ПАВЛОДАРДА ӨТКЕН «МӘШҺҮР ЖҮСІП ОҚУЛАРЫ»
ПАВЛОДАРДА ӨТКЕН  «МӘШҺҮР ЖҮСІП ОҚУЛАРЫ»
08.10.2019 14:00
567
0

Павлодар қаласы Естай атындағы мәдениет сарайында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, «Мәшһүртану» орталығы және «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің бірлесіп ұйымдастыруымен дәстүрлі «Мәшһүр Жүсіп оқулары»  болып өтті.  Сайыста жас өнерпаздар Мәшһүр ақынның өлеңдерін жатқа айтып, философ Мәшһүрдің дана сөздерін, парасатты пайымдарын ақыл таразысына тарта отырып қайта бір жаңғыртты.

 Тоғызыншы мәрте ұйымдастырылған бұл шара екі күн бойы өнер думаны ретінде әуелі Павлодар қаласында, артынан Мәшһүр Жүсіптің кесенесі орналасқан Ескелдіде жалғасты.

Шараға негізінен қаланың жоғары оқу орындарының студенттері, мектеп мұғалімдері мен оқушылары, яғни шығармашылық қабілеті бар жастар қатысып білім қабілеттерін  сынады.

1-кезеңде қатысушылар «Жырсандықтан» іліккен Мәшһүр Жүсіптің 5 өлеңінің кез келгенін жатқа оқыса, 2-кезеңде М.Ж. Көпейұлы және ислам әлемі» тақырыбындағы діни шығармаларын мәнерлеп айтып берді. Ал викторинада Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өмірі мен шығармашылығына арналған сұрақтарға жауап берді.

Сонымен қатар конкурстың сарапшылары үміткерлер өнерін бағалау кезінде олардың көркем мәтінді оқу шеберлігіне, дауыс мәнеріне, сахнада өзін-өзі ұстауына, киім киісіне, сәніне және орындаушылық қабілет-қарымына аса назар аударды. Қазылар алқасында С.Торайғыров атындағы ПМУ профессоры, ф.ғ.к.  Мәшһүртану ҒП орталығының директоры Ертай Жүсіпов,С.Торайғыров атындағы ПМУ профессоры, ф.ғ.к., Серік Елікбаев, «Мазһаб.кз» діни-танымдық порталының бас редакторы, ф.ғ.к. Амантай Тойшыбайұлы болды.

Конкурс қорытындысы бойынша І орынға – № 36 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Айымгүл Какымова, ІІ орынға – № 21 мектептің 11 сынып оқушысы Жәмила Жұмабекова, ІІІ орынға ИнЕУ жоғары колледжінің 4 курс студенті Шынар Мәженова ие болды.

Сонымен бірге конкурстың «Жас талап» аталымы – № 5 мектептің бастауыш сыныптар мұғалімі Лена Бодауханға, ал «Дүлдүл» аталымы                            Ы.Алтынсарин атындағы гимназия-интернатының 11 сынып оқушысы Әли Айтымге бұйырды. Ал Мәшһүр Жүсіп атындағы арнайы сыйлықты ұстаз Артықбаева Ақмарал жеңіп алды. Конкурс жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Конкурсқа қатысушылар ертеңінде Баянауыл ауданы Жаңажол ауылдық округінің Ескелді шатқалында орналасқан Мәшһүр Жүсіптің кесенесіне барып, ақын рухына тағзым етіп, құран бағыштап, ақынның мұражайында болды. Көзі тірісінде қолданған тұрмыстық заттарын тамашалады. Ақынның өз қолымен жазған қолжазба шығармаларымен танысты. Ақын ауылына бару жас мәшһүртанушылар үшін үлкен тәлім-тәрбие болып, ұрпақ сабақтастығы мен рухани байланысты күшейте түсті.

 

 

 

0 пікір