжарма тілектерінен соң,  мешіттің ұйымдастыруымен өтетін мерекелік іс-шараның бағдарламасымен таныстырып, барша жамағатты мешіт алаңына шақырды.

Жастар арасына  дәстүрлі қазақ күресі, арқан тарту, қол күрестіру, гир көтеру қатарлы спорттық ойын-шаралары ұйымдастырылса, жасөспірімдер мен балдырғандар арасына мешіт ұстаздары Құран жарысы, көңілді старт, викторина, өлең-тақпақтар мәнерлеп оқу, тоғызқұмалақ  қатарлы  әртүрлі ұлттық ойындармен қатар иләһи ән-күй бәсекелерін қыздырды. Дәстүрлі «Қайырымдылық жәрмеңкесі» де бұл бәсекеден қалған жоқ.

Керекулік тұрғындар мен қала қонақтары айтулы мерекеде мешіт алаңында өткен түрлі ойындардың куәсі болып, әртүрлі ойын-сауық,  бағдарламалардың  көрермені болды. Облысымыздың белгілі әнші-күйші өнерпаздары өз өнерлерін бұқараға паш етіп, ән мен жырдан шашу шашты.

Аламанда оза шапқан команда мен  жеке жеңімпаздарға арнайы сый-сияпат жасалып, марапаттар табыс етілсе, әрбір  іс-шараға қатысқан барлық бүлдіршіндерге арнап алған 1 миллион  теңгенің ойыншықтары мен сыйлық кітаптары  үлестірілді.

Осы орайда, айт мерекесімен құттықтау үшін қаладағы «Самал» сауықтыру орталығында тәрбиеленіп жатқан   20 бала  арнайы дайындалған дастарханнан дәм татып, жеке сый-сияпаттарға кенелсе,  «Қолдан қолға!» акциясы аясында  қайырымдылық қызметі де демеушілер арқылы 30 отбасына азық-түлікпен көмек берді.

Шара барысында  «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің ауласында  24  үлкен қазанға (әр қазанға 70-80 мың теңге көлемінде ет, күріш, сәбіз, пияз, тұз, май т.с.с  қаржы жұмсалды) Айт мерекесіне орай арнайы басылған дәмді палау,  1000 литр минералды су және  1500 дана  тандыр наннан жиналған қауым мешіт ауласындағы дайындалған үстелдер мен  көгалға жайылған кілемдер үстіне отырып  түгелдей дәм татып,  «Ораза қабыл болсын!», «Айт құтты болсын!» деп бірін-бірі құттықтап, мәре-сәре болып ерекше қуанышқа бөленді.

Бұл шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылып  өтуіне жас жамағат арасынан жасақталған «Еріктілер тобы» ерекше үлес қосты.

Осылайша Ораза айт мерекесінің бірінші күні өңірімізде аса нәтижелі өтіп, қазақтың ұлттық киімдерін киген мешіт қызметкерлері барша келген халыққа жіті көңіл бөліп, мерекелік қуаныш сыйлады. Халық дән риза болды. 

 

 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

 

0 пікір