Павлодарда қыз-келіншектер арасында Құран сайысы өтті
Павлодарда қыз-келіншектер арасында Құран сайысы өтті
28.10.2019 10:22
1519
0

27 қазан күні «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінде қыз-келіншектерге арналған сауат ашу курстарының шәкірттері арасында Құран сайысы өтті. Шараны мешіттің Әйел-қыздар секторы ұйымдастырды.

Павлодар қаласында қыз-келіншектер арасында Құран жаттау және оқу сайысы жыл сайын өткізіліп келеді. Биылғы жарыстың басты ерекшелігі – қатысушылар Құранды қазақша мағынасымен бірге жаттауы керек. Қатысушылар «Ясин», «Мүлік» сүрелерін және 22 сүрені жатқа айту аталымдары бойынша сынға түсті.  

Барлық аталым қатысушыларына бір ғана шарт қойылды. Ол – Құран сүрелерін тажуид ережелеріне сай махрежбен дұрыс және жатқа оқу. Сонымен қатар, жаттаған сүрелердің қазақша мағынасын да айтып беруі керек. Сайысқа қала мешіттерінің 16 жастан асқан шәкірттері қатысты. Араларында зейнет жасындағы әжелер де болды.

Сайыстың ашылуына Павлодар облысының бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы қатысып, Құран жаттаудың маңызы туралы уағыз айтып,  қатысушыларға сәттілік тіледі.

Бұдан кейін «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің «Әйел-қыздар» секторының меңгерушісі, ұстаз Ақерке Тұрғынбай жиналғандарға сайыс  шарттарын түсіндіріп, қазылар алқасымен таныстырды.

– Құран – адам баласын екі дүниеде бақытқа жеткізетін темірқазық. Құранды оқып, амал еткен сайын адам кемелдене түседі және арамдықтан  алыстатып, рухани тұрғыдан тазаланады. Алла Елшісінің хадистерінде Құран оқу адамды бүкіл болмысымен ізгілікке бет бұрғызатын айтқан. Бір хадисінде: «Егер Құран оқитын мұсылманның ішкі дүниесіне үңіліп қарасаң, оның тап-таза екенін көресің, егер де жүріс-тұрысына қарасаң, оның көркем мінез-құлықты, биязы екенін көресің» делінген, – деді Ақерке Тұрғынбай.

Қазылар алқасының құрамында «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің ұстаздары Ақерке Тұрғынбай, Нұрилә Тілеуова, Жадыра Бердімұратова және Бижан мешітінің ұстазы Айдана Әбдімәжітқызы болды.

Сайыс қорытындысы бойынша «Ясин сүресін жаттау» аталымында  бірінші орынды «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің шәкірті Жамал Сәрсембаева жеңіп алды. Екінші орынды Бижан мешітінің шәкірті Алмагүл Мерканова иеленді.

«Мүлік сүресін жаттау» бойынша Бижан мешітінің шәкірті Ұмсынған Тұрғанбекова жеңіске жетті. Екінші орын «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің шәкірті Жадыра Нұрманға бұйырды. Үшінші  орынды «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің шәкірті Айгүл Ақжолова еншіледі.

«22 сүре жаттау» аталымы бойынша жүлделі орындарды «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің шәкірттері иеленді. Атап айтқанда, Диана Қазымбаева бірінші орынды, екінші орынды Алмагүл Арстамханқызы, үшінші орынды Бақытжан Тілеубаева қанжығаға байлады.

Барлық қатысушылар арнайы сертификатпен марапатталып, ақшалай сыйлықтар берілді. Сайысты тамашалауға келген көрермендер арасында викториналық сайыс ұйымдастырылып, дұрыс жауап бергендерге сыйлықтар  үлестірілді.

«Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің баспасөз қызметі

0 пікір